Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісовті 95 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, жеделхат жолдады.
Ақорда жариялаған хабар бойынша, мемлекет басшысы Тоқаев «Сізді егемен еліміздің әдебиеті мен мәдениетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан аса көрнекті жазушы, сөз өнерінің патриархы ретінде қадірлейміз. Қазақ қаламгерлері арасынан дараланып шығып, бірегей тұлға дәрежесіне көтерілген Өзіңізді үнемі мақтан етеміз», – деген жеделхатында.
Сонымен қатар жазушының «Қан мен тер», «Соңғы парыз» романдары қазақ көркем сөзінің алтын қазынасына еніп, әлем әдебиетінде өзіндік орны бар рухани құндылыққа айналғаны жайында да айтылған. Жазушының жалпыадамзаттық мәселелерді арқау еткен шығармалары арқылы халқымызды бүкіл дүние жүзі танығанына да тоқталған.
«Баршаны алаңдатқан Аралдың ахуалы Сіздің қайталанбас туындыларыңызда көрініс тапты. Ел мүддесін жаһандық деңгейге жеткізіп, оқырманның шексіз ықыласына бөленіп келесіз»,– деп жазды Мемлекет басшысы.
Президент мерейтой иесіне «Жазушылық жолыңыз, ғибратты ғұмырыңыз жалғаса берсін! Сізге зор денсаулық, шығармашылық табыс, бақ-береке тілеймін» деген ықыласын білдірген деседі.
Асылдардың сынығы, заңғар қаламгер Әбдіжәміл Нұрпейісов 1924 жылдың 22 қазанында Қызылорда облысының Арал ауданы Құланды поселкесіндегі Үшкөң ауылында дүниеге келген. Ол қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан суреткерлердің бірі, қоғам қайраткері. Күллі әдебиетсүйер қауымға мәшһүр «Қан мен тер» трилогиясы, «Соңғы парыз» дилогиясы Ә.Нұрпейісовтің ғана емес, күллі қазақ әдебиетінің табысы ретінде бағаланады. «Қан мен тер» трилогиясы орыс, француз, испан, чех, румын және түрік тілдеріне аударылған. Осы роман бойынша жасалған инсценировкасы М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының репертуарынан тұрақты орын алып, экранға шығарылған. Таңдамалы әдеби-сын мақалалары «Толғау» (кейіннен «Жүрегі толы жыр еді») деген атпен қазақ және орыс тілдерінде жеке кітап болып шыққан. 1985 жылы «Ақбидай туралы аңыз» атты очерктер жинағы жарық көрген. А.Чеховтың, М.Горькийдің, Назым Хикметтің, испан жазушысы А.Кэсоның шығармаларын қазақ тіліне аударған.
Әбдіжәміл Нұрпейісов әдебиеттегі алғашқы қадамын бірден романнан бастады. II Дүниежүзілік соғыстан жаңа оралған майдангер іштен тебіндеген албырт шабыты қолына қалам ұстатқанда, ақ қағазға алдымен қанды ұрыстан, өмір мен өлім айқасынан алған әсерін түсіреді.
Ол әсердің молдығы сонша, әскерден босанысымен, төрт-бес жыл бойы табан аудармай істеген еңбегі «Курляндия» атты қалың романды дүниеге келтіреді (1950). Бұл шығарма әдебиетке өз қазынасымен, тың суреттерімен қосылды. Қазақ оқырманын окоп шындығына қанықтырып, жауынгер тірлігінің тереңінде жылап аққан ағысын, тыныс-лебін тікелей ұрыс шебінен елестетті. «Курляндия» кейін толықтырылып, әрі ықшамдалып «Күткен күн» (1958) атымен қайта шықты.
Қаламгер турасында Шыңғыс Айтматов: «Мен Нұрпейісовтің кітаптарын баяғыдан бері оқып келемін, оның талантты да татымды прозасына баяғыдан бері ғашықпын. Одан көп нәрсе үйрендім, онымен сан рет сырластым да, бірақ онымен әр кездескен сайын, оны жаңа көріп білгендей боламын да тұрамын. Адам ретінде, сұхбаттас-сырлас ретінде ол әманда терең, салиқалы да сабырлы»,-деген екен.
Ал, жазушы Дулат Исабеков: «Әбдіжәміл Нұрпейісов шығармаларын оңай жазып көрмепті. Алғашқы «Курляндия» романы мен «Қан мен терді» қалай жазғанын мен білмеймін. Мен білетін, жазу процесінің барлық сәтіне бастан-аяқ куә болғаным–осы «Соңғы парыз» романы. Бұрын он рет, жүз рет, тіпті өмір бойы көріп-біліп, бастан кешіріп келген оқиғаларды көркем шығармаға айналдырып, қағазға түсірер сәтте сол оқиғаларды ерінбей-жалықпай тағы да әлденеше рет көңіл сүзгісінен, көркемдік безбенінен өткізіп барып жазу – Нұрпейісовтің қанына сіңген қасиет»,-дейді.
Қаламгер турасында шетелдік жазушылар да жоғары баға берген. Солардың бірі франциялық Лили Дени: «Өмірдегі әділетсіздік атаулыға қарсылық білдірген қаламгер қарапайым тілмен үлкен шындықты айта білген. Осынау сөз саптаудағы қатал кірпияздығының арқасында Нұрпейісов өзіне ғана тән таңғаларлық қолтаңбасы бар, заманымыздың ең терең жазушыларының бірі дәрежесіне көтерілген»,-дейді.
Сондай-ақ, испаниялық Аугуст Видал да: «Қан мен тер» туралы. «Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абайынан» кейін тарихи романға құлаш сермеу тек жүрек жұтқандардың ғана қолынан келетін тірлік. «Абай» қазақ әдебиетіндегі эталон-роман. Оқырман кез келген жаңа романды сонымен салыстырады», деп баға берген.