Ресей Сыртқы істер министрлігі Жапония елшісі Тоёхисе Кодзукиге Курил аралдарында орын алған жағдайға байланысты қарсылық нотасын табыстады. Бұл туралы жапониялық Киодо агенттігі хабарлады.
Ресей тарабының айтуынша, Курилдің оңтгүстік аймағында визасыз режимді қолдану ережелері бұзылған. Мәскеу таратқан мәлімдемеде: «Курил аралдарының басым бөлігі Сахалин облысы саналатындықтан, біз Жапонияның осы уақытқа дейінгі наразылығын қабылдамаймыз. Ресей басшылығы өкілдерінің Сахалин облысының осы ауданына баруына, сондай-ақ онда түрлі іс-шаралар, оның ішінде әлеуметтік-экономикалық және қорғаныс бағытындағы шараларды өткізуге ьолықтай құқылы. Ал ресми Токионың түсініктемесін Ресейдің ішкі істеріне араласу деп білеміз», – делінген.
2 тамызда Курил аралдарына ресейлік шенділер басқару тобымен барғаннан кейін, Жапония Сыртқы істер министрлігі Мәскеуге наразылық хатын жолдаған болатын. Бұған қатысты пікір білдірген Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев: «Жапон халқының наразылығы біздің еш алаңдаушылығымызды туғызбайды. Курил аралдары Ресей жеріне тиесілі. Аралдар Сахалин облысына кіреді. Сол себепті ресейліктердің ол жаққа баруға толықтай құқығы бар», – деп жауап берді. Ал 5 тамызда Ресей әскерлерінің Курил аралдары маңында (Кунашир) әскери оқу-жаттығу өткізгеніне байланысты Токио наразылық хатын жолдаған. Алайда, Ресей Жапонияның бұл жолғы наразылығын да «негізсіз» деп таныды.
Жапония мен Ресей арасындағы ынтымақтастық келісімге 70 жылдан бері қол қойылмай келеді. Яғни екі ел Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін арнайы келісімшарт жасасқан жоқ. Жапония және Ресей 1855 жылдың 7 ақпанында Итуруп және Уруп аралдарының арасындағы шекараны анықтайтын бірінші орыс-жапон келісімшартына (Симод трактаты) қол қойды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінен кейін тараптар ресми келісімшартқа қол жеткізе алмай келеді. Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ мен Ресей президенті Владимир Путин осы мәселеге қатысты 2012 жылдан бері бірнеше рет кездесу ұйымдастырған. Бірақ, кездесулердің ешқайсысы оң нәтиже берген жоқ.