Қырғызстан астанасында сөз бостандығын шектейтін заңның қабылдануына қарсы шеру өтті. Жүздеген наразылық білдірушілер қаланың теміржол вокзалынан ұлттық парламент пен Қырғызстан мемлекет басшысының әкімшілігі орналасқан ғимаратқа дейін жүріп өткен.

Марш барысында қатысушылар «Еркін елде өмір сүргіміз келеді!», «Еркіндік!», «Гүлшат, мандатты тапсыр!» деп ұрандатты. Соңғы ұран «Ақпаратты манипуляциялау туралы» заң жобасын қабылдауға бастамашы болған депутат Гүлшат Асылбаеваға қарата айтылған.

Бұл заңды Қырғызстан парламенті өткен аптаның ортасында қабылдады. Заң талқылауына баспасөз өкілдері қатыстырылмады және тікелей эфирде көрсетілмеді. Заң шығарушы орган аппараты бұған бірқатар парламентшілердің, соның ішінде отырыстардың трансляциясын ұйымдастыруға жауапты баспасөз қызметкерлерінің коронавирусқа шалдығуы себеп деп түсіндірді.

Заң әлеуметтік желілердегі қолданушылардан және сайт иелерінен олардың аты-жөнін, электрондық пошта мекен-жайын, «заңдық маңызы бар хабарламаларды жіберу» үшін мекен-жайын көрсетуді талап етеді. Сонымен қатар жалған хабарламаларды жариялаған қолданушыларды жауапқа тартуды қарастырады. Қырғызстанның БАҚ өкілдері мен құқық қорғаушылары бұл заңның қабылдануын «республикадағы сөз бостандығына шабуыл» деп санайды.

«Біз азат боп тудық, ешкім бізді құлдыққа сала алмайды. Депутаттар бізге тосқауыл бола алмайды. Біздің елдің 6 миллион тұрғыны бес жыл бойы осы депутаттардың әрекеттерінен зардап шекті», – дейді шеруге қатысушылардың бірі.

Қырғызстан заңнамасына сәйкес, парламент заңды қабылдағаннан кейін құжатқа ел президенті қол қоюы керек. Шеруге қатысушылар мемлекет басшысынан заңға вето қоюды талап етті.

"The Qazaq Times"