Бүгін, 16 қыркүйек, Еуразия және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын-сазгер, академик-дәрігер Толқын Ақанұлының «Қарағайбастауым» атты жыр жинағының онлайын тұсаукесер-таныстырылымы өтті.

Бұған дейін астанадағы Жазушылар үйінде тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартқан жыр жинақтың кезекті онлайн тұсаукесерін Алматыдағы Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы мен «Ер Жәнібек» халықаралық қорының ұйымдастырған.

Онлайн шараға қатысқан Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елкезек, этнограф, жазушы Болат Бопайұлы, Қазақстанның Мәдениет қайраткері Қайрат Құлмұхаммед, ақын, Мұрат Шаймаран, Жазушылар одағының Елордадағы филиалының төрағасы, ақын Дәулеткерей Кәпұлы қатарлы ақын, қаламгерлер, өнер мен өмірдегі қаламдас жолдастары автордың өлеңі мен өмірдегі қырлары туралы естеліктер айтып, жаңа кітапқа сәт сапар тіледі.

Онлайн конференция.

Сондай-ақ, онлайн форматтағы конференцияға Жамбыл атындағы кітапхананың меңгерушісі Ғазиза Нұрғалиева ханым және өзге де жыр сүйер оқырмандар қатысты. Шара барысында Толқын Ақанұлының әдебиет пен өнерден тыс медицина саласындағы білгір мамандығы мен халқына қайырымды меценат екені де тілге тиек болды.  Шара соңында автор Толқын Ақанұлы қатысушыларға алғысын білдіріп, жыр жинағынан өлең кәдесін ұсынды.

Автор туралы:

Толқын Ақанұлы 1968 жылы мамырда Тарбағатайдың Майлы-Жайыр өңірінде туған. Қытай Халық Республикасында 20 жылдан астам уақыт медицина саласында қызмет етіп, аталған саланың басшылық қызметінде де  міндет атқарған. Атажұртқа оралғаннан кейін де отандық медицина саласының дамуына азаматтық үлесін қосқан. 2009 жылдан бастап Елордадағы «Бақкелді–2012» ЖШС-ның директоры және бас дәрігері болып қызмет етіп келеді. «Қазақстанның Ұлттық Агроөнеркәсіп Палатасының» Қоғаммен байланыс жөніндегі вице-президенті, «Ер Жәнібек» Халықаралық Қоғамдық қорының вице-президенті.

 

“The Qazaq Times”