Жапония үкіметі Курил аралдарында әскери жаттығу бастаған Ресей үкіметіне наразылық нотасын жолдады.
Министрлер кабинетінің бас хатшысы Катсунобу Като: «Біз Ресей әскери күштерінің солтүстік аймақтардағы әскери әрекетін бақылап отырмыз. Ресейдің бұл қадамы Жапонияның саяси ұстанымына қайшы келеді», – деді.
Сәрсенбіде Ресей тарапы Сахалин, Итуруп және Кунашир аралдарында, сондай-ақ Жапон теңізінде 10 мыңнан астам әскердің қатысуымен арнайы әскери жаттығу бастаған. Қазір аймақта 500 техника, 12 кеме бар. Қорғаныс күштерінің бұл жаттығуы бес күнге жалғасып, екі кезеңмен өтеді.
Жапония және Ресей 1855 жылдың 7 ақпанында Итуруп және Уруп аралдарының арасындағы шекараны анықтайтын бірінші орыс-жапон келісімшартына (Симод трактаты) қол қойған. Сол уақыттан бастап Итуруп, Кунашир, Шикотан және Хабомаи аталған шартқа сәйкес Жапонияға тиесілі. Бұл күн Жапонияда «Солтүстік аумақтар күні» ретінде атап өтіледі. Ресей 1875 жылы барлық Курил аралдарын Сахалин аралының жапон бөлігімен айырбастау үшін Жапонияға берген. Бірақ, 1905 жылы орын алған орыс-жапон соғысынан кейін Ресей жеңіліс тауып, Оңтүстік Сахалинді Жапонияға тиесілі деп санайтын «Портсмут» бейбіт келісімшарты жасалды.
Былтыр қыркүйекте Жапония премьер-министрі Есихидэ Суга мен Ресей президенті 1956 жылғы кеңестік-жапондық бірлескен декларация негізінде бейбіт шарт жасасу жөніндегі келіссөздер процесін жалғастыруға келіскен. Алайда, екі ел арасындағы «арал дауы» әлі де шешімін тапқан жоқ.