Швейцария Конфедерациясының президенті, қаржы министрі Ули Маурердің Қазақстанға ресми іссапары басталды. Ақорда» резиденциясында қонақты салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтіп, тараптар екіжақты келіссөздер жүргізді. Басқа жиындардан ерекшелігі, келіссөздер тікелей эфирден көрсетілді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ули Маурерді қыркүйекте Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас ассамблеясының 74-ші сессиясында шақырған болатын.

Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық, транзиттік-көлік, ауыл шаруашылығы, ақпараттық-коммуникациялық, цифрлық, туристік, зергерлік салаларда, фармацевтикада, денсаулық сақтау және білім беруде, жасыл экономика мен су шаруашылығы саласында, сондай-ақ АХҚО, Дүниежүзілік банк, ХВҚ, ДСҰ бойынша ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

Кездесу барысында Швейцария президенті: «Қазақстан біз үшін саяси әрі экономикалық тұрғыдан Азия мен Еуропа арасын жалғастырушы көпір саналады. Сіздердің елдеріңіздің әлемдегі және халықаралық қоғамдастықтағы рөлі артып келеді. Біз Азия мен Еуропа арасындағы қарым-қатынастарды шынайы, ашық және тікелей талқылай алатын, сондай-ақ, құрлықтар арасындағы өзара ықпалдастықты қамтамасыз етуге, экономикалық қатынастарды нығайтуға бірлесе үлес қосатын Қазақстан сияқты серіктесіміздің бар екеніне қуаныштымыз», – деді. Өз кезегінде мемлекет басшысы Швейцария – Қазақстан экономикасындағы маңызды инвесторлардың және негізгі сауда серіктестерінің бірі екенін атап өтті.

Швейцария-Қазақстан делегациясы келіссөздер барысында. Елорда, 22 қараша, 2019 жыл. Фото: https://www.inform.kz

Қазақстан Швейцариямен 1992 жылы 1 маусымда дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы құжатқа қол қойған. Швейцария сауда айналымының көлемі бойынша Ресей, Қытай, Италия, Голландия және Франциядан кейінгі орында. Негізінен еліміз Швейцарияны энергия тасымалдау көздері, асыл тастар және металмен қамтамасыз етіп отыр. Ал Швейцария импорты Қазақстанға химия өндірісі, сағат, оптика және фармацевтика өнімдерін ұсынып келеді.

Швейцария Қазақстанның аса ірі сауда серіктестерінің ондығына және негізгі инвесторларының үштігіне кіреді. Ұлттық банк статистикасы бойынша, 2005-2015 жылдар аралығында Швейцарияның тікелей инвестицияларының көлемі 14,5 млрд. АҚШ долларына жеткен. Аталған мерім ішінде Қазақстанның инвестицияларының көлемі 802,8 млн. АҚШ долларын құрады. 2005 жылдан бері Швейцария Қазақстан экономикасына $24 млрд-тан астам қаржы инвестициялады. ҚР-да швейцариялық капиталдың қатысуымен 324 компания тіркелген, оның ішінде «Glencore International AG», «Philip Morris», «Nestle», «Ammann Asphalt GmbH» және т.б. бар.

2018 жылы тауар айналымы $3,1 млрд, ал биыл 9 айда $1,9 млрд құрады, осы жылдың бірінші жартыжылдығында көрсетілетін қызметтер саудасы өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 40%-ға артқан. Қазіргі уақытта Қазақстанда 40-қа жуық швейцариялық компаниялар жұмыс істейді.

Осыған дейін Қ.Тоқаев АҚШ президентімен және бірқатар Еуропа елдерінің басшыларымен кездесу өткізді. Алдағы уақытта Франция президенті Эммануэль Макронның Қазақстанға сапары және Қ.Тоқаевтың Германияға ресми іссапары жоспарланып жатыр. Кей сарапшылар президенттік қызметке биыл кіріскен Тоқаев дамыған елдердің үлгісін алмақ ниетте десе, кей сарапшыларда президенттің Ресей және Қытайға «бүйрегі бұрады» деген гипотеза туындаған. Бұл ой-пікірлердің қаншалықты сәйкес келетіндігі іс жүзінде белгілі бола жатар.

Сөз соңында айта кетер болсақ, Швейцария билігі Қазақстанның экономикалық серіктесі Ресейдің әрекетін қатаң сынға алатын мемлекеттердің бірі. Былтыр швейцариялық «Sonntags Zeitung» газеті қауіпсіздік жөніндегі жергілікті агенттіктердің бірінің бағалауы бойынша Швейцариядағы әрбір төртінші ресейлік дипломат елге арнайы тапсырмамен келіп, астыртын әрекеттерді жүзеге асыратынын жариялады. Сол жылы Нидерланды, Ұлыбританияда, Аустрия сынды бірқатар Еуропа елдерінде арнайы мақсатпен тыңшылық жасады деген күдікпен ресейлік азаматтар ұсталған болатын.

"The Qazaq Times"