Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданында тасқын қаупіне байланысты төтенше жағдай жарияланды. Бір күн бұрын Есіл өзенінің арнасынан асуына байланысты Петропавл қаласында да төтенше жағдай режимі енгізілді.
Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, өткен тәулікте өзендегі су деңгейі 30 сантиметрге көтерілген, арнасынан асқан өзен суы тоғыз шақырымдық жерді басып қалды.
"Облыста барлығы 171 үйді су басып қалды", - деді ол. Әкім мәліметі бойынша, кісі шығыны жоқ.
Хабарларға қарағанда, аймақта тасқанға байланысты 700-ден астам адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Аймақтағы ірі су қоймасындағы судың деңгейі екі метрге көтерілген. Қазір Есіл өзеніндегі Сергеев су қоймасында шамамен миллиард текшеметр су жатыр.
The Qazaq Times