Әлемде COVID-19 жұқтырғандардың жалпы саны 127 миллионға жетті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша британдық штам Еуропаның барлық өңірінде анықталған. Сарапшылар коронавирустың бірінші толқынын жеңіл еңсерген елдердің өзі үшінші толқынға тосқауыл бола алмағанын айтады.

АҚШ-тың 20 штатында вирустың мутациаланған түрін жұқтырғандардың саны артқан. Бір ғана Флорида штатында індетті жұқтырғандардың орташа көрсеткіші тәулігіне 5000 адамнан асты. Ал штат бойынша вакциналанған тұрғындарының саны болса 15% ғана. Бірақ Американың бірқатар штаттарында қоғамдық орындардағы карантин шаралары, керісінше, жеңілдетілген.

Қазір Еуропаның 27 елінде толық немесе жартылай локдаун енгізілді. Германиядағы Роберт Кох институының сарапшылары үшінші толқынның зардабы алдыңғыдан да ауыр болуы мүмкін дейді. Эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты билік бірнеше ережені қатаңдатты. Мәселен, енді өзге елден келген азаматтар Германияға қонғаннан кейін емес, ұшаққа мінбей тұрып, коронавирусқа тест тапсыру керек. Сондай-ақ вирус жұқтыру деңгейі жоғары мемлекеттен оралғандар 10 күн оқшаулануы тиіс.

Бельгияда сенбіден бастап тұрмыстық заттар дүкендеріне тек алдын ала жазылу арқылы кіруге болады. Сұлулық салондары мен шаштараздар толығымен жабылған. Ал дүйсенбіден бастап балабақшалардан басқа барлық оқу орындары қашықтан жұмыс істеу режимге көшеді. Өткен аптада Бельгияда індеттің жұғу қарқыны 40%-ға өскен.

Ұлыбритания үкіметі шекараны тамызға дейін жабуды қарастырып жатыр. Енді бүгіннен бастап шектеу шаралары шет ел азаматтарына ғана емес, британдықтардың өздеріне де қатысты болмақ. Яғни британ азаматы саяхат үшін әзірге өзге елге шыға алмайды. Бұл талаптарға  бағынбағандар үшін жаза қатаң. Әуежайда белгілі бір себепсіз келгендерге 5 мың фунт немесе шамамен 3 млн тенге айыппұл салынбақ.

Польшада екі аптаға қосымша шектеу шаралары енгізілді. Елде үлкен көлемдегі тұрмыстық дүкендер жабылуда, қалған сауда орталықтарында сатып алушылар санына қатаң шектеулер енгізілуде. Шаштараздар мен сұлулық салондары жабылады, ал балабақшаларды тек дәрігерлердің, әскери қызметшілердің, полиция мен өрт сөндірушілердің отбасылары ғана пайдалана алады.

Португалияда оқытушылар, мұғалімдер мен балабақша тәрбиешілерін AstraZeneca вакцинасымен егу басталды. Аталған препаратты қолдану өткен дүйсенбіден бастап қайта басталды. Ел билігі жаңа егу орталықтарының ашылуымен вакцинацияны жеделдету арқылы шектеу шараларын біртіндеп жеңілдетуге үміттеніп отыр, бірақ әзірге төтенше жағдай режимі тағы бір рет ұзартылды.

Украинада пандемияның үшінші толқыны басталып, вирус жұқтырғандардың саны тәулігіне 15 мың адамға дейін жетті. Қазір елдің 5 облысы коронавирустың таралуы бойынша қауіпті «қызыл» деңгейде тұр. Ал емханалардағы төсек орындарының 70%-дан астамы науқасқа толы. Осыған байланысты карантин шаралары қатаңдатыла бастады. Апта басында қабылданған Украина үкіметінің қаулысы бойынша шет елдерден отанына оралған ел азаматтары да соңғы 48 сағатта жасалған арнайы тестті шекара қызметкерлеріне көрсетуі тиіс.

Қазақстанда да коронавирус дерегі артқан. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 28 наурыз коронавирус жұққан 1492 адам, ал 27-сі күні коронавирус пневмониясына шалдыққан 22 адам тіркелді. Қазір елде 24 мыңға жуық  адам (U07.1 немесе КВИ+ бойынша 21 691, U07.2 немесе КВИ- бойынша 2106) ауырып жатыр. Вирус кейстері жиі тіркелген Алматыда 21 наурыздан күшінде тұрған карантин шектеулері 12 сәуірге дейін ұзартылды. Бұған қоса Алматы билігі бір тәулікте ауырғандар 500-ден асса қатаң карантин енгізетінін ескерткен.

"The Qazaq Times"