Бір күн бұрын сайтымызда Ұйғыр ауданындағы мәселе бойынша Алматы облысының әкім Амандық Баталовтың назарына арнайы материал жарияланған болатын (мына сілтемеден көре аласыз https://qazaqtimes.com/article/77824). Материалда Ұйғыр ауданына қарасты Ақтам және Тиірмен ауылдарындағы ұлтаралық татулыққа жік түсіруі мүмкін жайттар турасында баян етілді. Соның негізінде аудан көлемінде идеология, жастар тәрбиесі, жастарды отансүйгіштікке баулу істерінің ақсап тұрғанын ескертіп, ұлтаралық араздық тудыруы мүмкін ықтимал қатерлер жөнінде облыс әкімінің назар аударуын талап еткен едік.
Талабымыз жерде қалмапты, бүгін облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ғалмұрат Жүкел редакциямызға Ұйғыр ауданындағы мәселе бойынша облыс тарабының ресми жауабын берді. Ғалмұрат Жүкелдің жіберген жауабы мынадай:
Ұйғыр ауданындағы мәселеге қатысты облыстық комиссия құрылып, өңірде жұмыс жүргізді. Нәтижесінде Ақтам орта мектебінің директоры Измахунов Октябрь Турганович, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қапсаламов Мұқаметқали лауазымдарынан босатылды. Сонымен бірге аталмыш мектептің биология пәнінің мұғалімі Кахарова Түрдибуви де қызметінен босатылды.
Бұдан бөлек Ақтам ауылдық округі әкімі аппаратының спорт жөніндегі әдіскер- нұсқаушысы Камаев Сабиржан Суняцунович және Тиірмен ауылдық округі әкімі аппаратының жастар ісі жөніндегі әдіскер- нұсқаушысы Якярова Умида қызметінен босатылды.
Алдағы уақытта аталған жайттардың қайталандасы үшін облыстық комиссия мүшесі облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай аудан белсенділерімен жүздесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Аудан халқы "бір құмалақтың" кесірінен тұтас өңірге сөз тигенін алға тартып, мұндай келеңсіз жайттың орын алғанына өтініштерін білдірді.
Қордаланған жайттер мемлекет тұтастығына қатысты нәзік мәселе болғандықтан да, облыс әкімінің назар аударуы әбден орынды. Облыс тарабынан құрылған комиссия шешімі өңірдегі қордалаған мәселені шешуде айыпты делінген адамдарды жұмыстан қуумен шектелмей, алдағы уақытта өңірдегі идеологиялық қызметті назарынан шығармайды деген үміттеміз.