Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қоғамдық пікір институтының мемлекеттік қызметкерлер этикасын бағалауға арналған былтырғы зерттеу есебін бөлісті.

7 мың респондент қатысқан сауалнама мемлекеттік қызмет туралы заңға өзгерістерге байланысты әдеп қағидасынның сақталу деңгейін бағалауға бағытталған.

Зерттеуге мемлекеттік қызметкерлерден басқа, кәсіпкерлер мен тәуелсіз сарапшылар тартылған. Қатысушылар он балдық бағалау жүйесі негізінде мемлекеттік қызметкерлердің әдеп-этика деңгейін сынап көрген.

Сауалнама қорытындысы бойынша, он балдық шкаланың тек 5,09 жинаған Жоғарғы сот ең төменгі орыннан көрінді. Ал ең жоғарғы бағаны цифрлық даму  министрлігі (8,01) иемденген.

Бағалау қорытындысына сәйкес, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Көші-қон қызметі комитеті, Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті, Бас прокуратура, Конституциялық кеңес, Ішкі істер министрлігі, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі жеті балдан төмен алған.

Сонымен қатар, сауалнамаға қатысушылар облыс,қала, аудан әкімдік қызметкерлерінің мінез-құлық ережелеріне баға берді. Әкімдік қызметкерлерінің жоғарғы көрсеткіші Қостанай (9,08) мен Жамбыл (8,05) облысына берілді. Ең төмен көрсеткіш Алматы қаласы әкімдігінің қызметкерлеріне (4,94) тиесілі. Бұдан өзге  төмен бағаланған бес өңір қатарында – Шымкент (5,25), Түркістан (5,52), Атырау (5,74), Ақмола (5,92) облыстары тұр.

Қазақстанда шенеуніктердің артық сөз айтып не оғаш қылық көрсетіп басы дауға қалатын кезі аз аз емес. 2016 жылы сол кездегі Парламент депутаты Мұхтар Тінікеев мас күйінде Қарағанды мәслихатының депутатын ұрып-соғып, балағаттағаны үшін мандатынан айырылған. Мәжіліс депутаттарының арасында былтыр Бақытбек Смағұл наразылыққа шыққан аналардың біріне қарата «қатын», «шабалаңдама» деп бұйыра сөйлеген. Дәл осылай ұзақ жылдардан бері депутаттықта жүрген нұротандық Бекболат Тілеуханның әлеуметтік желілердегі «аса ауыр қарғысы» тарап, қоғамды тіксіндірген. Бірақ билік партиясының екі бірдей депутаты ешқандай жауапқа тартылмады.

Биылдың өзінде Алматы мәслихатының депутаты, бокстан Сидней олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимовтың аты екі рет белгілі болды. Біріншісі. 10 қаңтар сайлау күнгі наразылықта азаматтық қоғамның жас белсенділеріне қарсы сес көрсетіп, плакатын жыртып тастаған. Екіншісі, ақпанда Жамбыл облысындағы Жаңатас оқиғасынан кейінгі сұхбатында көпбалалы әйелдердің намысына тиген. Көптің шамына тиген  депутаттың бұл әрекеттері әдеп кеңесінде қаралған я қаралмағаны туралы ақпарат жоқ.

Осыған дейін 2018 жылғы зерттеуде мемлекеттік қызметкерлердің әдептілігінің орташа ұпайы 6,88 болғанын ескерсек, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Еститін үкімет» тұжырымдамасын алға тартқан билік өкілдері әлі де сөз бен істі қабыстыруда шетін қалып отырғанын байқау қиын емес.

“The Qazaq Times”