29 қаңтар Жаңаөзен тұрғындары Нұрлыбек Нұрғалиев пен Мұратбай Жұмағалиев ереуілден жапа шеккен 100-ге тарта азаматтың ашық хатын  Тоқаевқа тапсыру үшін арнайы астанаға барды. Олар бұған дейін бұрынғы президент Назарбаев кезінде бірнеше рет жолдағанымен нәтиже болмаған. Талап хатта халыққа қарсы оқ атқан және оған атуға бұйрық берген тұлғалар анықталып, есім-сойы нақты аталсын,  «жеті ай ереуілде тұрған мұнайшылардың моральдық шығыны төленсін, зардап шекен отбасыларына мәртебе берілсін» делінген. Қара алтынның қайнарында отырып, қайыршы күй кешкен қараша жұрттың заңды-табиғи ыза-бұлқынысы заңды-сауатты, құқықтық жолмен көрініс беріп жатыр. Байсалды қадам, орынды талапқа биліктің реакциясы қандай болмақ?

Қазақстан тәуелсіздігі кезіндегі ең ауыр қайғының бірі әрі бастысы Жаңаөзен тақырыбы екені айдан анық. Бұл туралы отандық, шетелдік (батыс пен ресейлік) БАҚ әртүрлі деректі фильмдер мен хабарлар дайындады. Десе де бірі бауыр еті баласынан, арқасүйер жарынан, енді бірі әкесінен, әпкесінен қапыда айырылып қара жамылған алаш жұрты мен тәуелсіз сарапшылар, халықаралық ұйымдар мұнайлы өлкедегі бүтін қазақтың трагедиясына шынайы баға берілмегенін айтып келе жатқанына он жылға жуықтады.

Жоғын жоқтап, нақақ ажал құшқан құрбандардың рухын разы етпекке бел буған белсенді аймақтың белсенділігі мен биліктің дайындығы жөнінде жаңаөзендік пен сарапшылардың пікірін сұрастырып көрдік.

 

Полиция оғынан жараланып, 28 мәрте ота жасатқан жаңаөзендік «соңғы үмітіміз Тоқаевта» дейді

Ағайынды Мақсат пен Қайрат Досмағамбетовтер әлі шындығы ашыла қоймаған қайғылы оқиғаның айтып тауысып болмас ауыр зардабын тартты. Тоқаевқа жолданған талап хатқа қол қоюшылардың бірі, 36 жастағы Қайрат 2011 жылы Жаңаөзен қаласында болған қанды оқиғаны есіне алды:

Марқұм Мақсат Досмағамбетовтің ауруханада операция жасатып шыққаннан соңғы суреті. Алматы, 2 сәуір 2015 жыл. Фото: Азаттық

– Менен екі жас үлкен ағам Мақсат оқиға болар күнге дейін 7 ай бойы далада жүрді. «ӨзенМұнайГаз» компаниясында мұнайшы болып істейтін. Желтоқсанның 16-17 күндері өткен ереуілден кейін полицейлер «ұйымдастырды» деп ІІБ-ның жертөлесіне кіргізіп алып, қол-аяғын байлап, мылтықтың дүмбісімен ұрып, бет сүйектерін сындырып тастаған еді. Сот  «жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды» деген айыппен алты жылға жаза кесті. Бетіндегі сүйегі сынғаннан соң онкологиялық ауруға айналып кетті. 2015 жылы денсаулық жағдайының нашарлауына байланысты шартты тәртіппен босап шығып, сол күйі оңалмай 2018 жылы қыстың соңына қарай қайтыс болды. Оған дейін бетінен алған соққының салдарынан қатерлі ісікке ұшырап, артынан отамен бір көзін алып тастаған болатын, – деді.

