1 наурызда Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында облыс әкімі Ерік Сұлтановтың қатысуымен Алғыс айту күніне арналған  «Қазақстандық жердің жылуы» атты облыстық форум өтті.

Форумды ашқан Ерік Сұлтанов Алғыс айту күнінің ерекше тарихи маңыздылығын атап өтті. «Мереке тарихымыздың кезеңдерімен тығыз байланысты. Бұл Қазақстанға тағдыр қалауымен келген түрлі этностағы миллиондаған  адамдарды қабылдағаны үшін   қазақ жері мен халқына арналған алғыс айту  күні. Ол рухани бірлік сезімін, ұлттық келісім  мен ортақ мақсаттар мен міндеттер үшін бірлесуді білдіреді», - деді Ерік Сұлтанов.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов. Петропавл. 01.03.2017

Алғыс айту күні Қазақстан халқы ассамблеясының  құрылу күнімен  сәйкес келіп отыр. Президенттің құрған бірегей институты қазақстандық бірдейлік пен   «Мәңгілік ел» жалпыұлттық  патриоттық идеясының негізі  болды.

Қазір Қазақстанда бір шаңырақтың астында 100-ден астам этнос тату тұрады. «Республика бойынша  облысымыз   ең көп ұлтты екеніне мақтан етеміз. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жылдан жылға  облысымызда бірлік пен келісімді сақтау үшін көп еңбек етіп жүр», - деді Ерік Сұлтанов.

Сонымен қатар, өңір басшысы Ассамблея ардагерлерінің, этномәдени бірлестіктер  басшылары мен жастардың ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуда қосқан үлесін атап өтті.

Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры. Петпропавл. Алғыс айту форумы. 01.03.2017

Форум Қазақстан халқы ассамблеясының шығармашылық ұжымдарының әзірлеген концерттік бағдарламасымен аяқталды.

Театр фойесінде «Қайырымды Ел» жалпыұлттық акциясы аясында қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

“The Qazaq Times”