Уашингтон Сүриядағы жағдайды реттеуге арналған астана форматын сынға алды.
Идлиб провинциясындағы жағдайды талқылауға арналған қауіпсіздік кеңесінің отырысында АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Келли Крафт: «Астана процесі мәселені реттей алмайды. Бұл процесс баяғыда «сынған» және қайта қалпына келмейді. Біз бұдан былай астаналық форматқа қайтып оралмаймыз. Идлибтегі қақтығысты тоқтату, Сүрия мәселесін шешуді астана келіссөзіне тапсыра алмаймыз», – деп мәлімдеді.
Крафт сөзінде НАТО мен АҚШ Түркияның қадағалау бекеттеріне жасалған шабуылдардан қорғануға бағытталған әскери операцияларын қолдайтынын айтты. Осы аптада Түркияның Сыртқы істер министрі Мевлут Чавушоғлұмен сөйлескен НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг «Біз Ресейдің Сүрия әскеріне қолдау көрсетіп отыранын жақсы білеміз және Кремльдің бұл қадамын қолдамаймыз. Алдағы уақытта жағдай ушығып кетпес үшін Ресей шегінуі тиіс. НАТО Түркияға қолдау білдіреді», – деген болатын. к
2011 жылы Сүрияда қарулы қақтығыс басталғалы бері астанада Сүрия мәселесін реттеу жөніндегі келіссөз жеті мәрте ұйымдастырылды. Астана келіссөзіне қолдау көрсетуші елдердің арқасында, Сүриядағы қақтығыс уақытша тоқтатылды. Ресей, Иран және Түркия аталған мәселе жөніндегі келісімшартты орындаушы кепілгер-елдер саналады.
Еске сала кетейік, күні кеше Сүрия үкімет күштерінің әуе соққыларынан 33 түрік әскерінің қаза болғанын ресми Анкара растады. Бұған жауап ретінде Түркия Сүрия үкіметіне тиесілі барлық нысанның шабуыл нысанасына айналатынын айтты. 28 ақпан кешкі уақытта Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Қазіргі уақытта Идлибтегі ахуал жіті бақылауда.