Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы 4 желтоқсан күні сайлау кезінде ерікті бақылаушылар және шетелдік-отандық ақпарат құралдарының қызмет тәртібін шектейтін жаңа қаулы қабылдады. «Еркін және әділ сайлау өткізу жолымен азаматтардың мемлекет істерін басқаруға қатысу құқығын қамтамасыз етуді» заңды құжат негізінде миссия етіп алған комиссия азаматтық қоғам институттарының (БАҚ, тәуелсіз бақылау институттары) сайлауды бақылау құзіретін тарылтуы – қоғам наразылығын  тудырып жатыр. ОСК «2021 жылғы 10 қаңтарға белгіленген ҚР Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлау бойынша сайлау процесіне қатысушылардың жекелеген санаттарының өкілеттіктерін іске асыру мәселелері туралы» қаулыны ұлттық және халықаралық заңнамаларға толық сәйкес деп санайды.

Ерікті бақылаушылар ендігі тек жарғысында сайлауды бақылау міндеті енгізілген ұйымдардан ғана қатыса алады. Сондай-ақ, құжат бойынша бақылаушылардың сайлау учаскесінде фото және бейнежазба түсіру мүмкіндігі едәуір шектелген. Бір қызығы, сайлау учаскесі қоғамдық орын ретінде қарастырлмаған.

«Азаматтардың саяси ерік-жігерін білдіру және өкілді органдарды құруға қатысу үшін құрылатын саяси партияны қоспағанда, сайлауды байқау жөніндегі қызметті жүзеге асыру мүмкіндігі, сайлауды байқау үшін адамдарды жіберуді қоса алғанда, заңды тұлғаның жарғысында көзделуге тиіс.

Бұл ретте сайлауды байқау үшін адамдарды жіберетін субъектінің қызметі оны құру мақсаттарына сәйкес келуге тиіс, өйткені Азаматтық кодексте (41, 106, 107-баптар) олардың құрылтай құжаттарында нысанасы мен мақсатын көрсетудің міндеттілігі туралы нормалар көзделген», – делінген ОСК қаулысында.

Бұл жолы сайлауға бақылаушы ретінде бұрынғыдай кез келген ниетті қоғамдық ұйымдар емес, жарғысында сайлауды байқау мақсаты бар арнайы ұйымдар қатысады. Бұл талапқа сай келсе де байқаушы-өкілді сайлау учаскесінде тіркеу үшін енді жеке басын куәландыратын құжаттан басқа байқаушының куәлігі, жарғы көшірмесі, сондай-ақ қоғамдық бірлестік басшысының өкілеттігін куәландыратын құжат талап етіледі.

Ресми тіркелген бақылаушыларға да шектеу шаралары қарастырылған. ОСК ұстанымы бойынша, тұлғалардың келісімінсіз бейнежазба жүргізу дұрыс емес. Сайлаушылардың тізімі мен бюллетеньді таспаға тартуға рұқсат жоқ. Сайлау учаскесінің басшысы бақылаушылардың бақылайтын аумағын өз бетінше белгілейді. Тікелей эфирде түсірілім жүргізуге қатаң тыйым салынады. ⠀

Осылайша, ОСК тәуелсіз бақылаумен айналысатын қоғамдық ұйымдардың басым бөлігін бақылау ісінен алыстатып, бюрократияның белін жуандатты. Қоғам белсенділері «тікелей президентке бағынатын төрағаның Тоқаев бағдар еткен «Еститін мемлекет» тұжырымдамасының табалдырығынан аттайтын шешім шығаруына» қарсы.

«Бұл ретте қандай да бір адамның бейнесін оның келісімінсіз пайдалануға ешкімнің құқығы жоқ. Басқа адам бейнеленген бейнелеу туындыларын (сурет, фотосурет, кинофильм және басқалар) жариялауға, қайта шығаруға және таратуға бейнеленгеннің келісімімен ғана жол беріледі», – деген комиссия Азаматтық кодекске сілтеме жасаған.

Қаулының тағы бір тармағында сайлау учаскесінен тікелей эфир жүргізуге тыйым салынатыны айтылады. «Бұл ретте «Байланыс туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 2-бабының 61) тармақшасына сәйкес жазба (фото-, дыбыс- және бейне-) трансляцияға (тікелей эфирге шығуға) ұқсас санат болып табылмайды. Осыған байланысты учаскелік сайлау комиссиясы мен байқаушылар заңнаманың сайлау учаскелерінен онлайн-бейнетрансляция жүргізуге жол бермейтінін ескеруі қажет», – делінген.

«Байқаушының функциясы – дауыс беру күні нақты сайлау учаскесінде сайлауды байқау. Сайлау барысын жариялау және тарату бұқаралық ақпарат құралдарының функциясы болып табылады, – дейтін ОСК бақылаушының қолындағы материалдың жарамдылығын да нақтылап көрсеткен. – Байқаушының өзі жүргізген фото-, дыбыс- және бейнежазбалар азаматтық, қылмыстық істер және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша дәлелдемелер ретінде пайдаланылуы мүмкін. Бұл, егер олар заңнамада көзделген талаптарды сақтай отырып алынған болса, мүмкін».

