Әлемдегі өзге де мемлекеттер үшін дамудың ең маңызды проблемаларының бірі – ішкі көші-қон мәселесі. Сырттан халық ағылған сайын, елдегі тұрақтылық пен дамуға қауіп-қатерлер туындайды. Соңғы жылдары Қазақстанда ішкі миграциялық мәселер жиі орын алды. Астанадағы «Абу Даби плазадағы» үндістандықтармен немесе Қарағандыдағы «Ежелгі Римде» армян өкілдерімен орын алған жағдайлар сөзімізге дәлел. Осы ретте әлемдік миграциялық жағдайлар мен Қазақстандағы мәселелерге тоқталып өткенді жөн көрдік.

Заңсыз миграцияға байланысты шиеленісті жағдай 2005 жылы Францияда болған жанжалмен айқын суреттеледі. Көптеген елдер тәжірибесіне сәйкес, 1998ж Индонезияда антииммигранттық қайшылықтардан пайда болған Сухарто режимінің құлауы әлеуметтік қайшылықтар мемлекеттік билікке және халық қауіпсіздігіне айтарлықтай кері ықпал туғызғатынын дәлелдеді.

Экономикалық даму процесінде заңсыз мигранттардың артуы жұмыспен қамтудың артта қалуына әкеп соқты. Соңғы үш, төрт жылда Қазақстаннан 376 мың адам шығып, 377 мың адам кірген. Халықтың ішкі ауысуының негізгі себебі бұрынғы тұрған орындарындағы қолайсыз әлеуметтік-экономикалық жағдай – жұмыстың болмауы, қалалардың алшақтығы, елді мекеннің тиісті инфрақұрылымының болмауы және т. б. Ал екі қолға бір күрек таба алмай отырған халқы бар мемлекет үшін сырттан келген жұмыс күші ішкі жағдайды одан ары шиеленістіреді. Көшіп-қонушылардың сауалнамасы көрсеткендей, елдегі мигранттардың шамамен жартысы тіркеусіз өмір сүреді. Соның салқыны экономикаға да, халық арасындағы тұрақсыздыққа да кері әсерін тигізді.

Қазақстанда заңсыз миграция әлі күнге дейін шешімін таппаған мәселе саналады. Әлеуметтік зерттеулерге сәйкес, Қазақстандағы реттелмеген ішкі көші-қон салдарынан криминалды жағдайлар артқан. Бейресми дерекке сүйенсек, заңсыз жүрген мигранттар мен құқық бұзушылардың саны 1 млн-нан астам. Мемлекет үшін қауіп болмаған күннің өзінде заңсыз мигранттардың артуы қылмыстың өсуіне, жергілікті халықпен қайшылық туғызуға және саяси тұрақтылықты бұзуға әкеп соғады. 2004 жылғы мемлекеттің арнайы қызметі арқылы Бангладештің 32 азаматы қолға түсті және олардың бангладештік туристік фирма қызметін бас пайдасына асыра пайдаланғаны анықталды. Бұл азаматтардың әрқайсысы 1,5 мың АҚШ долл-нан 2 мың АҚШ доллары көлемінде ақы төледі. 2011 жылдың өзінде миграциялық заңды бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылған шетелдіктер саны – 146207. Құқық бұзу салдарынан ресми түрде 13 мыңы елден қуылған. Ал заңсыз босып жүргендері қаншама? Мәселен, 2017 жылы қыркүйекте Астананың ең биік ғимараты «Абу Даби Плаза» аумағында болған төбелеске екі жақтан 30-ға жуық адам қатысқан және бұл ешқандай ұлтаралық қақтығыс емес жай ғана «бұзақылық» деп аталды. Ал жақында ғана Қарағандыда армян этнос өкілдері мен қазақтар арасында кикілжің болып, 1 адам көз жұмды. Әлбетте, түптің түбінде шеттен келген өзге ұлт өкілдеріне басымдық беріліп, жай ғана «тұрмыстық жағдай» деген желеумен бұзақылықтың артын жылы жауып қояды. Осы жағдайдан соң Қарағандының өзінде 30 армян өкілінің заңсыз жүргендігі мәлім болды.

