Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа жарлығы бойынша 51 жастағы Біржан Нұрымбетов Еңбек және Халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалды.
Жарлықпен жаңарған кресло иелерінің жолы
Жақсылыққа жарымай-ақ қойған жұртты әлеуметтік өмірімен еңбегін қорғауға «талпынған» органның басшысы жаңа жарлықпен жаңарып үлгерді.
Білім министрлігінен (Тәуелсіздік жылдары 16 министр ауыстырған – авт.) кейінгі басшылығына байланысты ең жиі жарлық шығарылатын ведомстваның соңғы екі жылда басынан бұлт арылмай-ақ қойды. Олай деуімізге себеп жоқ та емес. 2018 жылы 9 ақпан сол кездегі президент Н.Назарбаев әлеуметтік медициналық сақтандырудың жүзеге асырылуына қатысты сынап, «Мен осыны бес жыл бойы айтып келемін. Нақты тапсырмалар да бердім. Алайда ол азаматтармен ешкім тығыз айналысып жатқан жоқ. Министр Дүйсеноваға (Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі - авт.) да талай рет айттым. Не болды? Тамара, ал айтшы? Әлде шаршадың ба мына жұмыстан?», – деген еді. Сол күні-ақ 2017 жылдың 25 қаңтарынан бергі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Босымбекқызы қызметінен алынып, орнына Мәдина Ерасылқызы тағайындалған.
Биыл қыс ауасында ел астанасында ата-анасы түнгі ауысым бойынша жұмысқа кеткен отбасының бес бірдей перзенті өрт ішінде қалып қойып көз жұмған ауыр трагедия орын алған болатын. Қазақстандық «аналарды миллионерге» балаған Мәдина Әбілқасымова мен оның орынбасары Светлана Жақыпованың неліктен ата-аналар түнде жұмыс істеуге мәжбүр деген сауалға «Бұл олардың таңдауы» жүре берген жауабы қоғамды ашындырып, наразылығын тудырған еді. Көпбалалы әйелдердің әлеуметтік саясатқа көңілі толмайтындығы туралы, әлеуметтік әлжуаз топтарға мемлекеттік қолдаудың әлсіздігіне наразы аналар бірнеше қарсылық шараларын ұйымдастырды. Осыдан кейін Назарбаев «елдің мәселесін шеше алмады» деген уәжбен үкіметті таратқаны есімізде. 25 ақпан Сағынтаевтың үкіметі тарады деген аты болмаса, ойыншылары жай статустарын өзгертіп «қайта құрылғандай» болған жаңа министрлер кабинетіне Бердібек Сапарбаев қайта (2007-2009 ж.ж. осы қызметте болған – авт.) Еңбек министрі болып келді.
Көп ұзамай қысқы «Нұр Отан» съезінде «Көмекке аса мұқтаж және көп балалы отбасылар биылғы 1 сәуірден қалмай әлеуметтік көмек алуы қажет» деген экс-президент Н.Назарбаевтың тапсырмасы берілді. Мемлекеттік құрылымда 40 жалдан астам тәжірибесі бар, белгілі шенеунік Бердібек Машбекұлының жеті айлық лауазымы тұсында АӘК (атаулы әлеуметтік көмек) үлестіру ісі жүргізілген болатын. Соған қарамастан сағым уәдемен сағымызды сындырды деген аналардың құзырлы мекемелерге қарата айтылған наразылық акциялары қалыпты жағдайға айналды. Ақорда алдында, Үкімет үйінде, одан өзге аймақтардағы әкімдіктерде ондаған жиындар тікелей эфирлерден берілді. Сапарбаев аталмыш шараларда диалогқа түсуге тырысып, мәселе тек заң шеңберінде ғана шешілетінін айтқан еді. Министрлік тарапынан жіберілген зерделеу тетіктерінің кемшілігінен ведомство жариялағандай 21 мың отбасы АӘК алу үшін табысын жасырған. Ең бастысы шынған аналар қатары азая қойған жоқ, балалы әйелдер мектепке дайындық мәселе тудырып отырғанын айтады.
Әне-міне дегенше, қызыліңір таянды дегендей, кеше 2017 жылдан бері 4-ші Еңбек және Халықты әлеуметтік қорғау министрі тағайындалды. Жаңа еңбек министрін үкімет басшысы Асқар Маминнің өзі қолын қысып тұрып, әлеуметтік салада 20 жылдық жұмыс тәжірибесі барын айтып, Біржан Нұрымбетовты таныстырды.
Жаңа жарлықтың кейіпкері, ескі креслоның жаңа иесі Біржан Бидайбекұлы 51 жаста, нағыз ел ағасы ретінде білек сыбана еңбек өрнегін көрсететін шақта екен. Математик-практик, қаржыгер мамандығы бойынша жоғары білімі бар Нұрымбетов 1997 жылдан бері аталмыш министрлікке қарасты құрылымдарда әртүрлі қызмет атқарған.
Атқа қонған азаматттарға ақ жолдан айнымай, алты алаштың алғысына бөленуін тілек етеміз. Тілеулес бола тұра, кресло киесін еске саламыз.
Министрлік міндеттемелері
1996 жылы Еңбек министрлігі мен Халықты әлеуметтік қорғау министрлігі таратылып, қайта біріктірілу негізінде құрылған Еңбек және Халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жүктелген парыз-міндеттемелер реті төмендегідей:
- еңбек, жұмыспен қамту, халықты әлеуметтік қорғау және еңбек ресурстарын тиімді пайдалану саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу және оларды жүзеге асыру;
- жұмыссыздық деңгейін азайту және кедейлік ауқымын қысқарту жөніндегі мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға қатысу;
- әлеуметтік әріптестік саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру;
- жинақтаушы зейнетақы саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру;
- еңбек, еңбек қорғау, жұмыспен қамту, зейнетақымен қамсыздандыру және әлеуметтік қорғау туралы заңнаманың сақталуына мемлекетгік бақылауды қамтамасыз ету;
- заңнамамен жүктелген өзге де міндеттерді жүзеге асыру.
ХХІ ғасырдағы қазақстандық еңбек министрлері
2001 жылы 22 қарашадан – Гүлжан Жанпейісқызы Қарағұсова
2006 жылы 18 қаңтардан – Гүлжан Жанпейісқызы Қарағұсова
2007 жыл 27 тамыздан– Бердібек Машбекұлы Сапарбаев
2009 жыл тамыздан – Гүлшара Әбдіқалықова
2012 жыл 26 қыркүйектен – Серік Сақбалдыұлы Әбденов
2017 жыл 25 қаңтардан – Тамара Босымбекқызы Дүйсенова
2018 жыл 9 ақпаннан – Әбілқасымова Мәдина Ерасылқызы
2019 жыл 25 ақпаннан – Бердібек Машбекұлы Сапарбаев
2019 жылғы 20 тамыздан – Біржан Бидайбекұлы Нұрымбетов