COVID-19 коронавирусының әлемге таралуы бәсеңдеген жоқ. Әр мемлекет пандемияны жеңуге өздігінше әрекет етіп отыр. Еуропадағы кей мемлекеттер карантин уақытын ұзартса, АҚШ президенті Трамп вирус жақын арада күшін жояды дейді. Ал дерттің екінші толқыны елге ауыр зардап әкеледі деп санайтын Ұлыбритания билігі жаппай вакцинациялау келісімшартына қол қоюды мақсат етіп отыр.
Пандемия кезінде экономикалық дағдарысты алдын алу мақсатында Еуроодақ елдері саммит өткізген. Үш күнге созылған жиында тараптар кезекті мәрте ортақ келісімге келе алмай, саммит нәтижесіз аяқталды. 27 елдің көшбасшысы 7 жылдық бюджетке қатысты ортақ мәмілеге келе алмады. Жиынның негізгі мақсаты – пандемиядан зардап шеккен Кәрі құрлық экономикасын қайта қалыпқа келтіріп, жылдың бюджетін бекіту еді. Пікірталас тудырған сома – 1,8 трлн еуро. Бірақ Шығыс Еуропа елдері қаржыландыруға қатысты шарттарға келіспеді. Вирустан қатты зардап шеккен Оңтүстік, Солтүстік Еуропаның дағдарысқа қарсы қорларға грантты азайтып, олардан реформа өткізуді талап ету керек деген ұстанымына қарсы шықты. Ал Франция мен Германия Еуродақ елдеріне қаржыны процентсіз субсидия ретінде бөлу қажеттігін айтады. Нидерланд, Австрия, Дания, Швеция бұл бастамаға үзілді-кесілді қарсы. Аталған елдің көшбасшылары тіпті Одақ бөлген қаржының қайда жаратылғанын қатаң бақылау керек дейді.
Британия үкіметі 20 шілдеде BioNtech, Pfizer және Velneva компаниялары өндіретін вакцинаның 90 млн дозасына тапсырыс берді. Әңгіме екі екпе жайлы өрбіп отыр. Ел билігі генетикалық код фрагменті бар вакцинаны әзірлейтін BioNtech және Pfizer альянсына 30 млн дозаға, ал Valneva компаниясына 60 млн көлемінде тапсырыс берген.
Осыған дейін Ұлыбритания Оксфорд университеті мен AstraZeneca компаниясы бірлесіп әзірлеген вакцинаның 100 миллион дозасына тапсырыс берген болатын. Оған Ресей де қызығушылық танытып отыр. Екі күн бұрын «Р-фарм» ресейлік компаниясы вирусқа қарсы екпе сынақтан сәтті өтсе, өзге мемлектетермен келісімшарт жасайтынын хабарлады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, коронавирусқа қарсы жаппай вакцинациялау 2021 жылдың ортасында басталады. Коронавирусқа қарсы екпе шыққан соң, 7,8 миллиард адамды вакцинациялауға бір жарым жылдан астам уақыт кетеді. Сарапшылардың пікірінше, ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін халықтың 80%-ын вакцинациялау жеткілікті, бірақ адамдарға вакцинаның екі дозасы қажет болуы мүмкін.
Қазір вирус дерегі ең көп тіркелген мемлекет – АҚШ. Мұнда 3,7 миллионнан астам дертке шалдықса, 140 мыңнан астам адам ажал құшқан. Бір күнде 70 мың адамнан дерт анықталып жатыр. Ел президенті Дональд Трамп «вирус жақын арада өздігінен жоғалып кетеді, әлем қалыпы өмір салтына оралады» дейді. Бірақ Трамптың бұған дейін «вирус сәуірде әлемді тәрк етеді» деген гипотезасы орындалған жоқ.
Вирустың таралуы саябырлаған Еуропа елдерінде карантин режимі жеңілдетілгенмен, соңғы кездері індеттің ілмегіне ілінгендер қатары қайта артқан. Сол себепті Франция, Испания, Грекия елдерінің билік өкілдері тиісті шара қолдануға мәжбүр. Осы аптадан бастап француздар барлық жабық қоғамдық орындарда маска тағып жүруге міндеттелді. Мамандар аймақта коронавирустың екінші толқыны басталуы мүмкін дейді.
Испанияда вирус жұқтырғандар саны артқан. Тәртіп сақшылары жағажайға келген демалушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, үйлеріне қайтуға кеңес беріп жатыр. Таяуда Барселона қаласында шектеу шаралары тағы екі аптаға күшейтілді. Гонконгтегі ахуал да осындай. Иранда пандемияның екінші толқыны басталғандықтан, Түркия Иранмен әуе байланысын уақытша тоқтатты. Ал Израиль билігі вирус таралуы бәсеңдемесе, елді толығымен жабу туралы шешім қабылдамақ.
Орта Азия елдеріндегі ахуал да мәз емес. Қырғызстанда дертке шалдыққандар саны шілдеде 4,5 есеге артқан. Коронавирус жұқтырғандар санының күрт өсуіне байланысты ауруханаларда орын жоқ. Елдің денсаулық сақтау жүйесі өздеріне жүктелген міндетті орындай алмай жатыр, ал депутаттар демалысқа кеткен. Елдің ең ірі үш қаласында – Бішкек, Ош, Джалал-Абадта және бірнеше ауданда төтенше жағдай және коменданттық сағат жарияланған. Елде жалпы вирус жұқтырғандар саны – 27 143 адам, қайтыс болғандар – 1 037 адам. Ал Өзбекстанда дертке 17 мыңнан астам шалдыққан.
Қазақстанда 72 мыңға жуық адамнан вирус дерегі анықталса, эпидемия басталғалы бері елде коронавирустан барлығы 585 адам қайтыс болған. Бар жоғы бір аптада 200-ден науқас ажал құшты. Бұдан бөлек, елде өкпе қабынуына шалдыққандар саны артқан. Осыған дейін Денсаулық сақтау министрлігі пневмония диагнозы қойылған науқастардың біразынан коронавирус дерегі анықталған жоқ деді. Бірақ оларды да COVID-19 хаттамасымен емдеді.
Өткен аптада министр Алексей Цой шілде басталғалы 135 мың адам пневмонияға шалдығып, 1555 адам қайтыс болғанын мәлімдеді. Ел билігі 1 тамыздан бастап қоздырушысы белгісіз я зертханада расталмаған вирустық пневмонияны коронавирус статистикасына қосу туралы шешімге келді. Жыл басынан 15 шілдеге дейін 234 мың адам пневмонияға шалдыққан, оның 3,3 мыңы қайтыс болған. Сарапшылар бір айдың өзінде күрт өскен 135 мың жағдайдың барлығы дерлік коронавирусқа жатады деп санайды. Ресми санақтағы 66 895 кейске қосымша шілдедегі 135 641 пневмонияны, мұның тамызға дейін өсетінін ескерсек, вирус жұқтырғандар саны кемінде 203 мыңға шығады.
Әлемде вирус жұқтырғандар саны 15 миллионға жақындады. Ауқымды деңгейде зардап шеккен мемлекеттер төрттігінде – АҚШ (3,7 миллион), Бразилия (2,098 млн), Үндістан (1,118 млн) және Ресей (770 мың) тұр.