Жаңаөзендегі оқиғасында оқ тиіп жараланған Қайрат Досмағамбетов пен анасы Оңайгүл Досмағамбетова Алматы ауруханасында. 17 қазан 2013 жыл. Фото: Азаттық

1982 жылы туған жаңаөзендік Мақсат Досмағамбетовтың артында төрт бала қалған. Сондай-ақ 16 желтоқсан Қайраттың өзі де жапа шеккен. Оның сөзінше, «концерт көруге келе жатып, алаңға кіре беріс тұста арнайы жасақтың атқан оғынан жамбас сүйегінен жараланып, күні бүгінге дейін 28 мәрте ота жасатқан». Содан бері мемлекет тарапынан оған бір жолы ғана 500 мың теңге өтемақы төленген. Десе де Қайрат қазіргі таңда жұмысқа жарамсыз, үнемі өз қалтасынан үй жағдайында емделетін көрінеді. Ол президентке жолданған талап хаттан «үміттенетінін», хатта көрсетілген талаптар «орынды» екенін айтады.

 

«Бұйрықтың кім бергенін Тоқаев біледі»

Жаңаөзен ереуілі кезінде жоғары инстанцияда болған шенділер бүгінде одан да биік немесе соған баламалы лауазымда отырған тұста бұл талап орындала қоюы әлде «рұқсат етілген деңгейде» қаралуы мүмкін бе, анығы Тоқаевтың қолынан келе ме деген заңды сауал туады.

Белгілі саясаттанушы Әзімбай Ғали «Саясат болғандықтан, билікке күрес мақсатында түрлі жағдай болады. Халыққа, әрине, әділеттілік керек қазақтың қанын соғыссыз төккені үшін. Меніңше, біз үлкен өзгеріске келе жатырмыз» дейді. Сарапшы атуға кім бұйрық бергенін «мүмкін Тоқаев білетін де шығар» деп меңзейді. Ереуілден соң ел ішінен хабар таратқан сирек журналистің бірі Қанат Тілеухан «Бұйрықты кім бергенін Тоқаев та, көпшілік те біледі деп ойлаймын. Ең бастысы, Жаңаөзен трагедиясының ел есінен кетпеуі» деп санайды.

Қаражамбас мұнайшыларының бейбіт наразылығы. 2 маусым 2011 жыл. Фото: aktau-business.com

Аталған талапқа Тоқаевтың мүмкін реакциясы туралы сарапшылардың пікірі әр қилы. Әзімбай Ғали мұны «қалай болса да Тоқаевтың батылдығы жетпейді, ол мұны тактикалық жағынан пайдалануы тиіс, бұл таптырмас құралы» деп білсе, ал журналист Тілеухан «жаңаөзендіктер талабы, әрине, қазіргі кезде орындалмайды» дейді. Азаматтық журналистикаға үлес қосып жүрген маман «бірақ біз жазықсыз оққа ұшқан бауырларымыздың құнын сұрай беруіміз керек. Алтай, Арқа, Қаратау, мұқым қазақ халқы осыған үн қосуы тиіс. Қылмыс қайталанбауы үшін ол жазалануы шарт қой. Ал қазақ қоғамында қылмыстың артына қылмыс жалғасады. Жаңаөзен қанды қырғынынан кейін жазықсыз жандар сотталды, ұрып-соғу арқылы куәліктер алынды, Боженка сынды шыншыл азамат құпия жағдайда кісі қолынан көз жұмды», – деп, үмітін талапшыл қоғамның әрекетшілдігіне артады.

Бұған қатысты белгілі құқық қорғаушы Абзал Құспан да қазіргі жағдай бұрынғыдан өзгере қоймағандықтан, бүгінгі «мемлекет басшысы Тоқаевтың, «бұрынғы» басшылық кезіндегі ең қанқұйлы оқиғаға объективті баға бере алмасы түсінікті жайт» деп ойлайды. Бірақ ол «бұл – Жаңаөзендіктердің әрекеті мағынасыз дегенді білдірмейтінін» айтып, «әртүрлі деңгейде, әркім өз қолынан келгенше шындықты ашу, әділдікті қалпына келтіру бағытында әрекет жасай бергендері керек. Ол әрекеттердің бірінші кезекте сол оқиғадан жапа шеккен жаңаөзендіктердің өздері тарапынан жасалғаны аса маңызды!» дейді.     

