Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі әзірлеген аккредитация жайлы жаңа ереже журналистер мен құқық қорғаушылардың наразылығына қарамастан қабылданды.

Ақпарат министрі бекіткен жаңа заңда журналистер модератор талабына бағынуға және баспасөз тақырыбынан ауытқымауға тиіс. Zan.gov.kz сайтында жарияланған құжат бойынша, медиа қауымдастықтың қарсылығына ұшыраған жаңа заң жобасын барлық ведомство бірауыздан мақұлдаған.

Бұған дейін ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева бұл заң журналистердің құқықтарын шектеуге бағытталмағанын айтқан. Алайда журналистер  мұны биліктің осы ережелер арқылы сөз бостандығын шектеуге, тәуелсіз БАҚ өкілдерін аккредитациядан айыруға негіз етеді деп қауіптенген. Сонымен қоса,  тілшілер сыни сауалдарға қарсы бағытталған деп санайды.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» айналуды мақсат тұтқан Қазақстанда ақпарат құралдарының қызметіне жиі кедергі келтіріліп, ауық-ауық қысым көрсетіледі. Пандемия кезінде дәрігерлермен тілдеспек болған, бейбіт жиындардан ақпарат таратып жүрген немесе сайлау науқанында, тіпті тікелей эфирде өтетін ОКҚ, ОСК баспасөз брифингтерде тілшілерге  түрлі кедергі жасалады. Қазақстан дүниежүзіндегі сөз бостандығы рейтингінде 180 елдің ішінде 157-орында тұрады.

"The Qazaq Times"