БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гутерриш журналистердің қауіпсіздігі ескерілмейтініне әрі оларға қарсы жасалған қылмыстың жазасыз қалып қоятынына алаңдаушылық білдірді.

Журналистерге жасалған  қастандықтың заң алдында жауапқа тартылмауы жаңа қылмыстарға жол ашады. 2017 жылдың қаңтары мен 2019 жылдың маусымы аралығында 207 журналист белгілі тараптардың қолынан көз жұмған. Оларды жиі қорқытады, қамауға алады я аңду салады, қысым көрсетеді. 2016-2017 жылдары 182 журналист, жалпы соңғы онжылдықта (2006-2017 ж.ж.) 1010 журналист өлтірілген.

Өлтірілген 207 журналистің 117-сі бейбіт елдерде жұмыс істеді, олар көбінесе қылмыстық топтар мен жемқор шенеуніктердің жосықсыз әрекеттерін сынап, әшкерелегендер.  90 БАҚ қызметкері қарулы қақтығыстар жүріп жатқан бар елдерде қаза тапқан.

Бұл туралы кеше БҰҰ бас хатшысының «Журналистердің қауіпсіздігі және жазасыздық мәселесі» атты жаңа баяндамасында айтылды. БҰҰ басшысы барлық елдерге сөз еркіндігі мен  БАҚ бостандығы қоғамдағы өзара түсіністік пен диалогты нығайту үшін негіз болып табылатынын айтып еске салды.

«Соңғы жылдары журналистерге физикалық шабуылдар жасалғаны туралы хабарламалар мен оларды аңдып, тұтқынға алғаны туралы ақпар жиілей түсті. Журналистерге қатысты қылмыстар тиісінше зерттелмейді. 10 қазаның тек біреуінде айыптау үкімі шығарылып жатады», – деді бас хатшы.

Бас хатшы БҰҰ журналистердің қауіпсіздігін және оларға қарсы жасалған шабуылдардың жазасыздық мәселесін күн тәртібіне енгізу үшін арнайы «Іс-қимыл жоспарын»  қабылдағанын мәлімдеді. Сонымен қатар Антониу  Гутерриш  әр елді БАӨ өкілдерінің  қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өздерінің ұлттық стратегияларын әзірлеуге шақырды.

Былтыр 2 қарашада ЮНЕСКО жанынан 1993 жылдан бері әлемдік қауымдастыққа тіркелген журналист немесе БАҚ өкілінің өліміне қатысты әрбір іс бойынша тергеу барысы туралы ақпараты бар онлайн-дерекқор құрылған болатын. Оның айтуынша, қазіргі таңда аталған қылмыс түрі бойынша әр елден ресми-бейресми деректер сұратылып, жинақталуда. Әзірге белгіл ресми ақпарат боынша, 1993 жылдан бері әлемде 1356 журналист қастандықпен қаза тапқан.

Соңғы кездері Қазақстанда да мемлекеттік тапсырыс алатын ресми БАҚ-тардан бөлек тәуелсіз ақпарат ұйымдарына қысым арта түскен. Саяси өзгерістердің қызу науқаны тұсында өткен азаматтық қоғам мен ашынған жұрттың митинг-шерулерінде тілшілерге бірнеше рет кедергі келтіріліп, тіпті шабуыл да жасап, тілшілерге көзді жасаурататын газ шашқан. Шілдеде Алматыда қазақстандық адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау бюросына баспасөз жиынына қатысуға барған Азаттық пен өзге де БАҚ тілшілеріне «биліктің жалдамалылары» делінетін әйелдер тобы қол жұмсап, кәсіби техникасын сындырған. Бір қызығы, полиция өкілдері БАҚ өкілдерінің қызметіне жасалған кедергілерді көре тұра ешқандай шара қолданбайды. Шілдедегі бассыздықтың да арты сұйылып кетті, шабуылдаушылар туралы ресми мәлімдеме жасалған жоқ.

«Reporters Without Borders» халықаралық ұйымының рейтингісінде сөз бостандығы  бойынша Қазақстан 180 елдің ішінде 158-орында тұр.

1993 жылдан бері әлемде 1356 журналист қастандықпен өлтірілген. Фото: ЮНЕСКО

"The Qazaq Times"