Президенттен тартып, мемлекеттік хатшыға дейін «Қаңтар оқиғасына» қатысты тергеу, сот істерінің әділ болатынын уәде еткен еді. Алайда, күллі ел азаматтары көз тігіп отырған аталмыш оқиғаға қатысты алғашқы сот үкімінің өзі күдікті әрі таласты пікірлерге толы болды.
Ел тарихындағы елеулі оқиғаға қатысты алғашқы сот үкімінде Өжет Жеңісхан мен Бақыт Оңтай қатарлы Алматы облысы Есік қаласының тұрғындарына Алмалы аудандық соты Қылмыстық кодекстің 291 бабы 3 бөлігі бойынша («Қарулы, оқ-дірілерді, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып алу») айып тағып 5 жыл жаза кескен.
Сотталушылардың жақындары сот үкімімен келіспейтінін, балаларының тероррист емес екенін айтып, президент Тоқаевтың іске араласуын сұрап отыр. Айталық, Ожет Жеңісханның әкесі Жеңісхан Әкрәмұлы президенттің атына жолдаған видео үндеуінде: «Менің ұлым террорист емес. Ешқандай қылмыстық ұйымға қатысы жоқ. Алаңға өзінің талабын айту үшін шықты. Бейбіт шеруге қатысты. Сол кезде әлдекімдер қару кезеп, қорқытып, қолына қару ұстатып жіберген. Ол қарудан оқ атылмаған. Құрметті президент, сізден ұлымызға араша түсуді түсуді сұраймыз. Жаңа Қазақстандағы сот жүйесі әділ шешім шығарарын айтып едіңіз, біздің баламызға әділетсіз үкім шығарып отыр”, – дейді.
Айыпталған азаматтардың жақындары олар ұсталып кеткеннен сот үкімі шыққанға дейін жақындарымен кездестірмегенін айтады. Ал, мемлекет жағынан тағайындалған адвокат Құралай Қалиасқаров айыпталушылардың айыпты мойындағанын мәлемдеген.
Жасы жиырмадан енді ғана асқан, тепсе темір үзетін екі жігіттің ісіне қатысты сот шешімі елеулі оқиғаға қатысты алғашқы сот үкімі екенін ескерсек, бейбіт наразылық білдіргені үшін немесе кездейсоқ алаңда болып қалғаны үшін тергеу абақтыларына түскен, полициядан қиындау, азаптау көрген азаматтардың ісіне қатысты сот үкімдерінің шынайылығы мен әділдігі туралы күдікке жол ашады.
Қазіргі таңда, «Қаңтар оқиғасы» кезінде алаңға бейбіт түрде барып өзінің азаматтық пікірін жеткізбек болған талайлаған азаматтың істі болып, тіпті тергеу абақтыларында азаптауға ұшырап жатқаны белгілі. Тергеу абақтыларында азаптау фактлерінің болғанын мемлекет тарабы да мойындаған. Ең қиыны азаптау арқылы қылмыстық жауапкершілікті мойынына жүктеп жатқандары да болуы әбден мүмкін. Бұл президент Тоқаев айтқан «Жаңа Қазақстанның» сот жүйесіне деген халық сеніміне де қатысты іс болып отыр.