2018 жылдың ортасында Астанада жедел алдын алу шаралары жүргізіліп, көші-қон заңнамасын бұзған 1033 мигрант анықталды. Олардың 828-і Өзбекстан, 51-і Қырғызстан, 71-і Тәжікстан, 29-ы Әзірбайжан, 18-і Ресей, 9-ы ҚХР, 14-і Армения, 6-ы Грузия, 5-і Түркия азаматы. Алматыда осыған ұқсас іспен мыңдаған мигрант тіркелген. Қазірдің өзінде іздеу салынған азаматтар мен бізге беймәлім қылмыстық жайттар баршылық. Осы ретте шешімін таппаған мәселе ретінде тұрғылықты жер бойынша тіркеудің жеңілдетілген тәртібін енгізу маңызды. Бір ғана Алматы қаласының нақты халық санын тек халық санағы кезінде анықтауға болады. Ал халық санағы 10 жылда бір-ақ рет өткізіледі. Соңғы статистикалық мәліметтер бойынша соңғы 6 айда Алматы қаласына тұрақты тұруға 50 мың адам келген. Ал уақытша тіркеуге 188 882 адам тіркелген. Ал тіркелмей жүрген адамдар жайында, шет елдерден келген азаматтар жайында ешқандай нақты мәлімет жоқ.

Дүниежүзілік Еңбек ұйымы жария еткен мәліметіне қарағанда, АҚШ бастаған батыс елдерінің миграцияға қарсы қатаң саясатынан кейін бай елдерге миграция ағымы біртіндеп тоқтаған. Алайда, мигранттардың беталысы орташа дәулетті елдерге қарай бұрылады. Бұл елдердің қатарында Қытай мен Бразилиядан тыс, Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь және Түркіменстан қатарлы елдер бар. Табысы жоғары елдерде көшіп-қонушыларға жұмыс күшінің 18,5%-ы келеді, ал басқа топтарда олардың үлесі 1,4% – 2,2% шегінде. Бұл ретте көшіп-қонушылардың жұмыс алуға мүмкіндігі көп: келушілердің 70%-дан астамы экономикалық белсенді, ал тұрғылықты халықтың арасында бұл көрсеткіш 60%-дан төмен. Соңғы төрт жыл ішінде әлемдегі еңбек мигранттарының саны 10%-ға дерлік өсті. Ал Қазақстанда 2017 жылғы қаңтар-мамырда Қазақстанға тұрақты тұруға келгендердің тіркелу саны 2016 жылғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда 36,3%-ға көбейіп, 7 204 адамды құрағанын хабарлаған..

Қазақстанда пайдаланылатын шетелдік жұмыс күшінің біраз бөлігін заңсыз мигранттар толықтырады. Олардың арасында маусымдық жұмыстарда істейтін, біліктілігі төмен адамдар басым. Іс жүзінде елімізде Түркия, Қытай, Ресей, Ұлыбритания, Үндістан, Ауғанстан азаматтарының құқық бұзу фактілері жиі тіркеледі. Сондай-ақ, шетелдік жұмыс күшінің Қазақстандағы үлесінің артуы да криминалдың өршуіне негізгі себеп. Аталған мемлекеттердің үлесіне жұмыс күшінің 60%-70% тиесілі. 2016 жылы Ресейден Қазақстанға 63,7 мың, Өзбекстаннан 53,9 мың адам қоныс аударған. Біріншіден, шеттен ағылған жұмысшылар мемлекеттегі жұмыссыздық көрсеткішін арттырады. Екінші жағынан, технологиялық революция жұмыс күшіне деген қажеттілікті қысқартады. Нәтижесінде іштегі тұрақсыздық арта түседі. Егер заңсыз іс-әрекеттер мен тәртіп бұзушыларға тиесілі шаралар қолданылмаса, ұлттық қауіпсіздік құлдырайды. Ондай жағдайда Кеймада-Гранди мен Дешмоктағыдай аса «криминалды ортаның» пайда болмасына кім кепіл?!.

"The Qazaq Times"