Жалақы мәселесін шешуді талап еткен 1800 мұнайшы жұмыстан қуылып, Жаңаөзен қаласының орталық алаңында аштық жариялаған сәті. 14 қыркүйек 2011 жыл. Фото: aktau-business.com

 

Халық қаласа, хан түйесін соя алар ма?

Саясаттанушы мәселе «кінәлілерді тауып жазалауда» десе, тілші әңгіме «Тоқаевтың осыған қатысты адамдардың аты-жөнін жариялау емес» деп санайды. Қанат Тілеухан айтуынша, мұның себебі олар «бәрі белгілі  адамдар: сол кезде облысты басқарған Қырымбек Көшербаев кейін вице-премьер дәрежесіне көтерілді; жергілікті полиция департаментінің бөлім басшылары ІІМ комитеттеріне жетекшілік етіп кетті. Халық болып үн қату қажет».

Әзімбай Ғалидің пайымдауынша, іс насырға шапқан жағдайда «Назарбаев жазалауға рұқсат береді». Саяси технолог ең дұрысы «...кінәлі кадрларды қатаң жазалап, халықтың көңілін орнына түсіру қажет. Мейілінше ары қарай ушықтырмаған дұрыс. Халықтың ызасын тарқату үшін айыптылар қоғам алдында ашық жауапқа тартылуы керек» дейді.

Ереуіл күні. Фото: әлеуметтік желі

«Бұрын елде «шыдайық, егемен жолдан шығып қалмайық» деген ұлттық сана басым болушы еді, қазір әлеуметтік-таптық, өлкелік сана қалыптасып келеді» деген саясаттанушы билікке мынадай тегін кеңес ұсынады:

– Биліктің ендігі қадамы – халық пен лидерді «сатып алып», популизмге баруы қажет. Соғыспен тәрбиеленген елді құрық-найзамен шошыта алмайсың, әлеуметтік демеу-қаржылық қолдау білдіру арқылы диалогқа келумен шешіледі бұл мәселе. Айыптыларды популистік сипатта жазалап, сонымен қатар аймаққа жақсылықты жаудыру қажет. Жазалау болса, биліктің өзгергенін, яғни жаңа команда келгенін, Тоқаевтың жеңгенін көрсетеді. Халық қаласа, хан түйесін сояды деген бар ғой. Жазалау шарасы болуы тиіс. Халық наразылығын осылайша канализациялау қажет.

Инфрақұрылымды дамытып, жергілікті тұрғынға жағдай жасап, ІІМ басшыларын өзгерту керек. Назарбаевтың жанына жақын болғанына қарамастан, «қандай ірі фигура болса да құрбандық жасауға» тура келеді. Саясатта құйқылжу, құрбындық деген болады, – дейді Әзімбай Ғали.

Жазалау сценарийі иедалды нұсқа болғанымен, оның жүзеге асарына Қанат Тілеухан аса сеніңкіремейді. «Билік қандайда бір статус береді деп ойламаймын» дейді. Өйткені «бұлай етсе, билік өз қылмысын белгілі бір дәрежеде мойындаған болады» деген ол:

– Саяси жүйе өзгермегендіктен бұған саяси баға беру мүмкін емес қой. Қасымовты жазалау немесе жауапқа тарту... қалайша? Сол кезде-ақ «қайта шықса, тағы да атуға бұйрық беретінін» айтып, өз адамдарын ақтап алды. Ал жауапқа тартылған бес полицей қылмыстық кодексте көзделген «кісі өлтіру» бабымен емес, жай «қызметін асыра пайдалану» айыбымен жауапқа тартылды. Артынша уақытынан бұрын бостандыққа шығып кетті, – дейді.

