Бүгін М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында "Әлем әдебиеті теориясы қазақ тілінде" атты конференция өтті. Конференцияда кіріспе және 4 томдық антологиядан тұратын "Әдебиет теориясы" жинағы таныстырылды.
Шетелдік әдебиетшілер қауымы мен жоғары оқу орындарында әлем әдебиеті теориясының негізі еңбегі ретінде таралған "Әдебиет теориясы" томдығы қазақ әдебиеті мен оның болашағы үшін үлкен жаңалық деуге болады. Онда шетелдік 75 автордың шығармаларына талдау жасай отырып, әлем әдебиетінің жалпы теориясы түсіндіріледі. Бүгінгі конференцияда аталған еңбектің ағылшын тілінен қазақ тіліне аударылу барысы, аударма сапасы мен жаңа ғылыми ұғымдар, терминдер қолданысы жайында аударма ісіне араласқан аудармашылар мен редакторлар, әдебиеттанушы мамандар, танымал ғалымдар мен ғылыми қызметкерлер кеңінен сөйлеп өтті.
Аталған бес томдық еңбекті қазақ тіліне аударудың жалпы редакциясын басқарған ф.ғ.д Кенжехан Матыжанов жинақтағы структурализм, феноменология, пстструктурализм, психоанализ ұғымдары және отаршылықтан кейінгі әдебиет пен трансұлттық таным туралы сөз қозғады. Амантай Шәріп аудару ісі кезіндегі барысын айта отырып, әдебиетшілер қауымын жинақтың қазақ тілінде жарық көруімен құттықтады. Сондай-ақ, ол бұл еңбектің қазақ тілінде шығуын "қазақ әдебиеті теориясындағы революциялық секіріс" деп бағалады.
Жанат Әскерхан ханым жинақтағы жаңа ағымдар, жаңа танымдардың кей тұсын Қазақ әдебиеті үшін үлкен жаңалық екені, тіпті мүлде қабылдау қиын тұстарының да бар екенін ескерте келіп, оны жеткізу мен жалпыластырудың, оқытудың жаңа жобасын жасау керек деген ойды ұсынды. Әдебиет ғана емес ғылым мен білімнің өркендеуіне аударманың үлкен үлес қосатынын ертедегі Грек, Рим өркениеттерінің, Ислам әлемнің даму кезеңдерінен мысал келтірген Әсет Құранбек аударманы дамытуды тоқтатпау керектігін айтты. Ол және ғалымдарымыз бен әдебиеттанушыларды қолдауды күшейту керектігін баса айтты.
Жинақ алдағы уақытта ұлттық кітапханалар мен ЖОО орындарының кітапханаларына жеткізілмек. Жиындағы ғалымдар мен зерттеушілер, аудармашы мамандар жинақтың қазақ тілінде жарық көруімен барлық әдебиетшілер қауымын құттықтады.
Құнды аударма М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Л. Гумилев атындағы Евразия ұлттық университеті Қазақ әдебиеті кафедрасы бірлесе отырып, "Рухани жаңғыру" бағдарламасының бір парасы болған "Жаңа гуманитарлық білім – Қазақ тіліндегі 100жаңа оқулық" жобасы аясында шыққанын айта кетейік.