Қазақ, Қырғыз, Армен, Орыс және Беларусь президенттері құрылғалы басы даудан ажырамаған Еуразиялық экномикалық одақтың келесі бес жылдық даму стоатегиясын қабылдай алмады. Бұл туралы Орталық Азия жаңалықтар қызметі жариялады.
19 мамырдағы видеоконференция форматында (коронавирус пандемиясына байланысты) өткен одақ ішіндегі Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жобаның ішінде "Еуразиялық экономикалық интеграцияның 2025 жылға дейінгі даму стратегиясы туралы жобаны" "толықтыру қажет" деп санайды.
Тоқаевтың пайымдауынша, стратегияда әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті анықтау, кеден ісі, техникалық реттеу, тұтынушылар құқығын қорғау сынды салалар талапқа сай келмейді. Сөзінше, бұл стратегия үкімет пен парламенттің дербестігін шектейді.
"Алдағы бірнеше жылға арналған интеграцияның негізін қалайтын аталған құжаттың ерекше маңызды екенін ескере отырып, оны әлі де талқылап, бетпе-бет кездесу барысында қабылдаған жөн. Ерте ме, кеш пе, біз бір-бірімізбен кездесеміз" деді Тоқаев.
Кремльдің хабарлауынша, Ресей президенті Владимир Путин одақтың реттеу органы саналатын Еуразиялық экономикалық комиссиясының (ЕЭК) ұйымдастыру рөлін арттыруды ұсынды.
Ал Ақорда сайтының жазуынша, Тоқаев "Еуразиялық экономикалық комиссияның өкілетін кеңейту мәселесін мұқият қарауға шақырған". Оның сөзінше, ЕЭК өкілетіне денсаулық сақтау мен білім беруді енгізу Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы 2015 жылғы келісімге қарама-қайшы келеді.
Беларусь президенті Александр Лукашенконың сайтының хабарлауынша, Тоқаев "асығыс шешім қабылдамай", стратегиялық құжатты "әбден пысықтап қабылдауды" ұсынған.
Тараптар стратегияны "жалпы" қолдаған, бірақ қабылдамады.
Еуразиялық экономикалық одақты 2015 жылы Ресей, Қазақстан және Беларусь үштігі құрған. Ресей үстемдігі байқалатын одаққа кейін Армения мен Қырғызстан мүше болды. Тағы бір постсоветтік ел – Молдова бақылаушы. Қазір Өзбекстанның бақылаушы рөлі талқыланып жатыр.