Леонардо да Винчи – Италяның атақты суретшісі, ғалым, жаузшы, ойшыл, музыкант. Қайта өрлеу дәуірінің әйгілі тұлғаларының бірі. Нағыз «әмбебап» адам үлгісі. Ол 1452 жылы 15 сәуірде Флоренция қаласы маңындағы Винчи кентінде өмірге келіп, 1519 жылы 2 мамырда Францияның Амбуаз қаласына жақын Кло-Люсе қамалында қайтыс болған.  Леонардо да Винчи десе көбіне оның суреттері еске түседі. Алайда, ойшыл, ғалым терең мағыналы мысал әңгімелер де жазып қалдырған. Төменде солардың бірнешеуін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

Ақкіс

Түлкі тау ішіндегі жап-жасыл жалғыз аяқ жолдың үстінде әлденені жеп жатыр еді. Қасына бір ақкіс жетіп келді. Ықылық атып, тойып үлгерген түлкі:

  • Бірдеңе жейсің бе? – деп сұрады.
  • Рахмет! Жаңа ғана тамақтанып шықтым, – деді ақкіс.

Түлкі оған қарап күліп қойды:

– Ха, ха, ха. Сендер, ақкістер табиғат дүниесіндегі ең ұстамды хаюансыңдар ғой. Аппақ үстіміз бұлғанады деп, тамақ ішпеуге де барсыңдар. Күніне бір-ақ рет тамақтанасыңдар.

Осы кезде аңшы келіп қалды. Түлкі «лып» етіп ініне кіріп кетті. Түлкідей тез болмағанымен, ақкіс те ініне жетіп үлгерді. Күн жылып, еріген қардан оның інін су кіріп кетіп еді. Үсті-басын балшыққа бұлғап алудан сақтанған ақкіс інінің аузында, кірер-кірмесін білмей, екіұдай болып тұып қалды.

Бірақ, аңшы оны нысанаға алып, шүріппені басып жіберді.

Ақкіс сияқты адамдар болады. Өлуге пейіл, бірақ кіршіксіз күйіне дақ түсіргісі келмейді.

Тіл мен тіс

Өтірікті жанындай жақсы көретін бір жігіт бар еді. Жұрт оны «аузымен орақ оратын жүгірмек» деп жүрді. Бір күні тіс өкпесін айтып:

–  Тілді мақтай бергені несі, кешке дейін сөйлегеннен басқа бітірері жоқ, – деді.

– Сендер неге шулап кеттіңдер, тістер! Өздеріңнің міндеттерің – менің жеген нәрселерімді шайнап беру екенін ұмытпаңдар, – деді жігіт оларға ұрсып.

Сонымен ол, аузына не келсе соны айтып жүрді. Тіл өзін өте бақытты сезінді. Сөйлеуіне үнемі жаңа сөздер табылып жатты. Бір күні кешкі тамақты ішіп болған соң, жігіт тілін тағы бір өтірікке безеп қойды. Тіс әділеттің әміріне бағынды. Өзін ұстай алмай, тілді сарт еткізіп тістеп алды. Тілді қан жауып кетті. Жігіттің өзі ұялып қалды. Ал, жазасын тартқан тіл де жуасып, сақтана бастады.

Сөйлердің алдында «мүмкін, үндемей қалғаным да жөн болар ма екен» дегенді де ойланып қой.

Өзін-өзі жазалаған қасқыр

Айнала жым-жырт. Ызғарлы, қабағы түйілген түн. Әлдебір тәтті тамақтың иісі қасқырды орманнан алып шықты.

Қасқыр:

– «Қарғыс атқыр сол! Мұрныма келген басқа иіс болмай, қоралы қойдың жағымды иісі болса екен. Онан өзге дәмді ас болсын ба!» – деп, өз-өзіне күбірлей сөйлеп, жортып келе жатты.

Ол өте сақтықпен келеді. Дыбысымды шығарып алмайын деп, шөпті де сыбдырлатпауға тырысады. Жерге басқан тырнақтарының болмашы сыбдыры, қотан шетіндегі сұмпайы төбетті оятып жіберуі мүмкін-ау деп ойлайды.

Бірақ, оның қаупі тегін емес екен. Қанша сақтанайын десе де, қора маңындағы әлдебір тақтайды байқаусыз басып қалды. Ит арсылдап қоя берді. Қасқыр зыта жөнелді. Осылай бір реткі тамақтан қағылды. Талапты өте ауыр қоятын қасекең өзін кешіре алған жоқ. «Барлық кеселді шығарған сенсің» деп, аяғын көтерді де, бір тырнағын қанын судай ағызып, қыршып жұлып алды.

Осы қасқыр бізге: «кемшіліктеріңді өзгертіп, біліміңді жоғары көтеремін десең, өзіңе қатаң талап қоя біл деп ескертіп кетті.

Аударған: Зұлыпхар