Кеңес одағының қанжұқты шекпенінен шыққан 15 мемлекеттің тек екеуінің ғана ұлттық валютасы орыс тілінде. Оның бірі табиғи хақылы – Ресей болса, екінші декоммунизация көрмеген, отарсыздана алмаған Қазақстан. Қалған 13 ел өз банкнотын өз тілінде басып шығарады.
Кеңес одағы ыдырап, орнына одақтас елдер «сырты басқа, заты бір» жаңа ұйым құрғаны тарихтан белгілі. Осыдан 28 жыл бұрын желтоқсанның 8-інде Минскідегі Ресей, Белорусь және Украина басшылары кездесіп, 1922 жылғы қабылданған КСРО құру туралы құжатты жарамсыз деп таныды. Артынша 13 желтоқсан Ашхабадта Азия мен Қазақстан басшылары басқосып, жоғарыдағы үштіктің шешімін қолдағаны есімізде. Сөйтіп 20 желтоқсан Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан басшылары Алматыда 21 желтоқсанда ТМД-ны құру туралы Келісім хаттамасына қол қойған.
Батыс және дамыған елдер тарапынан КСРО-ның «заманауи формасы» деп сыналатын Тәуелсіз мемлекеттер достастығы ұйымына кіретін елдер «теңқұқықты субъектілер» ретінде танылғанымен, «Орыс әлемі» идеясы ең ықпалды жүргізілетін аймақ.
Грузия 1993 жылғы желтоқсанда ТМД қатарына қосылып, көп ұзамай 2009 жылғы 18 тамызда бірлестіктен шығып кетті. Жарлық бойынша ТМД «мемлекет болып табылмайды және ұлтүстілік өкілеттікке ие емес», дей тұрғанымен тәуелсіз саясаткерлер мен сарапшылар ұйым мүшелігіндегі елдер ССР-дің негізгі мұрагері қазіргі Кремльдің (РФ) «бейресми ықпалында» екенін алға тартады.
Армения, Әзірбайжан, Белорусь, Қырғыз, Молдова, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан республикалары Қазақстан қатарлы одақтас болғанымен, бүгінгі таңда мемлекеттік тіл мәселесінің басын ашып алған елдер. КСРО құрамында немесе ТМД мүшелігінде болған, кейін өз алдына іргесін бөліп кеткен постсоветтік Грузия, Латвия, Литва, Украина, Эстония елдерінің ешбірінде ұлттық банкноты орыс тілімен қосарланып басылмайды.
Кеңес одағының қан жұққан шекпенінен шыққан 15 мемлекеттің тек екеуінің ғана ұлттық валютасы орыс тілінде. Оның бірі табиғи хақылы – Ресей болса, екінші декоммунизацияны өткермеген немесе отарсыздана алмаған Қазақстан. Қалған 13 ел өз банкнотын өз тілінде басып шығарады. Өйткені, ұлттық валюта – тәуелсіздік пен дербестіктің басты атрибуттық айғағы. Әнұраны қазақша елдің купюра-монетасы қостілді. Қандасты қынжылтатын, жатты күлдіретін одағай жағдай.
1993 жылдың күзінде Қазақстан ТМД елдерінің ең соңында рубль аймағынан шықты. 1993 жылы қарашаның 12-сі күні Назарбаев «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» жарлыққа қол қойды. Үш күн өткен соң 15 қараша күні таңертеңгі сағат 8-ден басталып, 20 қарашада сағат кешкі 8-де аяқталып, тәуелсіз Қазақстанның өз валютасы қаржы нарығына айналымға енгізілді. Әйттеген-айы, әлі күнге дейін валютаны мемлекеттік тілге икемдей алмауымыз. Орыстілді билік өкілдері мен шалатілді олигархтар қалауы – ұлттық валютаны ұлтсыздандыру. 1997 жылдан бері 15 қараша төл валютамыздың туған күні әрі қаржыгерлер күні болып белгіленді. 26 жылдың ішінде әлемдік параметр АҚШ долларына шаққанда сексен үш есе құнсызданған төл теңгеміздің нарықтық бағасы бөлек әңгіме. Сөзіміз дәлелсіз болмас үшін ұлттық валютасын ұлттандыра алған посткеңестік елдер мен қосұлтты қазақстандық валютаның үлгілерін ұсынамыз.
ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай шығарылған мерейтойлық банкнот 10 000 теңге Н.Назарбаевтың бейнесі мен қостілді мәтін берілген. 2016 жылғы шығарылым.
1000 теңгелік купюра үлгісі. Әдетте, қазақстандық банкноттардың алдыңғы беті – мемлекеттік тілде, артқы беті – орыс тілінде басылады. 2014 жылғы шығарылым.
Ресей Федерациясының 100 рубльдік купюрасы тек орыс тілінде басылады. 2015 жылғы шығарылым.
Арменияның ұлттық алютасы 500 драм купюрасы. 2017 жылғы шығарылым.
Әзірбайжанның 5 манаты. 2017 жылғы шығарылым.
Белорусьтің 200 000 рублі. 2017 жылғы шығарылым.
Грузияның 10 ларейі. 1995 жылғы шығарылым.
Молдаваның 200 лейі. 2013 жылғы шығарылым.
Латвиялық 100 лат. 2007 жылғы шығарылым.
Литвалық 50 лит. 2003 жылғы шығарылым.
Украинаның 20 гривені. 2016 жылғы шығарылым.
Қырғыздың 200 сомы. 2017 жылғы шығарылым.
Тәжікстанның 100 сомониі. Алдыңғы беті – тәжік тілінде, артқы беті – ағылшын тілінде. 2017 жылғы шығарылым.
Түркіменстанның 20 манаты. 2017 жылғы шығарылым.
Өзбекстанның 50 000 сумы. 2017 жылғы шығарылым.
Эстонияның 100 кроны. 2007 жылғы шығарылым.
Қазақстанның тағы бір 20 000 теңгелік купюра үлгісі. Әдетте, қазақстандық банкноттардың алдыңғы беті – мемлекеттік тілде, артқы беті – орыс тілінде басылады. 2013 жылғы шығарылым.