Биыл әлем ақпарат кеңістігі Гонконгтағы бірнеше айға созылған наразылық шерулеріне баса назар аударды. «Жел шықпаса шөптің басы қимылдамайды» дегендей, қайшылық қайдан пайда болды деген сұрақ көптің көкейінде тұрғаны анық. Төменде осы тақырып турасында сараптап көрелік.
Шығыстағы финанс орталығы
Гонконг әлемдегі Нью-Йорк, Лондоннан кейінгі үшінші ірі қаржы орталығы. «Шығыстағы меруерт» атымен әйгілі, халық саны 7 млн 480 мыңнан асады. Оның 93.6 пайызы қытайлар. Қала экономикасында 19 пайызы финанстық қызмет өтеуге, 21.5 пайызы кеден тасымалына,12.2 пайызы саудалық қызмет өтеуге, 4.5 пайызы туризм саласынан келеді. Қаладағы ірілі-ұсақты банктердің саны 800-ден асады. Порттан күніне 22 млн тонна тауар жөнелтіледі. Қытайдан экспорт етілген тауарлардың да көбі Гонконг порттарында кемелерге тиеліп, алыс құрлықтарға аттанады. Гонконг – әлемдегі ең қарбалас порт қалалардың бірі. Халықтың орташа кірісі 61600 АҚШ долларынан асып әлемдегі кірісі ең жоғары елдердің қатарына кіреді. ЖІӨ-нің 42.9 пайызы қызмет өтеу саласына тәуелді. Басты өндірістерінен киім-кешек, ойыншық, сағат, электронды тұтыну бұйымдары мен пластик өнімдер құрайды.
Тарихи тұрғыдан алғанда
Эрамыздың 1840 жылдарына дейін Гонконг шағын ғана балықшылық аралы болатын. Бұл тұста манчжурлардың Чиң (Цинь) патшалығының Қытайды билегеніне екі ғасырдан асқан еді. Цинь империясы сол заманның ең бай мемлекеті еді. Халық саны 400 млн шамасында және әлем экономикасының 30 пайызын иелейтін ірі экономикаға ие еді. 1840 жылғы «Апин соғысында» ағылшындардан жеңілген Цинь империясы Нанкинде теңсіз шартқа қол қойып, Гонконг аралын Англияға бөліп берді. Бұған қоса 21 млн күміс төлем төледі. Әрі, Гуанчжоу, Фучжоу, Сяамень, Нинбо, Шанхай қаланы сауда және сауда порттары етіп ашты. Содан бастап Гонконг Қытайдан мүлде бөлектенген аймаққа айналды.
1980 жылдары Дың Шяупин қытай билігін қолына алғаннан кейін реформа жасап Батыс елдеріне ел есігін ашты. Біріккен Корольдік пен арадағы сәтті келіссөздерден кейін, 1997 жылы шілдеде Гонконгты Қытайға қайтарып алды. Алайда, Гонконгты капиталистік түзім сақтала беретін, Қытай әскері тұрмайтын, өз билігі өзінде болатын Қытайға қарасты ерекше әкімшілік регион ету шартымен қайтарып алды. 154 жыл ұқсамаған қоғамдық түзілісте өмір сүрген Гонконг тұрғындарына Қытайдың үстемдігі мүлде ұнамады. Бұл қайшылық уақыт өткен сайын ашыққа шыға берді.
Саяси қақтығыстар
1997 жылдың өзінде Қытай коммунистері Гонконгта «Қайта құру тобы» деген саяси ұйымды астыртын құрып, оларды билікке шығарып, сол арқылы өз үстемдігін орнықтырмақ болды. Алайда, Гонконг тұрғындарының, саяси партияларының күшті қарсылығынан кейін, коммунистік билік тізгінін тартып алды және орайдың келмегенін түсінді.
2012 жылы Лиян Жінфін атты Қытай шенеулігі «Гонконг пен Шынжын аймақтарын тоғысуы» атты стратегиялық жобаны сынап көрмек болды. Бұл да күшті қарсылыққа тап болды.
2014 жылы әйгілі «Қолшатыр революциясы» туылды. Алғашында он мыңдаған адам шеруге шықса, 26 қыркүйекке келгенде шерушілер 1.2 млн адамға дейін жетті. Шеру екі жарым айдан аса уақыт жалғасты. Сол кездегі Гонконг тұрғындарының талабы мынау еді: «Қытай Мемлекеттік Халық құрылтайының 2017 жылға дейін Гонконг әкімшілік лауазымдыларын тағайындауын тоқтату; 2016 жылы жаңа заң қабылдап Гонконг үкіметіндегі лауазымдыларын халық өзі сайлау; Гонконг басшыларын Қытай үкіметінің тағайындауын тоқтату.
