Халықаралық «Шекарасыз тілшілер» (Reporters sans frontières/RSF) және «Журналистерді қорғау комитеті» (Committee to Protect Journalists/CPJ) ұйымдары Қазақстан билігін аймақтағы белгілі журналист Амангелді Батырбековті дереу босатуға, сөз бостандығын шектемеуге шақырды.
Аудандық «Сарыағаш инфо» газетінің редакторы, азаматтық қоғам белсендісі, журналист Амангелді Батырбеков қыркүйектің 23-і Сарыағаш аудандық сотының үкімімен Қылмыстық кодекстің «жала жабу» (130-бап) және «қорлау» (131-бап) баптары бойынша 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылған еді. Соттың қабылдаған уәж-шешімінде «Батырбековтің Facebook парақшасына жариялаған бес жазбасына арнайы сараптама жасалған. Сараптама қорытындысы бойынша «жәбірленуші, Келес ауданы білім бөлімінің басшысы Бақтияр Абдиевтің ар-намысына тиетін, қадір-қасиетін қорлайтын сөздер бар екені анықталған», – делінген.
Ал 8 қазан Шымкент қонақүйлерінің бірінде жергілікті белсенділер аймақтағы белгілі журналист Амангелді Батырбековті босату туралы баспасөз жиынын өткізіп, қолдау комитетін құрған болатын.
«Шекарасыз тілшілер» (RSF): БҰҰ-да қарашада өтетін Адам құқықтары кеңесінің қарсаңында «қудалау үлгісін» көрсетті
Кеше халықаралық «Шекарасыз тілшілер» (RSF) ұйымы жарияланған мәлімдемеде «Белсендіге шығарылған үкім – Қазақстанның журналистерді қалай қудалайтынының кезекті көрінісі» деп бағалады.
«Қазақстанның оңтүстігінде журналист жала жапты деген айыппен түрмеге жабылды» деген тақырыпта жарық көрген мәлімдемеде ұйымның Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдері бөлімінің басшысы Йоханн Бир:
– Көптеген заң бұзушылықтармен өткен сот процесінен соң осындай қатаң үкім шықты. Егер Қазақстан билігі реформа туралы сөзіне жұрт сенсін десе бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына байланысты әрекеттерді қылмыс деп тануды доғаруы керек. Біз сот жүйесін апелляцияны басқа юрисдикцияда қарауға және сөз бостандығының халықаралық стандарттарына сәйкес келетін шешім қабылдауға шақырамыз, – дейді.
Біржақты қаралған іске араша сұраған ұйым сот процесіндегі «былықтарды» егжей-тегжейлі талдайды. Сот Батырбековке түрмеге жабудан бөлек «2000 евро, яғни 800 мың теңге көлемінде айыппұл кескенін» де ескерген. Ұйым осылайша «Қазақстан 7 қарашада өтетін БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінде оқылатын кезекті Жалпы мерзімдік шолудан бірер апта бұрын журналистерді қудалаудың соңғы «мысалын» көрсетті» деп сынайды. Сонымен қатар, RSF Түркістан облысында құзырлы органдарға Батырбековтің апелляциялық шағымының әділ тыңдалуын қамтамасыз етуін талап еткен 500-ге жуық журналистер мен белсенділердің қолы қойылған ашық хат табысталғанын, оның қараусыз жатқанын айтады.
«Мұндай мәселелер азаматтық істер қатарында қаралуы тиіс» – «Журналистерді қорғау комитеті» (CPJ)
«Журналистерді қорғау комитеті» (Committee to Protect Journalists, CPJ) Қазақстан билігін журналист Амангелді Батырбековті тез арада босатып, оған тағылған барлық айыпты алып тастауға шақырды. «Билік журналиске еркін әрі қауіпсіз жұмыс істеуіне мүмкіндік беруі тиіс» делінген CPJ мәлімдемесінде.
Кеңсесі Нью-Йорк штатында орналасқан «Журналистерді қорғау комитеті» (Committee to Protect Journalists, CPJ) «Қазақстан билігі журналист Амангелді Батырбековті тез арада босатып, оған тағылған барлық айыптарды алып тастап, оның еркін әрі қауіпсіз жұмыс істеуіне мүмкіндік беруі тиіс», – деп хабарлады.
Жергілікті ақпарат құралдары мен сот құжаттарына сүйенген CPJ жазуынша, Батырбеков шығын өтеуі ретінде 2,1 миллион теңге (шамамен 5 300 доллар) төлеуі тиіс. Ұйым қарамағындағы Еуропа және Орталық Азия бағдарламаларының координаторы Гүлноза Саид «Ел билігі журналист Батырбековті тез арада босатып, оның үндеуіне қарсы әрекеттенбеуі қажет. Сонымен қатар, жала жабу және қорлау туралы қылмыстық заңдарын зайырлылыққа тән құндылықтармен жетілдіру керек. Мұндай мәселелер азаматтық істер қатарында қаралуы тиіс» дейді.
CPJ Қазақстанның ІІМ Орталық және аймақтық филиалдарына қоңырау шалып, электронды пошта арқылы хабарламалар жолдағанын әрі белсендіге шағымданушы Білім бөлімінің басшысы Бақтияр Абдиевке хабарласқанын, бірақ ешбірінен ешқандай жауап ала алмағанын жазған.
Қазақстандағы сөз еркіндігінің тынысын тарылтқан қос бап
8 қазанда өткен жергілікті белсенділер брифингінде адвокат Шынар Ермекованың айтуынша, «сот тергеуі екі рет Амангелді Батырбековтің қатысуынсыз өткен. Заң бойынша айыпталушының қатысуынсыз сот тергеуін өткізуге тыйым салынады. Сараптама да біржақты жасалған. Батырбековтің сотқа түсірген бірнеше өтінішінің ешбірі, соның ішінде, судья Зәуре Әлсееваға сенімсіздік білдіргені де қанағаттандырылмаған».
Айта кетерлік жайт, халықаралық және отандық тәуелсіз сарапшылар мен медиабақылаушылар Қазақстанда Қылмыстық кодекстің «Жала жабу»(130-бап) әрі «Қорлау» (131-бап) баптары «желеулетіп» сөз бостандығы жиі шектеліп, пікір еркіндігі қысымға ұшырайтынын айтады. Соңғы кездері Қазақстанда да мемлекеттік тапсырыс алатын ресми БАҚ-тардан бөлек тәуелсіз ақпарат ұйымдарына қысым арта түскен. Саяси өзгерістердің қызу науқаны тұсында өткен азаматтық қоғам мен ашынған жұрттың митинг-шерулерінде тілшілерге бірнеше рет кедергі келтіріліп, тіпті шабуыл да жасап, тілшілерге көзді жасаурататын газ шашқан. Шілдеде Алматыда қазақстандық адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау бюросына баспасөз жиынына қатысуға барған Азаттық пен өзге де БАҚ тілшілеріне «биліктің жалдамалылары» делінетін әйелдер тобы қол жұмсап, кәсіби техникасын сындырған. Бір қызығы, полиция өкілдері БАҚ өкілдерінің қызметіне жасалған кедергілерді көре тұра ешқандай шара қолданбайды. Шілдедегі бассыздықтың да арты сұйылып кетті, шабуылдаушылар туралы ресми мәлімдеме жасалған жоқ.
RSF халықаралық ұйымының рейтингісінде сөз бостандығы бойынша Қазақстан 180 елдің ішінде 158-орында тұр.