 

Сарапшылар сапырысы: Жаңаөзендіктер мен билік

«Халық та әбден өшігіп алған. Радикалды көңіл-күй басым, ымыраластық жоқ» дейді сарапшы Ғали. Оның болжамына қарағанда, «Тоқаевтың командасынан кейбірі толық билікті алу үшін мұны пайдалануы ықтимал» көрінеді. Саясаттанушы қазіргі ақ сарай басынан саяси дағдарыс кешіріп жатқанын,  мұның бірден-бір себебін қосбилік емес, «үшбасты» үкімет пен атқарушы биліктің ішінен ши шығуымен байланыстырады.

Жергілікті халықты "тыныштандыруға" жұмылдырылған арнайы жасақ. 17-20 желтоқсан 2011 жыл. Фото: ашық дереккөз

– Тұтас биліктің өзі консерваторлар мен прогрессивтер болып екіге бөлінген. Бір-бірін шала тыңдайды, кейде мойындамайды, бір-біріне бағынбайтын сияқты. Билік бір ғана қолға шоғырлануы керек. Бұл бұлғақ, уақытша саяси дағдарыстың қашан аяқталары белгісіз.

Кетем деген адам, кетпек болсаң зымыра деген принцип болу керек. Саяси люстрация жасау керек, бірінші адам ғана өзгеріп қоймай, бұрынғы кадрлар кету керек жүйеден. ...Билік қазір үшбасты болды: бірі Нұрекең, бірі Тоқаев және бірі Дариға. Қай бас үлкен екенін айтуға болады. Назарбаевтың әкімшілік пәрмені мықтырақ. Мұндай саяси дағдарысты тоқтату керек. Нұрекең «айтқанымнан қайтпаймын, билікті пәленшеге бердім, бәрің соған құлақ асыңдар» деп кесіп айтса дұрыс болар еді. Рационалды әрекеттерді қолға алған дұрыс, – дейді саяси технолог.

Жаңаөзендіктердің қиын-қыстау күнінде қасында жүріп, халықтың мұңды жанарын көңілінен өткізген Қанат Тілеухан «ол жерде ел отырғаннан соң, экономикалық реформа жүргізіп, инфрақұрылымды дамыту керек. Олай етпеген жағдайда, саяси тұрақсыз ошаққа айналуы мүмкін» дейді. Және ол Қазақстанда қос билік бар дегенге келіспейтінін жеткізді.  Тілеухан «бізде жалғыз билік бар, ол – абсолюттік Назарбаевтың билігі» деп санайды. Оның пікірінше, «билікте саясаткерлер жоқ». «Саясаткерде кез келген нәрсеге, руханият, әлеуметтік мәселе, саясат, ішкі-сыртқы қатынас туралы позициясы болуы қажет емес пе?» деген өзіндік өлшем-көзқарасы бар қоғам белсендісі:

– Біздегі жағдай уәзірлік, Осман империясындағы сұлтанға қызме тететін пашалар деңгейінде. Барлығы тек бір адамға қызмет етеді.  ...Билік кез келген мәселені шешуде кәсіби тұрғыда дайын емес, халықпен диалог та орната алмайды, жалтақ, түйінді тарқатуда қауқарсыз. Бұл өздерін саяси элита деп санайтын адамдардың бір орында көп отыруынан туған биліктегі дағдарыс, – дейді.

Мұнайшылар. Фото: ашық дереккөз

Адвокат Абзал Құспан «егер арыз бұл жолы да формальды түрде қаралып, әдеттегідей шығарып-салма жауаппен шектелетін болса, онда бұл ел-жұрттың, онда да тек Жаңаөзендіктердің емес, сол оқиғаға жаны ашитын барлық халықтың алдында бұл биліктің қаншалықты бейшара, сорлы екендігін дәлелдейтін кезекті мысал болады» деп есептейді.  Құқық қорғаушы мұны «халықтың билікке сену шкаласы бұрынғыдан бетер құлдилауына» алып келетінін алға тартады. Оның пікірінше, «мұндай жағдай ұзаққа созыла бермесі анық».