Сол тұста дербестік ұранын көтерген Гонконг жастары да бой көрсеткен еді.
Менталитеттік қақтығыс
150 жылдан астам уақыт материктегі Қытайдан бөлек, ұқсамаған қоғамдық құндылықта жасаған, сонымен қатар Батыстың демократия, адам құқығы, құқықтық түзім сынды негізгі құндылықтарын ұстанған гонконгтіктер мен ішкі қытайлықтардың менталитеттік айырмашылығы зор еді. Тіпті, менталитеттік бөліністер анық байқалып тұрды.
2012 жылы қытайлық Күң Чиңдұң атты желі қолданушы Гонконг тұрғындарын ауыр сөздермен балағаттап, екі тараптың онсыз да асқынып тұрған пікір қайшылығын үдетті. 2017 жылғы Гонконг әуежайындағы қытайлықтардың «ботқа оқиғасы» секілді қытайлық туристердің әлеуметтік ортаның тазалығына мән бермейтіні, айғайлап сөйлеп, қоқсықтарды беталды тастауы, түкіруі, беталды дәрет сындыруы секілді толып жатқан жағымсыз әрекеттері Гонконг азаматтарының ашу-ызасын қоздыра түсті.
Шын мәнісінде, бұл жағдайды өркениеттер арасындағы қақтығыс деуге болады. Бұл шынын қуғанда өркениеттер ара қақтығыс еді. Гонконг қайшылығы турасында гонконгтік танымал зиялы қауым өкілі Чін Иүнгін: «Қытай-Гонконг қайшылығының қайнары мынау – Қытай үкіметі көптеген саяси қадамдар арқылы Британ үстемдігі кезінде орнатылған құндылықтарды жоюды көздейді. Ал, бұны Гонконг тұрғындары «Бір елде екі түзім» ұстанымын, яғни, 1997 жылы жасалған келісімді бұзу деп санайды. Олар және Гонконгтың адамдық құқық, заң, сот жүйесі, ақпараттық дербестік пен бостандығына қол сұғуда. Бұл құндылақтарды Британ орташылдығының жемісі ретінде бағалауындаү Олар Гонгконгқа социализмді зорлықпен таңбақшы», – деген пікірін білдірген.
Демек, Бейжің билігінің Гонконгты Ішкі Қытай провинцияларымен бірдейлікке келтіруге ұмтылуы, демократия мен адамдық құқыққа қол сұғу әрекеттері әрекеттері Гонконг дағдарысының негізгі себебі деуге болады.
Имигрант мәселесі
1949 жылы Қытайда коммунистік билік орнағаннан бастап қуғын-сүргін мен ашаршылық қатарлы түрлі себептермен миллионнан астам қытайлық Гонконгты паналаған. Олар Қытайдың коммунистік режиміне тіс-тырнағымен қарсы деуге болады. 2001 жылы Гонконгтың соңғы апелляциялық соты негізгі заңның 24-ші бабы бойынша шығарған Чжуан Фэнгюанның ісі Гонконгта тұру құқығы жоқ Гонконг тұрғындарынан туған балалар Гонконг азаматы қатарында саналатын білдірді. 2003 жылдан бастап «еркін саяхатты» бағдарламалары арқылы Қытайдан көптеген жүкті әйелдер босану үшін Гонконгқа барды, сонымен қатар, босану үшін жедел жәрдемге де ие болатын болды. 2010 жылы Гонконгтың тұрақты тұрғыны болып табылмайтын Қытайдағы жүкті әйелдер, Гонконгта 32 мың 653 нәрестені дүниеге әкелді. Бұл 2001 жылғы көрсеткіштен (620) қарағанда 50 есе көп.
2001 жылдан бастап 2011 жылға дейін Гонконгта тұру құқығын алған 170 000-нан астам «қосарланған сәбилер» Гонконг қоғамында наразылық тудырды. Себебі, олар перзентханалардағы орындардың жетіспеуі секілді түрлі игіліктерді бөлісу мәселесінде қайшылықтар жаратты. Гонконг азаматтары бұған бірнеше рет наразылық білдірді. Лян Чжэнинг 2012 жылы бас атқарушы қызметке тағайындалғаннан кейін, ол әкімшілік шаралар арқылы аталған мәселені азайтты, бірақ бұл шараны бұзу үшін жалған неке қолданғандар да болды. 1997 жылдан бастап ішкі қытайлықтардың Гонконгқа көптеп қоныстануы да қайшылықты асқындырды.
