Аптаның алғашқы күні (4 қазан) НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Уашингтондағы сапарын бастады. Бұл сапарында ол АҚШ президентімен, оның қорғаныс кеңесшісімен, АҚШ қорғаныс министрімен және мемлекеттік хатшысымен кездесті. Осы кездесулердегі ең негізгі тақырып Қытайдың артып келе жатқан қауіп-қатері алдында НАТО-ның қалай әрекет етуі еді.
Уашингтондағы сапарынан бұрын Стролтенберг Қытай СІМ басшысы Уаң Имен онлайн-талқы өткізген болатын. Екеу арасындағы диалогта НАТО мен Қытай қатынасы туралы бірқатар мәселелер сөз болған. Қытай сыртқы істер министрі сөзінде НАТО-ға мүше кейбір елдердің Қытайға жақын теңіз айдындарында әскери кемелерін жібергенін айыптады және НАТО әуелгі географиялық аумағынан шықпауы керек» деген ойын айтқан. Бейжіңнің ресми ұстанымы саналған бұл пікір НАТО үшін аса маңызды болғаны сөзссіз.
Ал, АҚШ-қа жасаған бұл сапарында НАТО бас хатшысы Қытайдың қауіпсіздікке төндіретін қатерлері алдында ұйымның стратегиялық жоспарларын ең ықпалды мүше елмен бірге талқылап белгілеуді мақсат етті.
Ұйым жетекшісімен кездескен Құрама Штат лауазымдылары толықтай НАТО-ның қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңыздылығын жоғары бағалады. Былайша айтқанда Уашингтон президент Трамп кезіндегідей НАТО-дан теріс айналмайтыны анық болды. Соған қоса, Пентагонның қазіргі басшысы Остин АҚШ ұйымға инвестиция салуды жалғастыратынын да айтты, әрі ол НАТО үшін стратегиялық ой-жоспарларын жаңарту керектігін баса айтқан.
Сонымен, НАТО мен оның ең маңызды әрі қуатты әскери күшке ие мүшесінің лауазымды тұлғалары арасындағы кездесуден кейін НАТО-ның жаһандық әрекет ету стратегиясы жаңарады деп түсіне берсек те болады. Себебі, Кеңес одағы құлағаннан кейін НАТО көбіне Шығыс Еуропада белсенді болып, Мәскеудің әскери агрессиясына жауап беруге назар аударып келген. Алайда, Қытай сынды жаңа держава әлем сахнасына көтеріліп, аса маңызды стратегиялық жүрістер Үнді және Тынық мұхиты аймағына қарай ойысты. Қалыптасқан жағдай әлемдегі ең ірі қауіпсіздік ұйымын жаңа стратегия бекітуге мәжбүр етті.