«Заңсыздықты Қытайыңа барып айт». Алматы қаласы Алатау аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасынан (Салық қызметі) мемлекеттік тілді талап еткен азаматтық белсенді күзетшіден осындай жауап алды. Бұндай келеңсіз жайтты қоғам белсендісі Ырысбек Тоқтасын өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында онлайн таратқан еді.
Мемлекеттік мекеме алдында мемлекеттік тілге деген бұндай жауап әлеуметтік желі қолданушылары жағынан ауыр сынға ұшырады. Мәселенің мән жайын қоғам белсендісі Ырысбек Тоқтасыннан сұрап білдік. Оның айтуынша, Алатау аудандық МКБ салық төлеушілер мен есеп тапсырушыларды мекеме ішіне кіргізбеген және мемлекеттік мекеме алдындағы жекелік қызмет көрсету орталықтарына баруға "кеңес берген". «Олардың бәрі ақылы, 3 мың да 5 мың теңге екен бір есеп тапсырғанда. Солай жасап қойған ғой, есіктің алдына жігіттер тұрып алған да, жеке меншік орталықтарға жіберіп тұр. Бұның бәрі сыбайлас қой», – дейді белсенді Ырысбек Тоқтасын.
Алайда, Алатау аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасына қоңырау соққанымызда, өзін кеңесші маманмын деп таныстырған Жәнібек атты қызметкер бұл айыпты жоққа шығарды. «Қазір білесіз, індет жағдайына байланысты Алатау аудандық Салық қызметі ғана емес, қаладағы осыған ұқсас мемлекеттік мекемелер жұмыс режимі өзгерген. Азаматтарға барынша онлайн қызметті пайдалануға кеңес беріп жатырмыз. Ал, жеке меншік орталықтарға сілтегенде біз анаған бар, мынаған бар демейміз. Олай көрсетуімізге болмайды. Онда бұл сыбайластық болады. Тек, Алатау ауданындағы тұрғындар көбінде онлайн қызметті пайдалануды білмей жатады», – деп түсіндірді мекеме өкілі.
Алайда, белсенді азамат: «Барсаң салық қызметінің алдындағы жігіттер ашықтан-ашық сілтеп тұр, «Шәрипаға бар», «Ұлпанға бар» «солар жасап береді» деп. Ал, оның бәрі кезінде сол мекемеде қызмет істеген адамдар. Кейін жеке меншік сондай орталық ашып алған. «Проблемалы» есеп тапсырулардың бәрін солар жасайды. Мен кіріп сұрап шықтым ғой, бір есеп тапсыруға 3-5 мың теңге. Көрдіңіз бе, компьютерге отырады, бес минутта 3 мың, 5 мың алып жатыр. Осы жайтты көргеннен кейін мен оны әлеуметтік желіге жарияладым», – дейді. Ол және: «Мемлекеттік органға карантин бар да, жеке меншік орталыққа жоқ, бұл қандай сонда? Карантин шарасы бірдей болуы керек қой», – деген пікірде.
Белсенді Ырысбек Тоқтасын мемлекеттік мекеме өкілдеріне мекеме есігінде жапсырылған ережелер мен салық қызметіне қатысты нұсқаулықтардың бәрі дерлік орыс тілінде екенін алға тартып, мемлекеттік тілде жазылуын талап еткен. Мекеме өкілдері қазақша нұсқасын дайындайтынын айтқан. Осы кезде күзетші келіп «Ондай заңсыздықты Қытайыңа барып айт!» деп дүрсе қоя берген. Сондай-ақ, белсендінің мемлекеттік тілді талап ету әрекетін «арандату» деп атаған.
Болған оқиғаның видео жазбасы Ырысбек Тоқтасынның ФБ-тағы парақшасында сақталған. Видео жазбадан көрінгендей мемлекеттік мекемедегі күзетші қызметкер белсендіні сыртқа қарай шақырады және желідегі тікелей эфирді тоқтату үшін телефонына жармасады.
Алатау аудандық МКБ-ден бұл туралы түсінік беруді сұрап едік, бізге жауап берген қызметкерлер басшылыққа сілтеді. Ал, олар көрсеткен нөмерлерден «әу» деген адам болмады.