Дербестік мәселесі
2007 жылғы ХКУ-дың сауалнама нәтижесі көрсеткендей, сауалнамаға қатысушылардың 25 пайызы тәуелсіз тенденцияларға ие болды. Ал, дербестікке келіспейтіндер 64,7 пайызды құрады. Гонконг азаматтарының 33 пайызы «Егер Қытай Коммунистік партиясы Қытайда басқаруды жалғастырса, бұл Гонконгтың дербестікке ұмтылысын арттырады» деп қарайды.
Сауда қақтығыстар
Гонконг экспортының 54,1 пайызын Қытай, 7.7 пайызын АҚШ, 4.2 пайызы Жапония иелейді. Ал, импортының 44.6 пайызы Қытайдан, 6.4 пайызы Сингапурдан, 5.5 Жапониядан, 5.2 пайызы АҚШ-тан кіреді. Соңғы жылдары басты сауда серіктесі болған Қытаймен сауда қайшылығы жиіледі. Бұның ең негізгі себебі – Қытай тауарларының сапасы еді.
Гонконг кәсіпкерлері батыстық сауда мәдениетін ұстанады. Ал, Қытайдың 1978 жылдан кейін ғана іркі саудаға араласқан кәсіпкерлері немесе лауазымдылардың туыс-туғаны секілді қалталылары сауда мәдениеті төмен болды. Бұған қоса сапасыз тауар өндіріп сататын, заңсыз сауда жүргізіп, құқықтық жауапкершіліктен пара арқылы жалтарғысы келетін алаяқ саудагерлерінің әрекеті құқықтық түзімі кемелді Гонконг базарында ұнамсыз әрекеттерімен көзге түсті. Бұл дағы екі тараптың сауда қайшылығын арттырды.
Айталық, 2008 жылы Қытайдағы белгілі бір сүт өндіруші компания адам ағзасына аса зиянды сүт өнімін шығарды. «Улы сүт» Гонконг базарына Қытайдан кіргендіктен Гонконг Қытайдан сүт өнімін алуды тоқтатты. Бұған қарамастан Қытай лауазымдылары: «Қытайдың қолдауынсыз Гонконг өлі қалаға айналады, Гонконг тұрғындары күн сайын ішетін су үшін бізге алғыс айтуы ойлауы керек!», – деген секілді наразылықты өршітетін мәлімдемелер жасады.
Егер Гонконг болмаса...
1980 жылдары кедей әрі мешеу, ауылшаруашылығын негіз етіп келген Қытайды Батыс елдеріне есігін ашты. Дамыған елдер Қытайдың күй талғамайтын, жұмысқа шөгел әрі арзан да мол еңбек күшіне және шикізат байлығының көптігіне қызығып, Қытайға зауыттар мен компанияларын кіргізе бастады. Ал, 30 жыл ішінде Қытайға кірген 660 мың шетелдік кәсіпорынның 70 пайызы Гонконг арқылы кіріп отырды. Сол арқылы 150 млн шамасындағы халықты жұмыспен қамтыды. Бұл да Қытай экономикасының дамуындағы басты факторлардың бірі. Қытай басшысы 2018 жылғы мәлімдемесінде Гонконгтың Қытай дамуындағы үлесін жоғары бағалады.
Реформа енді басталған тұста алғаш рет Қытайда кәсіпорын құрушы да Гонконг болды. Статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, 2017 жылдың соңына дейін 417 мың 32 шетелдік компания Гонконг арқылы Қытайға кірген. Жалпы инвестиция 1 триллион 9 миллиард 300 млн доллардан асқан. Бұл шет елдерден кірген қаржының 53.1 пайызын ұстайды. Осыған қарай отырып, дамыған елдер және дамыған елдер мен Қытай арасында көпір болған Гонконг болмаса Қытайдың бүгінгі экономикалық дамуын елестету қиын деуге болады.
Гонконгтың Қытай экономикасына болған ықпалын бүгінде әлемге әйгілі болған Шынжын қаласының дамуынан да көруге болады. Шағын ғана балықшылық қыстағы Шынжын Гонконгтың экономикалық ықпалында 20 жыл ішінде 10 млн халқы бар осызаманданған қалаға айналып , элекронды бұйымдардың өндіріс орталығына айналды. Бұдан тыс Қытайдағы мыңнан астам ірі компаниялардың иесі Гонконг азаматтары болып, жалпы инвестиция 5,8 трлн Гонконг долларына тең.
