«The Qazaq Times» ақпараттық, қоғамдық-саяси порталының қазақ тіліндегі БАҚ қатарында, әсіресе еліміздегі санаулы ғана тәуелсіз басылымдар сапында қызмет етіп келе жатқанына төрт жыл толды. Тағы да қайталап айтар болсақ, бейтараптық қағидасына сай ешкімге бұра тартпадық және рейтинг жарысына да түспедік. Қазақ халқына, қазақ мемлекетіне әлемнің әр түкпірінде болып жатқан түрлі қоғамдық-саяси, әлеуметтік жағдайларды объективті түрде қаз-қалпында жеткізуге күш салдық. Биыл да ел ішіндегі қоғамдық-саяси жағдайды жіті қадағалауға тырыстық.
Жыл басындағы ұлтаралық жанжал ретінде танылған Қордай қақтығысынан бастап күні кеше өткен Тәуелсіздік күнгі митингілерге дейін, пандемия тұсындағы биліктің әрекеті, «маусым-шілде қырғыны», денсаулық сақтау саласындағы қордаланған мәселелер мен коронавирус статистикасындағы кемшіліктер, күштік-арнайы құрылымдар және азаматтық қоғамның қарым-қатынасы, күнделікті эпидемиологиялық ахуал жөнінде; халықаралық хабарлардан: қайта қалпына келген Брексит келісімі мен Трамп-Байден арасындағы дауыс дауы, саяси полистердің сыртқы саясаттағы жүрістері жайлы т.б. көптеген жаңалықтарды дер уақытында барынша қалың қауымға жеткізуге күш салдық.
Өткен күндердің естелігінде қалатын 2020 жылы да журналистеріміз әлемнің әр қиырындағы елеулі оқиғаларды, ауқымды мәселелерді қазақ қоғамына жеткізіп, олардың жаһандық ұлы көште келе жатқан Қазақстан сынды елімізге тигізетін оң немесе теріс ықпалдары туралы, ел ішіндегі әлеуметтік, қоғамдық-саяси ахуалдар жөнінде журналистік ойларын жеткізіп отырды. Ел жаңалықтары бойынша орталық аппараттар мен үкімет құрамының назарын өзекті мәселелерге аударту, сұрастыра-зерттеу бағытымыз біршама беки түсті.
«The Qazaq Times» порталының құрылғанына 4 жыл толуына орай, осыған дейін бізге сенім артқан тұрақты оқырмандарымызға алғыс білдіреміз. Әрі алдағы уақытта да жаһандық және ел ішінің жағдайларына бірге назар аударамыз деп сенеміз.