Алматыда ұлт руханиятының айнасы әм ел тағдырының келбеті болып келе жатқан Қазақстан Жазушылар одағы мен «Қазақ әдебиеті» газетінің 85 жылдығы кең көлемде тойланды.

Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өткен мерекелік пленум отырысына алыс-жақын шетелдерден қонақтар, ел зиялылары мен жоғары лауазымды шенділер қатысты. Қазақтың «Үш бәйтерегі» атанған Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов сынды ірі тұлғалар басқарған орда басынан сан қилы кезеңді өткергені белгілі.

Жазушылар одағының іргетасы 1934 жылы қаланған. Құрылтай кезінде Ілияс Жансүгіров төраға болып сайланған болатын. Сондай-ақ Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сияқты ұлт қайраткерлерінің ерен еңбегі оның одақ болып қалыптасуына үлкен септігін тигізді.

Мерекелік пленум басталар кез. 9 желтоқсан 2019 жыл. Алматы. Фото: ҚЖО

Мерейтойға 8 мемлекеттен келген жазушылар одағының басшылары мен мүшелері қатысты. Сонымен қоса Қазақстанның мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев пен қала әкімі Бақытжан Сағынтаев баяндама жасады. Бұдан кейін ұйымның осы жылдар аралығында жеткен жетістігі мен атқарылған ауқымды жұмыстары туралы айтылды. Сөз мінбесіне шыққан Ұлттық академия басшысы, ғалым Мұрат Жұрынов одақ ұжымын, ел халқын құттықтап, академия мен одақтың тағдырлас екенін сөз қылып, аталған маңызы зор ұйымдардың қоғамдық бірлестік деңгейіне түсіп кеткеніне қынжылысын білдірді. Сонымен қатар Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов, белгілі ақын Олжас Сүлейменов ақжарма тілектерін жаудырып, жылы лебізін жолдады.

Белгілі ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов. 9 желтоқсан 2019 жыл. Алматы. Фото: ҚЖО

Жазушылар одағы бүгінде 800-ден астам қаламгердің басын біріктіріп отыр. Ал қазір оның құрамына көптеген жас қаламгер қосылған. Сондықтан кез келген жазушыға ерекше құрметпен қарайтын көпшілік бұл ұйымнан әрқашан медеу болар мінез бен демеу болар сөз күтетіні рас. Қазақ қара сөзінің қарашаңырағының құрылғанына 85 жыл толуына орай, пленум қарсаңында одақ төрағасы ақын Ұлықбек Есдәулетұлы берген сұқбатында биылғы оң үдерістер жайына тоқталып:

Одақ басшысы, ақын Ұлықбек Есдәулетұлы арнайы баяндама оқыды. 9 желтоқсан 2019 жыл. Алматы. Фото: ҚЖО

– Биылдың өзінде Жазушылар одағы мүшелігіне 400-ге жуық өтініш түсті. Жалпы Қазақстан бойынша 800-ге жуық мүше бар. Олардың 600-ге жуығы зейнет жасындағы адамдар. Менің ойымша, қазір біз жас ұрпақты көтеріп, шығармашылығына қолдау беруіміз керек. Әдебиетіміздің күші жастарда, әдебиеттің келешегі де жастарда. Біз жастарды мүшелікке алып, қамқор болып, жағдай жасауымыз керек, – деген еді.

Салтанатты жиын соңында қаламгерлік қырымен танылып, аға буын мен әдебиетсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленіп жүрген, сөз додасында қара үзіп үлгерген бір топ жас одақтың мүшелігіне қабылданды. Қырымбек Көшербаев өз кезегінде «Жазушылар одағының тарихында жүздеген томға жүк болатын тағдырлар шежіресі жатыр» деп тамсанса, қала басшысы Бақытжан Сағынтаев:

Руханият қарашаңырағына құттықтай келген қала әкімі Бақытжан Сағынтаев. 9 желтоқсан 2019 жыл. Алматы. Фото: ҚЖО

– Сүйікті қаламыз туралы қалам тербемеген жазушы, толғанбаған ақын жоқ десе болады. Қазір Алматыда Жазушылар одағының 360 мүшесі тұрады. Сол қаламгерлермен кең көлемде де, жеке де бірнеше мәрте жүздесіп пікір алмастық», – деді.

Қазіргі таңда қаламгерлердің жасыл үйінде қызу жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Биыл шілдеде шаһар бастығы Сағынтаев одақ ғимаратының тозғанын ескеріп, жалға берілген мекеменің жерін қайтаруға уәде берген еді. Ғимараттың жөндеу жұмыстарына бюджеттен 250 миллион теңге бөлінген.

Ресей, Тәжікстан және түркі тілдес елдерден келген әдеби делегация өкілдері "Үш бәйтерек" кітабының тұсаукесеріне қатысты. 9 желтоқсан 2019 жыл. Алматы. Фото: ҚЖО

Кеш барысында мемлекеттік хатшы өз сөзінде одақты мемлекет бюджетінен қаржыландыру бастамасы қаралып жатқанын хабарлады. Жоғары инстанцияның әдебиет ошағын қолдауына қатысты әлеуметтік желі қолданушылары әртүрлі пікір білдіріп жатыр. Соның бірі, белгілі журналист Болат Мүрсәлім қоғамдық ұйымдарды қаржыландырудың түбі декоммунизацияға көлеңкесін түсіретінін айтады. Ол «Егер бюджеттен одаққа ақша тікелей берілетін болса, онда ол заңға қиғаш сықылды. Одақты қаржыландырса, Суретшілер, Кинематографтар одағын да, Діни басқарманы да қаржыландыруы керек. Тіпті, марка жинаушылар мен кактус өсірушілер бірлестіктерін де қолдау керек. Қоғамдық ұйымды бүйтіп түгел қаржыландырса, біз советтік жүйеге қайта ораламыз. Ол бізге керек емес», – дейді өзінің facebook  парағында.

Белгілі журналист Болат Мүрсәлім. Фото: ашық дереккөз

 

"The Qazaq Times"