31 мамыр күні түстен кейін Ақтөбедегі "Жолаушылар автокөлік кәсіпорнының" жүргізушілері мен кондукторлары жұмыстан паркке оралып, наразылыққа шықты. Бұл жайлы Азаттық радиосы хабарлады.
Азаттықтың жазуына қарағанда, жұмысқа шығудан бас тартқан жүз шақты адам жолақысы 150 теңге болғалы Ақтөбеде жолаушы тасымалы қиындап кеткенін айтқан.
"Бүгіннен бастап Ақтөбеде жол ақысы қолма-қол ақшамен төлеген жағдайда - 150 теңге, көлік карталарын қолданушылар үшін - 80 теңге. Картасы жоқ жолаушылар 150 теңге төлегісі келмейді. Қолма-қол ақшаның болмауы автобус жүргізушілері үшін де қиын. Өйткені кондуктордың айлығын жүргізуші өз қалтасынан төлейді. "Кәсіпорын" кондукторларды штатқа алмай отыр. Одан бөлек қосалқы бөлшекке де ақша бермейді. Көшеде жолаушы тасып жүрген автобустан бұзылып паркте тұрғаны көп. Бұдан әрі бұлай жұмыс істей алмаймыз" деді жүргізушілердің бірі Руслан Досмәмбетов.
"Жолаушылар автокөлік кәсіпорны" автобус жүргізушілерінің еңбекақысын күндік жоспардың орындалуына қарай төлейді. Көлігі бұзылып, жоспарды орындай алмаған жүргізушілердің басым көпшілігі сәуірде 30-40 мың теңге жалақы алғанын айтады.
"Жолаушылар автокөлік кәсіпорны" директоры Қуанышқали Ғұбайдуллин жұмысқа шығудан бас тартқан жүргізушілер мен кондукторларды сабырға шақырып, компанияның қаржылық жағдайы қиын екенін айтақан. Бірақ сөзіне ешкім құлақ аспай қойды. Автобустарын қаңтарып қойған жұмысшылар ертең де наразылықтарын жалғастыратындарын айтты.