Бүгін Шымкент қонақүйлерінің бірінде жергілікті белсенділер аймақтағы белгілі журналист Амангелді Батырбековті босату туралы баспасөз жиынын өткізіп, қолдау комитетін құрды.
Азаттықтың хабарлауынша, аудандық «Сарыағаш инфо» газетінің редакторы, журналист Амангелді Батырбековке қыркүйектің 23-і Сарыағаш аудандық соты Қылмыстық кодекстің «жала жабу» (130-бап) және «қорлау» (131-бап) баптары бойынша 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған. Соттың қабылдаған уәж-шешімінде «Батырбековтің Facebook парақшасына жариялаған бес жазбасына арнайы сараптама жасалған. Сараптама қорытындысы бойынша «жәбірленуші, Келес ауданы білім бөлімінің басшысы Бақтияр Абдиевтің ар-намысына тиетін, қадір-қасиетін қорлайтын сөздер бар екені анықталған», – делінген.
Істі болған БАҚ өкілін қолдауға елуге тарта азамат келіп қатысқан. Белсенділердің бірі брифингте «Амангелдіге бостандық» деген жазуы бар плакат ұстап отырған деседі Азаттық тілшісі Дилара Иса. Журналистің жұбайы әрі қоғамдық қорғаушысы Гүлзада Баймұратова мен адвокаты Шынар Ермекова сот тергеуінде «іс біржақты қаралып, Батырбековтің құқығы шектелді» деп мәлімдеді.
Адвокат Шынар Ермекованың айтуынша, «сот тергеуі екі рет Амангелді Батырбековтің қатысуынсыз өткен. Заң бойынша айыпталушының қатысуынсыз сот тергеуін өткізуге тыйым салынады. Сараптама да біржақты жасалған. Батырбековтің сотқа түсірген бірнеше өтінішінің ешбірі, соның ішінде, судья Зәуре Әлсееваға сенімсіздік білдіргені де қанағаттандырылмаған».
- Бұл - сот тергеуіндегі өрескел қателік. Сарыағаш аудандық сотының үкіміне апелляциялық шағым түсірдік, – дейді адвокат Ермекова. Баспасөз жиынының қорытынды бөлімінде «бостандық» деп ұрандатқан белсенділер «сыңаржақ үкімнің құрбаны» Амангелді Батырбековті қолдау комитетін құрған.
Азаттық ұсынған деректерге сүйенсек, Амангелді Батырбековті 2015 жылы күзде Сарыағаш аудандық соты Қылмыстық кодекстің 130-бабының ("Жала жабу") 3-бөлігі бойынша бір жарым жылға бас бостандығынан айырған. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа шағымданған соң іс қайта қаралып, ақталған. Арызданушы Сайрам ауданы прокурорының орынбасары Нұрлан Сапаров осы іс бойынша қайта шағымданғаннан кейін бір жыл алты айға бас бостандығы шектеліп, рақымшылық туралы заңға сәйкес 2017 жылы бостандыққа шыққан.
Айта кетерлік жайт, халықаралық және отандық тәуелсіз сарапшылар мен медиабақылаушылар Қазақстанда Қылмыстық кодекстің «Жала жабу»(130-бап) әрі «Қорлау» (131-бап) баптары «желеулетіп» сөз бостандығы жиі шектеліп, пікір еркіндігі қысымға ұшырайтынын айтады. Соңғы кездері Қазақстанда да мемлекеттік тапсырыс алатын ресми БАҚ-тардан бөлек тәуелсіз ақпарат ұйымдарына қысым арта түскен. Саяси өзгерістердің қызу науқаны тұсында өткен азаматтық қоғам мен ашынған жұрттың митинг-шерулерінде тілшілерге бірнеше рет кедергі келтіріліп, тіпті шабуыл да жасап, тілшілерге көзді жасаурататын газ шашқан. Шілдеде Алматыда қазақстандық адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау бюросына баспасөз жиынына қатысуға барған Азаттық пен өзге де БАҚ тілшілеріне «биліктің жалдамалылары» делінетін әйелдер тобы қол жұмсап, кәсіби техникасын сындырған. Бір қызығы, полиция өкілдері БАҚ өкілдерінің қызметіне жасалған кедергілерді көре тұра ешқандай шара қолданбайды. Шілдедегі бассыздықтың да арты сұйылып кетті, шабуылдаушылар туралы ресми мәлімдеме жасалған жоқ.
«Reporters Without Borders» халықаралық ұйымының рейтингісінде сөз бостандығы бойынша Қазақстан 180 елдің ішінде 158-орында тұр.