Экстадициялау немесе қашқындарды Қытай үкіметіе ұстап беру туралы заң жобасы және наразылық шерулер
Global Financial Integrity таратқан мәліметке қарағанда, Гонконг Қытай үкімет қызметкерлерінің шетелге ақша тасымалдайтын желісіне айналған. 2000-2011 жылдары жылына шамамен 200 миллиярд Гонконг доллары (160 миллиард қытай юанына тең) көлеміндегі жылыстатылған ақшалар Гонконгқа келіп «жуылып» отырған. Тіпті бұл кіріс Гонконг жалпы ішкі өнімінің 10 пайызын иелеген. Қытайдан жылына миллиардтаған ақша осылай Гонконг арқылы сыртқа ағылып отырған. Бүкіл әлемдегі осындай заңсыз жолмен жылыстатылған қаржының көлемі 1,5-3 трлн долларды құрайды. Бұл әлемдік ЖІӨ-ның 2-5 пайызына тең, аса қомақты қаржы. Бұндай заңсыз жолмен ақша жылыстатуда әлемнің көшін Қытай бастап тұрса, екінші орында Ресей келеді. Әр жылы Қытайдан жылыстатылған 160 млдр юань көлеміндегі ақша Гонконгта «жуылып» шетел асып отырған.
2015 жылдан бастап Қытайдан шетелдік компаниялар кете бастады. Гонконгтың «алтын көмір» рөлі де төмендей түсті. Ал, 2012 жылы билікке келген Қытай басшысы Ши Жинпиң, өзіне қарсы билік кландарын тазалау, үкіметтен ұрлаған қаржыларды қайтару науқанын жүргізді. Бұдан кейін Гонконг арқылы шетелге қашатын байлардың саны да өсе түсті. Шетелдік кейбір БАҚ олардың санын 90 мың адам деп көрсетеді. Бұған қоса Бейжің билігі жылыстатылған қаржылардың Гонконгта «жуылуын» ұнатпады. Қытай ақшасын шетелге жылыстатуды тоқтатуға тырысты.
Бұл тұста Қытай экономикасының өсім қарқыны баяулап, бюджеттер қысқара бастаған болатын. Үкімет қазынасын толтыру мақсатында Гонконг арқылы шетелге қашқан байларды ұстап, елге әкеліп соттау және жылыстатылған қаржыны мемлекетке қайтару үшін Бейжің Гонконг үкіметіне жаңа заң қабылдатты. Жаңа заң жобасы бойынша қылмысы тұрақтанғандарды Гонконгтан Қытайға апарып соттауға болады. Бұл арқылы Бейжің он мыңдаған қашқын байларды құрықтап, жүз миллиардтаған қаржыны қайтармақ болды. Бұған Гонконг тұрғындары және оларды қолдап отырған қалталы байлар қарсы болды.
Гонконг азаматтары үшін бұл жаңа заң жобасы Гонконгтың құқықтық құндылғын құлатумен бірдей бағаланатыны рас. Бұған ондаған жыл ішіндегі Гонконг пен Қытай арасындағы қордаланып, әбден ширыққан қайшылықтарды қосыңыз. 30 жылға жуық сыздаған жара ақыры жарылды. Нәтижесінде биылғы жылдың 12 маусымында Гонконг көшесіндегі шерушілер саны млн адамнан асып, жергілікті үкімет заңды уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Уақытша тоқтату деген шешімге көнбеген наразылар саны тіпті көбейіп, шерушілер саны еселене түсті. Қауіпсіздік қызметкерлері мен наразылық білдірушілер арасында қақтығыстар Гонконг оқиғасын тіпті де зорайтып көрсетті.
Көптеген халықаралық басылымдар Қытай әскери күштерінің Шынжынға топтала бастағанын жазды. Тіпті, Бейжің Гонконгтың наразылық шерулері артында Америка Құрама Штаттары тұрғанын да айтты. Әрине, белгілі деңгейде АҚШ Гонконгты қолдайтыны анық. Алайда, Гонконг дағдарысының бірден бір себебі бола алмайды. Құрама Штаттың ресми тұлғалары Гонконг тұрғындарының наразылық талаптарын қолдайтынын білдірген мәлімдемелері Бейжіңді тіпті де ашуландырды. Қытай бұл арада жұрт назарын сыртқа аударып, «жалған демонстрациясын» ұйымдастыруды көздегені де анық.
Соңында, яғни, 4 қыркүйек күні Гонконг губернаторы Лин Женгю аталған заң жобасын түбегейлі алып тастанын мәлімдеді. Гонконг уақытша жеңіске жетті.