29 қаңтарда №3 Ақтөбе қалалық соты көп балалы бес ананың жергілікті белсенді Әлібек Молдиннің үстінен жазған шағымы бойынша азаматтық істі қарай бастады. Бұл туралы Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Көп балалы аналар: Гүлмира Бимағамбетова, Сәнімкүл Сүйінбаева, Жанар Құлмамбетова, Миуа Бекбосынова мен Зиба Отарбекова сотқа Молдиннің үстінен «ар-намысымызды таптады» деп шағымданған. Әйелдердің әрқайсы соттан моральдық шығын ретінде Молдиннен 100 мың теңгеден өндіріп беруін сұраған. Шағымданушылар сонымен бірге белсендінің көпшіліктің алдында аналардан кешірім сұрауын талап етіп отыр.
Осыдан жиырма күн бұрын 9 қаңтарда Ақтөбе №2 қалалық соты "көп балалы аналарды қорлады" деп айыпталған ақтөбелік белсенді Әлібек Молдинді ақтап шыққан болатын. Сот үкімін оқыған судья Теміржан Алданов "Молдиннің үстінен қозғалған істе қылмыс құрамы табылмады" деген.
Молдин ісі бойынша өткен сот процестерінің бірінде Ақтөбе облысы әкімдігінің жанында түсірілген видео айғақ көрсетілген еді. Видеодан көп балалы әйелдердің әкімдікке жиналғанын көруге болады. Наразы топпен Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева сөйлесіп тұр. Сәлден соң наразы топ Арынғазиеваның соңынан ілесті. Осы кезде кадр сыртындағы ер адамның «мал болып өтесіңдер, халықтың тобыр екенін осыдан білуге болады» деген дауысы естілді. Арызданушылар Гүлмира Бимағамбетова мен Сәнімкүл Сүйінбаева «Бұл – Молдиннің дауысы. Ол бізді қорлады» дейді.
Сотқа жеке шағым түсіргендер - Сәнімкүл Сүйінбаева мен Гүлмира Бимағамбетова сот үкімімен келіспейтінін айтқан. Артынша азаматтық сотқа шағымданған.
Әлібек Молдин өзіне тағылған айыптармен келіспейді. Ол "қылмыстық істі өзінің белсенділігімен" байланыстырып отыр. Молдин сот басталғанда өзіне қозғалған істі "биліктің тапсырмасы" деп санайтынын айтқан. Әкімдік өкілдері мұны жоққа шығарған.
Белсенді Молдин 2016 жылғы жер митингілері, 2019 жылы биліктен әділ сайлау өткізуді талап еткен наразылық шараларына, Қазақстандағы Қытай жобаларына қарсы акцияларға қатысқан. Былтыр ол "бейбіт митинг өткізу заңын бұзды" деп төрт рет әкімшілік жауапқа тартылған.