Сүриядағы азамат соғысының басталғанына 10 жыл толды. «Араб көктемінің» толқынымен 2011 жылы наурызда сириялықтар демократияны талап етіп митингке шықты. Бірақ авторитарлық билеушінің қол астындағы мемлекет ең ірі соғыс ошағына айналды. Таяу Шығыстың басқа елдері, Ресей, Түркия және Батыс қатысқан қақтығыс қазіргі заманғы ірі гуманитарлық дағдарысқа әкелді. Қазір ұрыс алаңында бұрынғымен салыстырғанда біршама тыныштық орнаған, бірақ басты мәселе шешусіз қалды: Сүрияның Таяу Шығыстағы Солтүстік Кореяға айналуын кім және қалай тоқтата алады?

Сүриядағы азаматтық соғыстың алғашқы ұшқыны Иордания шекарасындағы Дера қаласында бас көтерген Асад билігіне қарсы наразылық шарасымен басталды. Күнтізбе бойынша, бұл 2011 жылдың 11 наурызына сәйкес келеді. Оппозиция 1962 жылы жарияланған төтенше жағдай режимін тоқтатып, президент Башар Асадтан қызметтен кетуді, Сирияда демократиялық өзгерістер жасауды талап еткен.

Асад режимі, Дера қаласындағы наразылық шараларын атыс қарулары арқылы ауыздықтауға тырысқан бойда, елдің барлық өңірінде қарсылық әрекеттері бой көрсетті. Наразылық шарасы әп-сәтте қарулы қақтығысқа айналды. Сүрия территориясында нағыз соғыс өрті тұтанды.

2012 жылдың жазында Сүрияның ең ірі қаласы әрі провинция орталығы Алеппода орын алған қақтығыс Сүриядағы азаматтық соғыстың шиеленіскен кезі болып саналады. Осы жылдың тамыз айында Асад режимі Шамға (Дамаск) жақын маңдағы Гутада химиялық жарылыс қолданып, шабуыл ұйымдастырды. Шам билігі бейбіт тұрғындарға қарсы зарин газын пайдаланып, күш көрсеткен еді.

Соғысқа дейінгі Сүрия. Алеппо қаласы. Фото: mignews.com.ua

Бұл оқиға дүниені дүр сілкіндіргенмен, бәрібір Батыстың Шам билігіне әскери тұрғыдан араласуы үшін жеткілікті емес еді. Жеті жыл бойы толастамаған азаматтық соғыстың ушыққан кездерінің бірі ретінде 2014 жылдың маусым айындағы оқиға аталады. ДАИШ террорлық ұйымы, Сүрия мен Ирактың солтүстігіндегі басып алынған аймақтарда «халифалық» жариялады.

Қазір ел ықпалды төрт аймаққа бөлінген. Асад Сүрия аумағының үштен екісін бақылайды, оның ішінде сегіз негізгі қала – Дамаск, Алеппо, Хомс, Хама, Латакия, Тартус, Дераа және Дейр-эз-Зор. Бұл аумақтарда соғыстан кейінгі Сүрияның 17 миллион тұрғындарынан шамамен 12 миллион адам тұрады. Тағы 7 миллионға жуық сириялық босқындар әлемнің басқа елдеріне босып кеткен. 2013 жылы Асадтың бақылауында елдің бестен бірі болған.

Қалғаны үш бөлік – солтүстік-шығыс АҚШ қолдайтын күрд коалициясының қолында. Яғни мұнда барлық табиғи ресурстардың 80%-ы шоғырланған. Солтүстік-батысты Түркиямен байланысты бүлікші топтар басқарады – Алепподан батысқа қарай орналасқан аумақ және Тель-Абьядтан Рас Эль-Айнаға дейінгі шекара бөлігі. Идлибте әлі де бүлікші күштер бар, олардың арасында «Әл-Каидамен» байланысты «Хайат Тахрир аш-Шам» тобының жиһадшылары бар.

Вашингтон институтының сарапшысы Фабрис Баланштың айтуынша, Асад шекараны толықтай дерлік бақыламайды. Шекараның тек 15%-ы Сирия армиясының бақылауында, қалғаны сыртқы саяси ойыншылардың қолында.

«Сүрияны жаулап алу туралы мерзімді мәлімдемелерге қарамастан, Дамаск шетелдік державалардың ойынына бағынышты. Тіпті Америка өз әскерлерлерін толығымен шығыстан шығарса да, Сүрия Астана процесі шеңберінде қақтығысты реттеуге тартылған елдердің – Ресей, Түркия және Иранның қолында қалады. Сондықтан Асадтың бұл мәселеде таңдауы жоқ», –дейді сарапшы.

Фото: REUTERS

Сүриядағы азаматтық соғыста Түркия да белсенділердің бірі болып саналады. Түркия 2016 жылдың 24 тамызында «Евфрат қалқаны» операциясын қолға алды. 7 ай, 5 күнге жалғасқан операция арқылы Сүрияның Джераблус, әл-Баб және Дабик қалалары бақылауға алынды. Шекарадағы Түркияға бағытталған зымыран қаупі жойылды.

