Табиғат көктеп жатса да, аналардың көңілінде ақтүтек боран. Баласының болашағына алаңдатқан уайым ұйытқысы. 5 наурыз күні түске қарай Алматыда көп балалы және мүгедек бала тәрбиелеп отырған әйелдердің бір тобы әкімдікке барып, баспана мәселесін шешуді талап етті. Жиналғандар ұзақ уақыт бойы «жылжып болмайтын үй кезегінде тұрып келеді», бірақ нәтиже жоқ. Ел аузындағы «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген уәлі сөздің шипасы біткендей.
«2018 жылдан бері әкімдік табалдырығын тоздырып келеміз. Бірақ кезегіміз де жылжыған жоқ, мәселеміз де шешілген жоқ. Сағынтаевтың өзіне де хат жібердік. Әкім хаттағы талапты орындамақ түгілі жауап та жазған жоқ», – дейді көп балалы ананың бірі Балжан Жұмағұлова Азаттық тілшісіне берген пікірінде.
Әлеуметтік саясатқа көңілі толмаған наразылар қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың шығуын талап етіп, «Сағынтаев, шық!» деп айқайлады. Дегенмен Сағынтаев ел алдына шығудан мән таппаған тәрізді, әдеттегідей наразылар алдына келмеді. Пәтер ауыстырудан әбден қажыған аналар мүгедек баласы бар және көп балалы отбасыларды баспана кезегіне екі бөлек қоюды сұрады.
Жиналғандар тағы бір шетін мәселе – мүгедектікті ресми түрде растаудың әлегі, бұрқыраған бюрокаратияны сынады. Ерекше күтімге мұқтаж балаларға мемлекеттік қолдаудың жетіспеушілігі, мүгедек екені жайлы мәртебеге қол жеткізудің қиындығы жұрттың табанын тоздырған.
Оқиға орнында тараптарды тыңдаған Азаттық тілшісінің хабарлауынша, әкімдіктен наразылар алдына әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Нәзира Тоғызбаева және тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Ермек Әміров шығып, сұрақтарға жауап берді. Шенеуніктердің тәпсіріне сенсек, екі санаттағы топтарға арналған тұрғын үй кезегін жеке тізім түрінде жүргізу заңдастырылмаған. Олар «әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған топ өкілдеріне арналған жеке бағдарламалар барын» алға тартады.
«Мысалы, «Шаңырақ» бағдарламасы былтырдан бері жұмыс істеп тұр. Ол бойынша кезекте тұрған мың шақты адамға үй бердік», – деген Ермек Әміров.
Дәл осындай талаптармен астаналық аналар екі аптадан бері әкімдікте түнеп жүр. Ақпанның ақырғы аптасында басталған аналардың наразылығы көктемге жалғасты. Сағынтаев сияқты елорда әкімі Көлгінов те он екі күн табалдырғында жүрген наразыларды көргісі, көрсе де сөйлесіп-мәселені тыңдағысы жоқ. Астана аналары да мемлекеттік жәрдемақыны күнкөріс деңгейіне жеткізуді, баспана қолжетімділігін талап етіп келеді. Көлгіновтің командасы мәселені шешуге бағытталған байсалды диалог жүргізудің орнына ресми сайтта наразы аналарды жеке басын күйттеді деген айыптау мәнінде ақпарат таратып отыр. Әйелдер мұны «қаралау», «арандату», «аналарды қоғамға жаманатты қылу» әрекеті деп санайды.