Қазақстан үшін аумақтық тұтастық мәселесі, сепаратизм проблемасы өзекті. Дегенмен көпвекторлы саясат ұстанатын Қазақстан билігі Әзірбайжан-Армения қақтығысында таразының басын тең ұстап тұр. Әзірбайжан Республикасының Қазақстандағы елшісі Рашад Мамедов Әзірббайжан Армениямен әскери қақтығысты шешу кезінде Қазақстанның моральдық және саяси қолдауы қажет деп мәлімдеді.
«Біз Қазақстанның халықаралық құқық талаптарына сай моральдық, саяси қолдауына мұқтажбыз. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарары бойынша Қазақстан бұл проблема территориялық тұтастық, егемендік аясында Әзірбайжан аумағынан басқыншылық әскерлерді шығару арқылы шешілуі керек деп айтады. Дегенмен ресми Баку Қазақстанның қолдауына мұқтаж», – деді Мамедов.
Бұған дейін Әзірбайжан Қазақстаннан ЕАЭО және ҰҚШҰ заңдары аясында Армения тарапынан қақтығысты тоқтатуды сұраған. Сондай-ақ Қазақстанның көмегіне мұқтаж екенін, бұл халықтың бейбітшілік пен келісімде өмір сүруінің үлгісі екенін айтқан.
Таулы Қарабақтағы жағдай 27 қыркүйекте шиеленісіп, даулы аумақта әлі күнге дейін шайқастар жүріп жатыр. Әзірбайжан мен Арменияда әскери жағдай енгізілген. Екі тарап қаза тапқандар мен жараланғандардың бар екенін жариялады.
Әзірбайжан мен Армения арасындағы жер дауы 1988 жылдан бері әлі күнге дейін жалғасып келеді. Бұл соғыстың салдарынан Әзірбайжанның 40 мыңға жуық азаматы қаза тауып, 1 миллионнан астам адамы өз үйлерінен босып кеткен. Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына қарасты Минск тобының көмегімен 1994 жылы мамырда Баку мен Ереван арасында атысты тоқтату бітіміне қол қойылған соң тараптардың қақтығыстары біршама азайды.
Келісімге қол қойылғанына қарамастан, жауласушы екі елдің текетіресі аяқталмай, бейбіт келіссөздер нәтиже берген жоқ. 1992 жылы Таулы Қарабақ қайшылығын тоқтату мақсатында Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына қарасты «Минск тобы» құрылды. АҚШ, Ресей мен Франция осы топты басқаруды өз мойындарына алды. Минск тобының басшылары осы күнге дейін қарсыласушы тараптарға бірнеше бейбіт шешім жобасын ұсынған. Бұл бейбіт жобалар әр кезде бір немесе екі тараптың да қарсылығына ұшырап отырды. Мұнымен бір мезгілде атысты тоқтату бітімі де орындалуын кепілдендіретін құжаттардың болмауына байланысты тарптар байланысы қайтадан бұзылып отырды.