10 күннен бері астана әкімдігінің табалдырығында талап көтеріп жүрген аналардың қатарына дүйсенбіде мүгедек бала тәрбиелеп отырған әйелдер қосылды. Десе де осы күнге дейін ашынған, «әлеуметтік саясаттың дұрыс жүргізілмеуінен әбден зәрезап болдық» деген аналардың алдына әкім Алтай Көлгінов шығып, «Естуші мемлекеттің» тұжырымдамасына сай қадамға бара қойған жоқ. Редакция тілшісі барлық тарапты тыңдап көрді. 

Еңбек министрі Серік Шәпкенов, қала әкімі Алтай Көлгінов және Мәжілістің жаңа депутаттарымен кездесуді талап еткен бір топ ана елорда әкімдігінде түнеп жүргеніне осымен оныншы күнге таяды. Олар «халық талабы орындалмайынша» фойеде-дәлізде, орындықта түнеуге мәжбүр екенін айтады.

Ақпанның ақырғы аптасынан көктемге жалғасқан наразылыққа наурыздың алғашқы күні мүгедек балалардың құқықтары бұзылып жатқанына шағынған тағы бір топ әйел қосылды. Күндіз наразылардың қатары артып, кешкісін отбасылық жағдайына байланысты біршама сирейді. Олар депутаттардың «халық алдына шығудан тартынатынына немесе адам есебінде елемеуіне», талаптарын көзбе-көз тыңдамағанына қапалы.

Қоғамдық мәселені көтерген әйелдер басты үш талаптан өзге төмендегі мәселелерді дереу реттеуді сұрайды. Ерекшелігі бар баланы асырап-бағып отырған аналар қазіргі таңда:

  • «санаторий-курортта 14 күндік емдеу 7 күнге қысқарғанын;
  • ем алатын кезде баланың қасында күтімін жасайтын қамқоршының жүруі ақылы негізге өзгергенін;
  • мүгедектігі бар балаларға бірінші кезекте өтеусіз берілетін баспана бағдарламасының алынып тасталып, мүгедек балалар жалпы тізімге енгізілгенін;
  • мүгедектігі бар балаға берілетін куәлікте ата-ананы «қамқоршы» ретінде көрсетуін сұрайды, осы себепті бала кәмелет жасына толғанда айлап жүріп ата-аналық мәртебесін сот арқылы дәлелдеуге мәжбүр болатынын» айтады.

Мұның бәрі «өткен шақырылымдардағы депутаттардың ісі» деген аналар Мәжілістен осы нормаларды қайта қарап түзетуді талап етеді.

Көлгіновтің кабинетіне кіреміз деп полицияның құрығына түскен төрт әйелден өзге аналар наразылықты жалғастырып жатыр. 2 наурыз 2021 жыл, Астана әкімдігі. Фотоколлаж: аналардың редакцияға жолдаған суреттерінен

«Халықты адам есебінде көрмейді. Мүгедек балалары бар аналар осымен екінші түн қонып жатыр. Неге мәселені нақты шешетіндер шықпайды? Қазір көмекшілерінің көмекшісі жазбаша алады да бірнеше айға жоғалып кетеді. Екі жылдан бері осылай айналдырып отыр. «Мен жаңадан келіп отырмын, қайтадан жазып алайын, жоғарыға жеткізейін» деп небір шабармандарын жібереді. Еш нәтиже жоқ», – дейді наразы ананың бірі Назира Мукушева.

Баласынан шыға алмайтын аналар наразылық білдіріп жатқан тағдырластарына жапқыш, көрпе-төсек, ас-тағам жағынан қол ұшын созып отыр.

– Ерекше баламызға жылына жалпы жиыны бюджеттен 4,4 млн теңге қаржы бөлінеді. Сол қаражат бізге жеткенше жұлмаланып, қызметтер мен керек-жарақтар сапасыз беріледі. Жағдай өте ауыр, оны келіп көру керек. Дүйсенбі таңертеңнен бастап жиналдық. Осыған дейін бармаған жеріміз жоқ: әкімдік, Нұр Отан партиясына, министрлікке қаншама рет бардық. Автобуспен қамап, белгісіз жерге апарып тастаған кезі де болды. Ортопедиялық аяқ киімнің сапасы нашар, балам оны кигенде аяғын баса алмай қалады. Мені тіркегенімен, баламды 6 емхана есептен негізсіз шығарып тастады. Дүйсенбі түнде он шақты адамның жатқанына қарамастан, әкімдік жылуды өшіріп тастады», – дейді ерекше бала тәрбиелеп отырған үш баланың анасы Тоғжан Әділова.

