Өткен жылдың маусым айында Ақтөбеде болған террористермен бетпе-бет келген қарулы шабуылға табандылықпен төтеп берген жігерлі сарбаз, бүгінгі күні Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 7552 әскери бөлімінде келісімшарт бойынша қызмет ететін ефрейтор Ақжол Шайсұлтанға, ол өзі оқып, білім алған Алматы облысы, Іле ауданы, Қараой ауылындағы Ыдырыс Ноғайбаев атындағы № 18 орта мектебінің ұстаздар ұжымы мен оқушылары құрмет көрсетті.

Күні кеше ғана түлек қып, қанат қақтырып ұшырған алтын ұя мектебіне омырауына медаль тағып, батыр боп оралған Ақжолды ұстаздары салтанатты түрде қарсы алды. Кездесу барысында шәкіртіне деген ыстық ықыластарын жаудырып, сын сағатта мойымай, Отан алдында берген антына берік болғаны үшін алғыстарын айтып жатты.

Шайсұлтан Ақжол және Алматы облысы, Іле ауданы, Қараой ауылындағы Ыдырыс Ноғайбаев атындағы № 18 орта мектебінің ұстаздар ұжымы мен оқушылары

Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлжанар Негиметова оқушылар қауымына Ақжолдың оқушы кезіндегі оқу үлгерімі, үлгілі тәрбиесі және жолдастықты бағалайтын қасиеті туралы естеліктер айтып, шәкіртімен мақтанатынын жеткізді.

Өз кезегінде қаһарман ұл Ақжол Ерсұлтанұлы мектеп оқушыларымен патриоттық тақырыпта әңгіме өрбітті. «Отан» деген сөздің отбасынан, мектеп партасынан бастау алатынын пайымдап, үйдегі ата-анасы мен мектептегі ұстаздарының берген тәлім-тәрбиесінің арқасында осындай дәрежеге жеткендігін айтты. Кеш барысында оқушылар да сұрақтарын қойып жатты. Олардың басым бөлігі Ақтөбеде болған қанды оқиға жайлы, сарбаздардың өлім мен өмір ортасында қорықпай көрсеткен табандылығы аясында болды. Әсіресе, Ақжолдың сол күні ерлікпен қаза тапқан қарулас досы Досбол Сапармен бірге әскери жасаққа түсіп, қандықол лаңкестердің қарулы тобына алғаш қарусыз бетпе-бет келіп, әскери бөлімдегі қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтайтын қоймалардың қайда орналасқанын айтпай, құпияларын ашпағаны жайлы әңгімелері өте әсерлі болды. Оқушылар тырп етпестен ұйып тыңдады. Өз сөзінде Ақжол: «Мен өмірімде бұндай оқиғамен алғаш рет бетпе-бет келдім. Сұстары суық, қарулы лаңкестер тобы ешкімді аямайтыны белгілі. Олардың бізге қару кезенгенінде аздап қорқыныш та болғаны рас. Бірақ біз жігерімізді сындырмадық, аяғына дейін күрестік, жеңдік те! Өйткені олар діттеген мақсаттарына жете алмады. Бұл жерде Досбол Сапардың ерлігін ерекше айта кеткен жөн. Ол - нағыз ер. Ол өз антына адал болды. Өз өмірін Отанының тыныштығы үшін жан пида етті. Азат елдің ұлдары, міне осындай болса керек. Мен сол күнгі оқиғаны, қанды күресте опат болған қарулас досым Досболды ешқашан ұмытпаймын, өйткені ерлік ешқашан да ұмытылмауы тиіс!» - деп, ағынан жарылды. Оқушылар тарапынан «Жарайсың Ақжол!», «Сен нағыз батырсың!» деген дауыстар да естіліп жатты.

Ұлттыұ ұлан сарбазы Шайсұлтан Ақжол және Алматы облысы, Іле ауданы, Қараой ауылындағы Ыдырыс Ноғайбаев атындағы № 18 орта мектебінің ұстаздар ұжымы мен оқушылары

Іс-шара барысында мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Айсара Распекова оқытқан ұстаздарын жерге қаратпай, мектеп абыройын өсірген Ақжолға мектеп директоры Айгүл Уалибаеваның атынан Алғыс хатын ұсынды.

Осы өңірдегі өскелең жастарға үнемі патриоттық-танымдық өсиеттерін дәріптеп жүретін ауған соғысының ардагері Абылай Хизметов айтулы іс-шараға арнайы келіп, сол күнгі сарбаздардың көрсеткен қайсарлықтарын нағыз ерлікке балады. Осындай отаншыл ұрпақтың өсіп келе жатқанын мақтанышпен айтып, Ауған соғысы ардагерлері қауымдастығының атынан «Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов» атындағы медалді Ақжолдың омырауына тақты.

«The Qazaq Times»