Бүгінге дейін әлем бойынша 193 миллион адам коронавирус жұқтырған. Осыған байланысты жер-жерде карантин қатаңдатылып, вакцинациялау қарқыны артты. Бұған наразы Еуропа халқы митингке шықса, Бразилияда шерушілер «пандемияға төтеп бере алмаған» үкіметтің отставкасын талап етті.
Қазір өлім-жітім көрсеткіші мен науқас саны бойынша АҚШ, Латын Америкасы елдері және Ресей антирекорд тізімінде. Америкада коронавируспен ауырғандардың саны тәулігіне 45 мыңнан асқан Бұл өткен аптамен салыстырғанда 65%-ға жоғары көрсеткіш. Ауруханаға түскендердің саны да артқан. Ал вакциналау қарқыны қаңтардан бергі ең төменгі көрсеткішке жетті.
Аустралия билігі Сидней қаласы мен оған қарасты округтегі індеттің өршуін «ұлттық деңгейдегі төтенше жағдай» деп мәлімдеді. Жаңа Отүстік Уэльс штатының Премьері жұқпалы дертпен күресу үшін Сиднейге шұғыл түрде вакцина жеткізуді сұрады. Ресми мәліметке қарағанда, мұнда соңғы бір тәулікте 140 адам вирус жұқтырған. Сол себепті Сиднейде тұрғындардың жүріп тұруына шектеу енгізілген.
Коронавирустың доминантты дельта штамы қазір Еуропаның барлық дерлік елінде тіркелген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері алдағы уақытта ол әлемдегі басым штамға айналатынын айтады. Қауіпті штаммен қатар, Ұлыбританияда вирустың тағы бір жаңа түрі анықталды. Мутацияға әлі атау берілмеген. Негізі оны жұқтырудың әлемдегі ең алғашқы дерегі биыл қаңтарда Колумбияда тіркелген. Осы күнге дейін ол 26 елде расталды. Британдық мамандар вирустың бұл түрі індеттің ауыр формада өтетінін, не вакцинаның тиімділігін төмендетенін растайтын ақпарат жоқ дейді.
Оңтүстік Кореядағы ахуал да мәз емес. Бүгіннен бастап Сеул мен оған қарасты аудандарда коронавирусқа қарсы шектеу шаралары тағы жарты айға ұзартылды. Соңғы бір күнде бұл аймақта 2 мың адам коронавирус жұқтырған. Бұл шілденің бас кезіндегі көрсеткіштен екі есе артық. Мамандар науқастар санының күрт артуын «дельта» штамымен байланыстырып отыр.
Бразилияның Сан-Паулу қаласында президенттің отставкасын талап еткен жұрт ереуіл ұйымдастырды. Наразылық акциясының соңы полицейлермен қақтығысқа ұласқан. Пандемия кезінде Бразилия президентінің халық арасындағы беделі күрт төмендеген. Өйткені оның коронавируспен күрес шаралары көбінің көңілінен шықпай отыр. Айтуларынша, мемлекет басшысының өзі былтыр індетпен ауырса да, әлі күнге дейін оның қаупін жете бағаламайды.
Ал Латын Америкасындағы бұл елде вирусқа байланысты кісі өлімі жарты миллионнан асып кетті. Оның үстіне халық вакциналау науқанының баяу жүріп жатқанын айтады. Қазірге дейін екпенің екі дозасын халықтың 17%-ы алған.
Негізі келесі жылы Бразилияда президенттік сайлау өтуі тиіс. Оған қазіргі мемлекет басшысымен қатар экс-президент Луис де Силва да қатысуы мүмкін. Бірақ әлеуметтік саУалнама нәтижелері халықтың көбі қазіргі мемлекет басшысына емес, де Силваға дауыс беруге дайын екенін көрсеткен.