Бүгін, 1 сәуірде ел астанасында бір топ ана Конгресс холл сарайының алдында наразылық жиынын өткізді. Олар бала санына қарамастан отбасындағы әр балаға 42 500 теңге жәрдемақы тағайындау, көп балалы отбасыларды, мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналарға арзан бағамен несиеге баспана беру және өзге мәселелерді көтерді.
Азаттық радиосының жазуынша, әйелдер қаладағы эпидемиологиялық ахуалды ескеріп, қашықтық сақтап тұрған. Олардың қолында «Үй кезегі неге ақырын жылжиды? Баспана мәселесі шешілсін!», «Отбасы шағын мемлекет. Отбасы жоқ болса, мемлекет те жоқ» деген жазуы бар плакаттар болған.
Наразылар бала туған кезде берілетін бір реттік төлемді 1,5 млн теңгеге дейін көбейту қажеттігін, ол баланың білім алуына негізделуі керек дегенді айтты.
Наразылардың алдына шыққан қала әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов шараның рұқсат етілмегенін алға тартты. Ол наразылыққа шыққандардың жағдайынан хабардар екенін, олардың баспана жайлы шағымдарын әкімдіктің қарастырып жатқанын айтып өтті. Бұған қоса, Бабамұратов баспанаға мұқтаж азаматтарға үй кезек арқылы берілетінін жеткізді.
Олар ақпанның соңында және наурыздың басында да баспана мәселесін шешуді талап етіп, әкімдікте түнеген. Сол кезде санитария мамандарының эпидемиологиялық ахуалды алға тартып, оларды әкімдіктен қуғаны да хабарланды.
Қазақстанда 2019 жылдан бері әлеуметтік мәселе көтеріп наразылық шығатын жалғызбасты және көп балалы әйелдер көп. Олар көтеретін басты мәселе – баспана.