– Билік үшін ең қолайсыз аймақ батыс өңірі, оның ішінде Жаңаөзен екені белгілі. Сондықтан, билік басындағылар жауапкершілік мәселесін көтере алмаса да, сол Жаңаөзендіктердің тұрмыс жағдайын жасап, денсаулық пен білім саласына көбірек көңіл бөлулеріне толық мүмкіндіктері бар. Ақша жоқ деген әңгіме далбаса, қазаққа түк пайдасы жоқ ондаған, жүздеген спорт түрлеріне немесе ЛРТ сияқты қайтарымы жоқ жобаларға  бөлініп жатқан миллиардтарға тек Жаңаөзен емес, біраз елді мекендерге жол тартып, сумен қамтамасыз етуге болады, – дейді халық адвокаты атанған сарапшы Құспан.

Ақтау халқы вице-премьер Өмірзақ Шүкеевпен кездесуден кейін. 18 желтоқсан 2011 жыл. Фото: aktau-business.com

Әзімбай Ғали өзге сарапшылардың сөзін қостай отырып, мәселе «дереу шешім таппаса, бүкіл батыс өлке қосылып кетуі мүмкін» деген алаңдаушылығын білдірді. «Биліктің күштілігі – оның оперативтілігінде. Таңдау жасай алмай, дағдарып тұру жөн жол емес» дейді ол.

Мұнда саяси технологияның тереңдігі аса маңызды. Сарапшы ұсынған сценарийдің бір нұсқасы бойынша, «сол кездегі басшының бәрі кінәлі деп, негізгі айыптыларды жаппай жазалау қажет». Осылайша «ең радикалды әдіспен, яғни  ұлттық-әлеуметтік популизм мен қаржылық жарылқау арқылы мәселені түпкілікті шешіп, халықтың ашуын басатындай жазалап, тазарту қажет» дейді. Есесіне «элитаның тыныштығы, дәулеті, іштегі-сырттағы ақшасы, тоқалы мен балаларының жағдайы қауіпсіз болатын» көрінеді.

 

Президент қолындағы «саяси тұтқындарды» саяси имиджіне қолдана білсе...

Қазақстандағы бейресми азаматтық қоғам институтының аяққа тұруын соңғы жылдары анық байқауға болады. Десе де құқық қорғаушылар билік белсенділерді «өтіп кеткен аумаққа қайта жуымас» үшін неше түрлі жасытып-жуасыту әдісін қолданады деп жиі сынайды. Осы орайда наразылар былтыр аймақтағы  жұмыссыздық мәселесін көтергеннен соң бірнеше жыл бұрынғы бұзақылық әрекеті үшін бес жылға бас бостандығынан айырылған, кейін «саяси тұтқын» санатына қосылған Ержан Елшібаевтың да ісін қайта тергеуді сұрады. Дәл осындай сипатта темір торда отырғандар аз емес. «Саяси астары бар» айыптау үкімімен қамалған «саяси тұтқындар» қашан және қандай саяси жүйеде босайтыны туралы құқық қорғаушы сарапшы Абзал Құспан «тек Ержан емес, Мұхтар Жәкішев, Арон Атабек, Макс Боқаев және басқасы бар, бұлардың бәрінің есімі ел аузында. Осынша уақыт бойы арысымызды босатуға толық мүмкіндігі (саяси, заңдық-құқықтық) бола тұра билік мойын бұрмай келді» деп сынады. Ол қазіргі билік те «дәл осы мәселеде дәрменсіздік танытуда» дейді. «Әйтпесе, Тоқаевтың алдына бұл мәселе бір емес, бірнеше мәрте қойылды. Өзіме нақты белгілісі, былтырғы Ұлттық Кеңеске азаматтарды шақырғанда, біраз беделді азамат осы мәселені көлденең тартып бармай қойған болатын. Бұл жерде билік (бұрынғысы бар, қазіргісі бар) ұтылғанда да мықтап ұтылуда, біріншіден, олар осы кезге дейін аттары аталған азаматтардың наққты кінәсін дәлелдейтіндей қоғам алдында ой-пікір қалыптастыра алмады. Олардың бар қолдарынан келгені, шетелдік, отандық БАҚ-тар қанша айтып-жазып жатса да естімеген күй танытып, ләм-мим ауыз ашпай қойды. Бұл қоғам алдында атаған азаматтардың әлдеқашан ақталып қойғанының анық белгісі, ел үшін қазір олар нағыз батырлар, болды!» – дейді адокат. Тоқаев халық алдында бедел жиғысы келсе, «оның нақты әрі төте жолы –  батырларды (саяси тұтқындар – ред.) темір тордан босату, Жаңаөзен оқиғасына объективті баға беру» екенін айтады. Оған бұл күннің ауылы алыс еместей түйіледі екен.

