Бюджеті 7,6 трлн теңге болатын «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін жұмыс істейтін жастар үшін 15 мың баспана жалға беріледі. Әлеуметтік осал топқа, тұрмысы нашар, табысы жеткіліксіз азаматтарға арналған жаңа бағдарлама іске қосылады.
Жұма күні ОртКом алаңында өткен брифингте QT тілшісі ұлттық жобаны түзуге және жүзеге асыруға жауапты ведомство өкілдерінен жалғызбасты әкелер я аналардың, түрлі әлеуметтік топтардың төрт жылғы жоспардағы орны туралы сұрады.
Үш мегаполистегі жұмысшы жастарға 2019 жыл 3 мың, 2020 жыл 1 мың баспана жалға берілді, биыл тағы 3 мың пәтер беру жоспарланған. Министрліктің мәліметінше, жоба жастарға баспаналы болу үшін бастапқы жарнасын жинауға жағдай жасап қана қоймай, нарықта сұранысқа ие кәсіпті меңгерген мамандарды ынталандыруды мақсат тұтады.
«Осы айда жаңа заң күшіне енеді. Адамдарды үймен қамту идеологиясы мүлде өзгеріп жатыр. Жалғызбасты әке я ананың жағдайы мен мүмкіндігіне қарап, үйін өзі таңдауына мүмкіндік бермекпіз. Жағдайы жоқ азаматтарға жалға берілетін пәтер мемлекет тарапынан субсидияланады. Субсидия әр өңірдің ерекшелігіне қарай бекітіледі. Бұдан өзге табысына қарай 2-5% мөлшерінде несиеге тұрғын үй беріледі. Осылайша, 2025 жылға дейін кезекте тұрғандарды қысқартуға тырысамыз», – деді индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев.
Үкімет «Жайлы тұрғын үй» жобасы шеңберінде тұрғын үй құрылысына 13,5 трлн теңге инвестиция тартылады дейді. Бұл қаражатқа 185,1 мың адам үшін жеке тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жалға алу, 102,3 мың бірлік әлеуметтік жалға беру құрылысын салу шығыстарын субсидиялау, ауылда жалға берілетін 2,9 мың үй салу көзделген. Өзін «Халық үніне құлақ асатын үкімет» деп санайтын Маминнің минкабинеті төрт жылда ауданы 103 млн шаршы метр тұрғын үй салуға уәде берді.
«Отбасы мүшелеріне шаққанда ең төменгі күнкөріс мөлшерінен (34 мың теңге – QT) төмен табысы бар кезекте тұрғандар жаңадан енгізілетін тұрғын үйді субсидиялау тетігі арқылы жалдамады баспанамен қамтамасыз етіледі. Оларға негізінен көп балалы отбасылар, жетім балалар, мүгедек балалары бар отбасылар және халықтың басқа да әлеуметтік осал топтары жатады.
Табысы ең төменгі күнкөріс мөлшерінен жоғары (әр адамға 34 мың теңгеден жоғары – QT) кезекте тұрғандар жаңа тұрғын үйге Отбасы банкі арқылы жеңілдетілген несие алу арқылы қол жеткізе алатын болады. Бұл санатқа көбіне мемлекеттік қызметкерлер, бюджет қызметкерлері,сондай-ақ толық емес отбасылар және басқа кезекте тұрған азаматтар кіреді», – деп түсіндірді министрліктің баспасөз қызметі ұсынған жауапта.
Қазір Қазақстанда 577 мыңнан аса адам тұрғын үй кезегінде тұр. Кейінгі жылдары, әсіресе, пандемия тұсында Үкімет халықтың әлеуметтік жағдайын жасай алмай, елдің тұрмысы нашарлаған. Қымбатшылық қысқанын айтқан жұрт күнкөрістің қиындағанына наразы. Ресми статистикада жұмыссыздар мен нарықтағы баға әдеттегідей тұрақты деп көрсетіледі.