Біз кеш қалдық па деймін. Тым кеш қалдық-ау, осы...

Ерте басталған көш бұйдасы осы күнге дейін түрілмегенде біраз бауыр Елде жүрер еді.
Қытай билігі жақында «Қатаң соққы беру қозғалысы» (严打革命) және «Қарақолдарды сыпырып, зорекерлерді жоғалту» ұраны (扫黑除恶) аясында қатаң шаралар қабылдап, «қоғамды одан әрі тазалау» жұмысын бастап кетті. Қытай сайттарын ақтарсаңыз, не бір сұмдықтарға кез боласыз.
«коммунистік партияның орнықтылығын сақтау» мақсатында, анығы, Ши Жинпиыңның билігін ұзақ уақытқа қауіпсіз ету үшін күллі мемлекет бойынша қыбылданған мына заң енді ол жақтағы қазақтың соңғы серпіген тұяғын да қиып түсер түрі бар.
Жоғарыда айтылғандай, «Қарақолдарды сыпырып, зорекерлерді жоғалту» ұраны – ең алдымен ондағы Қазаққа ауыр тигелі тұр. Себебі көп-ақ. Соның бастысы – ол жақтағы 2 жарым миллионнан астам қазақтың биік рухы әлі жойыла қойған жоқ. Есесін ешкімге оңай жібере салмайды.
Енді сәл қарсылық көрсеткен қандастарымыз ауыр жазаларға тартылып, тірі шығу мүмкіндігі шамалы түрмелерге қамалады.
Кеше ғана, 31 наурыз күні Алтай аймағының Шіңгіл ауданында қазақтың рухты, батыр, серке азаматтарына оқылған сот үкімі бұл сөзімізге анық дәлел.
Бұрынғы сылтауы дін еді. Енді бұзақыларды құртамыз дегенді желеу етіп, ашық қамауға көшіп қана қоймай, кәдімгі сот арқылы ұзақ жылдарға жіберу мүмкіндігі күшейді.
Өз амандығы үшін ештеңеден аянбайтын олар түрмелерді көптеп салып, жазасы ауыр дегендерін ату жазасына кесе береді.
Ресми санақ бойынша Қазақ еліне қытайдан келген қазақтар саны 300 мың төңірегінде. Ал, ол жақта қалған қандастар саны 2 жарым миллионан асады. Жалпы саны Моңғолиядағы халық санына таяп жығылады. Демек, бір шағын мемлекет құра алатын халық, яғни, қаны бір Қазақ бауырларымыз қытайдың зұлымдық торында, ашық тепкісінде жатыр деген сөз.
Тәуелсіздіктен бергі 30 жылға жуық уақытта көп бөлімі көшіп келіп те алар еді. Оған қулығына құрық, сұмдығына сырық бойламайтын қытай саясаты ырық бермеді. Жүз мыңдаған жастарды жұмыспен қамтып, кредитке ұзақ жылға баспана беріп, барша жұртты қарызға буды. Жылтырақ, алдамшы саясат жүргізіп елдің көзін байлады.
«қытайдың қарызын қайтарып, үй-жайымызды сатып, сәл есімізді жинап, қаржылай көшейіп алып барайық» деп құлашты кеңге салып жүргенде заман бұлай құбылды.
Әттең дейміз. Әлемдегі үш елдің бірі болып, өз қандасын бауырына тартқан біздің Қазақ Елі еді. қандағы бейғамдық па, қазақы жайбасарлық па, ең негізгі, ең қаны қою бауырларымыз қытай саясатының торынан ерте шығып, Елге келуге үлгірмей қалды.
Біз кеш қалдық па деймін. Тым кеш қалдық-ау осы...

“The Qazaq Times”