Азаматтық белсенді, адвокат Абзал Құспан. Фото: сарапшының жеке мұрағатынан

Ал Қанат Тілеухан «президент өзінің мемлекеттік БАҚ алдына шығып, есеп бермеген соң, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруы мүлдем мүкін емес» деп топшылайды. Оның тұжыруына қарағанда, «бұл декоративті демократия орнатқан Назарбаев жүйесін уәде беру арқылы әрмен қарай жалғастыру ғана.  Азаматтық талапшыл қоғам оянбайынша, осылай жалғаса береді, саяси тұтқындар көбейе береді. Азаматтық қоғамның сұранысынан сапалы саясаткерлер пайда болады, сол кезде ғана бірдеңе өзгеруі ықтимал».

Тәжірибелі журналист «саяси қуғының» қыр-сыры әлеуметтік топқа байланысты әртүрлі жүретінін айтады. Ол «белгілі тұлғалардан тартып алатын беделі, қызметі, жиған-тергені болса, халықтың ең аяулы дүниесі өмірі ғана бар» дейді. Сондықтан «ел шүкіршілікпен, «май жемесек те, қара нан әзірге болады» деген психологиямен күн кешіп отыр. Негізі қандайда бір саяси жүйе өзгеру үшін жоғарыдан емес, төменнен басталуы керек. Мәселені тұрғын емес, азамат ретінде сезінгенде ғана өзгерістер басталады. Меніңше, тағдырлас посткеңестік елдердің саяси сахнасында Зелинскийдің, Саакашвилидің пайда болуы – азаматтық қоғамның талабынан» деп тұжырады.

Темірдей қаруланған тәртіп жасағы. Фото: ашық дереккөз

Сондай-ақ сарапшы саяси тұтқын атанудың сыртында қоғамда небір қитұрқы лас әдістердің қолданылатынын мәлімдеді. Бұл жөнінде:

– Ең қорқыныштысы, бұрын заңмен жазаланушы еді, ал қазір өз пікір-хақына күресушілерге қарсы криминалды күштер араласуда. Мұны көпбалалы аналардың арасында журналисті соққыға жығу, тәуелсіз БАҚ-қа шабуылдау, тетушкалардың пайда болуынан байқауға болады, – дейді.

 

Әу баста...

2011 жылы тура Тәуелсіздік күні Жаңаөзен қаласында полиция қарусыз-бейбіт мұнайшыларға оқ атқан қайғылы оқиға болды. Айлап аштық жариялағанына қарамастан, талабы ешқандай оң шешім таппағандықтан шарасыз ереуілге шыққан мұнайшылар мен қала тұрғындары жапа шеккен. Жаңаөзен қаласы мен Маңғыстау облысының билігі полицияның қару қолдануын «қорғану» деп түсіндірді.

Билік бейбіт бұқараға қол көтерген трагедияда, ресми дерек бойынша, 16 азамат қаза тауып, жүздеген адам жараланған. Қала тұрғындары мен құқық қорғаушылар, құрбандар саны бұдан көп деп санайды. Мұнайшылар ереуіліне қатысқан азаматтарды қосқанда, 37 адам жазаланды. Бес полицей мен азаптау оқиғалары болған изолятордың бастығы жауапқа тартылды.

Қанат Тілеухан «Тәуелсіздік кезеңі тарихындағы ең ауыр трагедия енді қайталанбасы үшін ешқашан ұмытылмауы қажет, биліктің алдынан шыға беруі керек» дейді.

"The Qazaq Times"