ОСК қаулысы сайлауды бақылаумен айналысатын үкіметтік емес ұйымдарға (ҮЕҰ – QT)  «билік тарапынан қысым көрсетіліп жатқан» тұста қабылданды. Кейінгі екі аптада тәуелсіз ұйымдар мемлекеттік салық органдарынан «доқ көрсету мағынасында ескерту» алған. Азаматтық қоғамның субъектілері саналатын басты және бірнеше ҮЕҰ мұның соңы «айыппұл салуға және ұйымдардың қызметін уақытша тоқтатуға алып келетініне» алаңдайды. Шешім алдағы апта шығуы керек. Amnesty International, Front Line Defenders, Human Rights Watch (HRW) және International Partnership for Human Rights (IPHR) сияқты халықаралық құқық қорғау ұйымдары әлем елдерін осыған орай Қазақстан билігіне қысым жасауға үндеген. Сонымен қоса, АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі елдегі құқық қорғаушы және азаматтық ұйымдардың қысымға ұшырауына байланысты алаңдаушылық білдірді.

Қоғамдық ұйымдардың кейбірі «ОСК-ны сайлауды бейтарап жүргізетін оператор емес, азаматтық бақылаушылардың жұмысын бөгеуге арналған қаулы шығаратын ұйымға айналғанын көреміз» деп бағалап үлгерді.

Солардың бірі «Еркіндік қанаты» қоғамдық қоры Facebook желісіндегі ресми парақшасында комиссияға «ОСК заңды және жеке тұлғалардың, яғни қоғамдық ұйымдар мен жекелеген тәуелсіз бақылаушылардың құқықтары мен бостандықтарын шектейтін, қолданыстағы сайлау заңына қайшы келетін қаулы шығаруға құқықтық өкілеттігі бар ма? ...Неліктен Үкімет тәуелсіз бақылаудан сонша қорқады?» деген сұрақ қояды.

Былтыр президент сайлауы кезінде Шымкент қаласындағы №162 сайлау учаскесінде дауыс жәшігіне салынған бума-бума бюллетень. 2019 жылғы 9 маусым. Фото: Дилара Иса / Азаттық радиосы (RFE/RL)

Экс-президент Назарбаев өзі тағайындаған туысы әрі құдасы, ОСК төрағасы Берік Имашев пен оның хатшысы Сабила Мұстафинаның қолы қойылған № 44/371 қаулы қоғам наразылығын үдетуі мүмкін.

Жуырда президент Тоқаев 2 желтоқсан күнгі мәлімдемесінде мәжіліс және мәслихаттар сайлауын «ашық әрі әділ өткізуге ниетті» екенін жеткізген. Ол бұған дейін де, былтырғы Назарбаевтың күтпеген отставкасынан кейін 9 сәуір күнгі Қазақстан халқына үндеуінде сайлауды «таза, ашық әрі адал өткізуге кепілдік беретінін» айтып ағынан жарылған. Дегенмен Тоқаевтың «кәміл сенімдімін», «кепілдік беремін» деген салмақты сөзі толықтай іске аспады. Мұны Бас прокуратураның сайлау кезінде ондаған заңбұзушылық тіркелгені туралы ресми ақпараты айғақтай алады.

Былтыр жазда алтыншы рет өткізілген президент сайлауында азаматтық бақылау институты еңсесін тіктеп сайлауға белсенді араласқан. Сәйкесінше саяси науқан кезінде заң бұзушылықтар аз әшкереленген жоқ. Кезектен тыс президент сайлауы күні әлеуметтік желілерде бірқатар сайлау учаскелерінде болған заңбұзушылықтарға дәлел болатын видеолар тараған. Бақылаушылар әр жерден жиналған заңбұзушылық фактілерін жинақтап, сотқа бергенімен, еш нәтиже болмады. Олар мұны әкімшілік ресурсқа ие атқарушы биліктің сот жүйесіне ықпал етуінен көреді.

ЕҚЫҰ-ның Сайлауды бақылау бойынша халықаралық миссиясы «сайлауда көптеген заң бұзушылықтар болғанын» мәлімдеді. ТМД аясынан тыс елдерден келген халықаралық бақылаушылар Қазақстанда осыған дейін өткен сайлаудың барлығын әділ өтпеді деп бағалаған. Олар сайлау кезінде дауыс ұрлау мен фальсификация, оппозиция тарапына қысым жасау, ақпарат құралдарының жұмысына кедергі келтіру сияқты фактілер болғанын жиі айтады.

Қазақстанда ресми тіркелген алты партия бар. Оның бірі өзін «нағыз» оппозиция санайтын ЖСДП қуғындағы саясаткер-банкир Мұхтар Әблязовтің үгітінен кейін сайлауға қатысудан айнып қалған. Өзге бес партия алдағы жылы 10 қаңтарға белгіленген мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауына қатысуға партиялық тізімін өткізіп қойды. Олар – биліктің «Нұр Отан» партиясы, «Адал» (алдыңғы «Бірлік»), «Қазақстанның халық партиясы» (бұрынғы «Қазақстанның коммунистік халық партиясы»), «Ақ жол» және «Ауыл» партиялары. Қазақстанда сайлаудан көңілі қалған немесе оның әділ өтеріне сенбейтін азаматтар аз емес.

"The Qazaq Times"