Сүриядағы дағдарысты шешу үшін 2012 жылы Женевада кездесу ұйымдастырылды. 2016 жылы Түркия мен Ресейдің араласуымен Астана бейбіт келіссөзі басталды. Астана бейбіт келіссөзі арқылы Сүрияда Түркия, Ресей және Иран елдерінің кепілдік болуымен «даулы аймақтар» құрылды. Алайда, халықаралық басылымдар Астанада өткен Сүрия жанжалын реттеу келіссөзінің «нәтижесіз» болғанын жарыса жазды.

Сүриядағы соғыс бірнеше себептерге байланысты ұзақ мерзімге созылды. Бұл қақтығысқа халықаралық ойыншылардың қатысуы Сирияның ендігі тағдыры сириялықтардың емес, сыртқы күштердің қолында екенін көрсетті. Сарапшылардың пікірінше, Идлиб аумағындағы ез келген эскалация Ресей мен Түркияның өзара соғысына әкелуі мүмкін. Ал әзірге, дағдарыстан шығудың екі жолы бар – дипломатиялық жолмен шешу немесе ымыраластықпен қазіргі жағдайды тоқтату.

Қазір Сүрияның солтүстігінде, соның ішінде Идлибте шайқастардың қайта басталу қаупі жоғары. Сүрияның шығысында «Ислам мемлекеті» тобының содырлары әлі де бар. Оңтүстікте яғни Дераа және Кунейтра провинцияларында қарулы оппозиция мен Сүрия армиясы арасындағы ұрыс басылған жоқ.

2015 жылы 30 қыркүйекте Асадтың өтініші бойынша Ресей Сүрия президентінің жағына шығып, соғысына қатысты. Ресейдің мақсаты – жиһадшыларға қарсы күрес және Сүрия режимінің құлауына жол бермеу. Путин аймақтағы соңғы одақтастардың бірін құтқаруы керек еді, ал ол кеңестік принципін қолданып, әуе операцияларымен шектелді. Ресейдің соғысқа араласуы Асадтың пайдасына шешіліп, оған Алеппо мен басқа да маңызды қалаларда жеңуге көмектесті.

Ресейдің Сүрияда екі базасы бар – Хмеймимдегі әуе базасы және Тартустағы Әскери-теңіз базасы.

Фото: REUTERS

Сүриядағы соғыс Барак Обаманың басшылығы тұсында басталды және президент-демократтың кезінде қақтығыс түрінде жалғасты. 2013 жылы Обама Сүрияны басшылығына қарсы шара қолданатыны айтты, бірақ ол уәдесін орындамады.

АҚШ-тың қазіргі президенті Джо Байден әкімшілігі әлі нақты іс-қимыл жоспарын ұсынған жоқ. Себебі, пандемиямен күресіп, экономикасын қалпына келтіруді бірінші орынға қойған АҚШ үшін Сүрия негізгі мәселе емес.

Байден Сүриядағы Иранға қарсы прокси күштерге қарсы Израильмен бірге әрекет етуі мүмкін. Бір жағынан, Иранмен диалогты қалпына келтіру мүмкіндігін іздейді, ал екінші жағынан Парамилитарлық Иранға қарсы құрылымдар атынан Сүриядағы Иранның экспансиясына қарсы күрес жүргізеді.

Сүриядағы соғыс бұрын-соңды болмаған гуманитарлық дағдарысқа әкелді. Бүгінге дейін жарты миллионға жуық адам қайтыс болған. UNHCR мәліметінше, халықтың жартысынан көбі – 12 миллионнан астам адам елін тастап кетуге мәжбүр болды. Олардың ішінде 6,6 миллион адам Сүриядан кетті, ал қалған 6 миллионы ел ішінде уақытша баспана тапты. Шамамен 5,5 миллион адам көрші елдерден – Түркия, Ливан, Иордания және Ирактан пана тапты. Еуропаға миллионға жуық сүриялық кеткен. Бұл – екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең ірі көрсеткіш.

Соғысқа дейін сүриялықтардың 5%-ы ұлттық байлықтың жартысына ие болған. Қазір 90%-дан астамы кедейлік нормасынан да төмен өмір сүріп жатыр. Ұзаққа созылған соғыс салдарынан бүкіл қалалар қирады. Елдегі ауруханалардың басым бөлігі жарамсыз.

Бай сириялықтар қаржысын сақтаған көрші мемлекет Ливандағы қаржылық дағдарыс пен пандемия да ахуалды ушықтырған. Ұлттық валютаның инфляциясы мен құнсыздануы сүриялықтардың банктегі жинақтарын жойды. Дәрі-дәрмектер қымбаттап, азық-түлік бағасы өскен. Ал жалақы өзгеріссіз қалады.

БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының мәліметі бойынша, Сүрияда қалған халықтың жартысынан көбі – 12,4 миллионына аштық қаупі төніп тұр. Соғыс кезінде орта тап азайып, халықтың басым бөлігі кедейленді. Бір айға арналған ең төменгі азық-түлік жиынтығының бағасы (нан, күріш, жасымық, май және қант) орташа жалақыдан асты. Жақсы өмір сүру үшін әр азамат 700 мың сүриялық лира (300 доллар) табуы керек. Шындығында, мемлекеттік қызметшінің орташа жалақысы 24 доллардан аспайды.

"The Qazaq Times"