Наразы топпен тілдесіп тұрған әкімдік қызметкері. 2 наурыз 2021 жыл. Астана әкімдігі. Фото: astana.gov.kz

Жиналғандар қалалық мәслихат депутаттары жүре тыңдағанына ашулы. Бірақ наразылар кеудесіне жалауша таққандардың «бұл мәселелерді соңына дейін көтереріне» күмән келтіреді. Ал редакция хабарласқан әкімдік өкілі аналардың апта бойы әкімдікте түнеп жүргенін екі мәрте терістеді.

– Заң бойынша үш жыл тіркеуде тұруы қажет. Олардың арасында 2020 жылы кезекке тұрып, пәтер сұрап  жатқандар бар. Дәурен, Қуаныш сияқты ресми өкілдер сөйлесуге тырысты. Әкімдікте сегіз күн бойы ешкім түнеп жатқан жоқ, – дейді әкімдіктің баспасөз қызметінің маманы Ақмарал Олжабаева.

Сондай-ақ, елорда әкімдігінің сайтында наразы аналардың «мақсаты» туралы Көлгінов пен ол басқарып отырған ұжымның ұстанымы ресми хабар түрінде жарияланды.

«Белсенділердің мақсаты – басқа аналардың ойына жаңсақ пікір қалыптастыру және оларды адастыру. Мұндай заңсыз талаптар орындалмайды. Тұрғын үй кезегінде 48 мың адам тұр, әлеуметтік пәтерлер тек кезек бойынша беріледі. Өздерін агрессивті ұстаған белсенділердің арасында бұрын заңға сәйкес және кезек бойынша пәтер алғандар бар екенін атап өткен жөн. Сондай-ақ, келгендердің бәрі бірнеше рет қабылдауда, оның ішінде елорда әкімінің азаматтарды қабылдауында болған. Оның қорытындысы бойынша оларға заңнамаға сәйкес барлық қажетті көмек көрсетілген болатын», – делінген әкімдік ақпаратында.

Бүгін сәрсенбіге қараған түні әкімдік дәлізінде 10-15 әйел түнеп шықты.

Он күнге жуық табалдырықта отырған аналардың назарынан тыс қызметтік есіктен кіріп-шығып жүрген Көлгіновтің «үнсіздігі» сабырын таусып, әкім кабинетіне барған. Көлгіновтің кабинетіне кіру «зор мехнат әрі ғанибет» екенін айтқан әйелдердің төртеуін полиция күштеп алып кеткен.

Наразылардың айтуынша, аналардың «әкім қайда, неге келмейді?» деген сауалына тоғыз күннен бері әкімдік қызметкерлері берген жауабы – «Алтай Көлгінов жиналыста».

Бұдан өзге 28 ақпан жексенбі күні кешкісін бір топ полицей еденде отырған әйелдерге қаумалап қысым көрсетіп, дезинфекця шарасын «сылтауратып» шығуға үгіттеп баққанын айтады. Ызаланған аналар әлеуметтік желілерде тікелей эфирге шыққаннан кейін кетіп қалған.

Апта бойы ақжағалылардың көзіне ілмеген наразылардың жағдайы туралы редакция бірнеше материал жариялап, Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ІІМ мен Мәжіліс өкілдеріне, әкімдіктің баспасөз қызметіне сұрау жолдады.

Осыдан кейін сейсенбі күні аналарға әкім орынбасарлары – Бақтияр Мәкен мен Нұрлан Нүркенов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов шықты. Дегенмен аналар әкім Көлігнов пен Мәжіліс депутаттары алдына шығып, жұрт талабы орындалмайынша, наразылықты жалғастыратынын жеткізді.

"The Qazaq Times"