«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруды көздейтін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөз еркіндігіне рұқсат беретін кепілдігі митинг қарсаңында өз күшін жоғалта бастады.
Өткен жұмада, 14 ақпанда Алматыда үш бірдей белсенді қамалып, біреуіне ескерту жасалды. Азаттықтың дерегінше, сот ұйғарымымен Бексұлтан Пернебайұлы – 10 тәулік, Нұршат Низамбинов – 9 тәулік, Альберт Жылқайдаров 15 тәулікке темір торға жабылып, Сәкен Оразовқа ескерту берілген.
Үш азаматтың құқығын қорғаған адвокат Жанар Балғабаеваның айтуына қарағанда, сонымен бірге ақпанның 13-і Қайырбек Кенжеахметов те 15 күнге қамалған.
Оларды 11 қаңтарда өткен «Сергек» бақылау камерасына қарсы акцияға қатысқаны үшін «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» (Әкімшілік кодекстің 488-бабы) деген айыппен абақтыға жапқан.
Осылайша өткен аптада Алматыда әкімшілік жазаға тартылғандар саны сегізге жетті. Ал facebook желісіндегі азаматтық бастамаға мониторинг жүргізушісі #IHaveAChoiсe #ActivistsNotExtremists және адам құқығын қорғауға арналған Qaharman тобы митинг қарсаңында тоғыз қаладағы 25 белсендіге (12-сіне әкімшілік жаза) полиция тарапынан әртүрлі шара қолданылғанын жариялады:
- Дархан Уәлиев – 15 тәулік, 13.02 күні қамалған;
- Қайырбек Кенжеахметов – 15 тәулік, 13.02 қамалған;
- Асхат Жексебаев – 15 тәулік, 14.02 қамалған;
- Марат Айтпаев – 15 тәулік, 14.02 қамалған;
- Альберт Жылқайдаров – 15 тәулік, 14.02 қамалған;
- Бексұлтан Пернебайұлы – 10 тәулік, 14.02 қамалған;
- Нұршат Низамбинов – 9 тәулік, 14.02 қамалған;
- Сәкен Оразов – 14.02 күні ескерту берілді;
- Бағдат Бақтыбаев – 15 тәулік, 10.02 қамалған;
- Мұрат Жымбаев – үйінен алып кеткен, 12.02 полиция оған ҚДТ мүшесі Жанар Ахметованы қолдау хатына қол қойғаны үшін қысым көрсеткен;
- Рейхерт Роман – 2 тәулік, 13.02 қамалған;
- Шалқар Тасыбеков – ұсталған;
- Бекбосын Шалабаев – 10 тәулік;
- Ербол Есқожин – сотқа шақырту алған;
- Бауыржан Әлипқалиев – 10 тәулік;
- Мадина Бәйкенова – полициядан шақырту алған;
- Жанна Байкенова – полициядан шақырту алған;
- Мүслім Сапарғалиев – 15 тәулік;
- Орынбай Орхасов – ұсталып, артынан босатылған;
- Нұржан Мұхаммедов – ұсталып, артынан босатылған;
- Ерік Жұмабаев – ұсталып, артынан босатылған;
- Болат Нұрғазин – ұсталып, артынан босатылған;
- Марат Байғұлин – ұсталып, артынан босатылған;
- Бесжан Күмісбектегі – ұсталып, артынан босатылған...
Әлеуметтік желілерде осыдан ай бұрын экс-банкир, қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов жетекшілік ететін, елде экстремистік ұйым ретінде танылып, қызметіне тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы интернет арқылы азаматтарды 22 ақпанға жаппай митингіге шақырған. Әблязовтің жұртшылықты митингіге үндеуімен қатар жарыса профилакикаға қамданатын ІІМ қоғамда «басқаша ойлайтын» белсенділерді әртүрлі айыптармен үйде немесе изоляторда қамауда ұстауды әдетке айналдырған.
Жоғарыда аталған белсенділер де аталған «санкцияланбаған митинг» қарсаңында жауапқа тартылып жатыр.
Тоқаев өткен жылы 5-6 желтоқсандағы Германия еліне мемлекеттік жұмыс сапары қарсаңында желтоқсанның 4-і Deutsche Welle неміс басылымының тілшісі Жанна Немцоваға берген сұхбатында « Бүгінде жеке пикет жасағаны үшін ешкім жазаланбайды» деген болатын. Сондай-ақ былтыр күздің басында мемлекет басшысы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын таныстырған еді. Бұл «азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратынын» айтқан президенттің сөзі мен ісінің теңдігі туралы қоғам пікірі әр алуан. Тоқаев тұңғыш жолдауында:
«Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет», – деген болатын.
Саясаттанушы Әзімбай Ғали қазіргі ақ сарай басынан саяси дағдарыс кешіріп жатқанын, мұның бірден-бір себебін қосбилік емес, «үшбасты» үкімет пен атқарушы биліктің ішінен ши шығуымен байланыстырады.
– Тұтас биліктің өзі консерваторлар мен прогрессивтер болып екіге бөлінген. Бір-бірін шала тыңдайды, кейде мойындамайды, бір-біріне бағынбайтын сияқты. Билік бір ғана қолға шоғырлануы керек. Бұл бұлғақ, уақытша саяси дағдарыстың қашан аяқталары белгісіз. ...Кетем деген адам, кетпек болсаң зымыра деген принцип болу керек. Саяси люстрация жасау керек, бірінші адам ғана өзгеріп қоймай, бұрынғы кадрлар кету керек жүйеден. ...Билік қазір үшбасты болды: бірі Нұрекең, бірі Тоқаев және бірі Дариға. Қай бас үлкен екенін айтуға болады. Назарбаевтың әкімшілік пәрмені мықтырақ. Мұндай саяси дағдарысты тоқтату керек. Нұрекең «айтқанымнан қайтпаймын, билікті пәленшеге бердім, бәрің соған құлақ асыңдар» деп кесіп айтса дұрыс болар еді. Рационалды әрекеттерді қолға алған дұрыс, – дейді саяси сарапшы Әзімбай Ғали.
Президент «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Үкімет мүшелері, соның ішінде министрлер мен әкімдер мемлекеттік және қоғамдық маңызы бар мәселелерге қатысты шешім қабылдаған кезде азаматтардың ұсыныстары мен тілектерін ескеруі керек. ...«Сыбырдан басқа сыры жоқ, Шаруаға қыры жоқ» замандастарымыз көбеймес үшін билік халыққа әрдайым құлақ түріп отырғаны жөн» деген еді.