Қазақстанды көп ұлтты ел деп айтамыз ғой. Жалпы, осы Қазақстан кімнің мемлекеті?
Мен білсем, «көп ұлтты» деген термин Кеңес заманынан қалған. Біздің елдің ішіндегі, әсіресе билік өкілдері ұлттық тақырыпқа қарай сөз қозғанда, ой қозғағанда үнемі Кеңестік терминдермен, Кеңестік пайымдармен баратыны мен үшін айқын нәрсе. Ең алдымен біз термин жағын дұрыстап алуымыз керек. Біз өзіміздің жадымызды, ғылыми айналымды, журналистік бағытты осындай Кеңестік жалған терминдерден құтқарып алуымыз қажет. Қазақстан өзінің «азан шақырып аты қойылған» сәтте қабылдаған екі үлкен құжат Егемендік туралы декларация мен Тәуелсіздік туралы заң бойынша, Қазақстан унитарлы мемлекет. Алғашқы кездегі ұстанымда «Қазақстан Республикасы ұлттық мемлекет болып табылады және соған бүкіл күшін жұмсауы керек» деген. Біле-білсеңіз Тәуелсіздік туралы заңның соңғы бабы былай деп аяқталады: «Болашақта осы екі заңның негізінде қабылданатын заңдардың барлығы осы мақсаттарға қызмет етуі керек. Өйтпегенде олардың күші болмайды» дейді. Яғни Қазақстанда Конституциядан бастап кез келген қабылданатын заң ол унитарлы мемлекет қалыптастыру, ұлттық мемлекет қалыптастыру, оның жағдаяттарын жасау деген бағытта жүру керек немесе болашақта кез келген ұрпақ, кез келген заңның күшін жоюға мүмкіндік алуы керек. Мынау түпкі мақсаттарға қайшы екен дегендей. Егер дәлелдеп шықса, соттың ішінде, басқаның ішінде.
Қазақстан сөзсіз ұлттық мемлекет құруға бет алған ел. Біз қазір Тәуелсіздігіміздің, Азаттығымыздың екінші кезеңін бастап жатырмыз. Бодан болған мемлекеттердің бір де біреуі өзінің Тәуелсіздігіне сол Тәуелсіздік алған күні жеткен жоқ. Мен не үшін «Қазақстан өзінің Тәуелсіздігінің екінші сатысын бастады?» - деп отырмын. Себебі Қазақстан өзінің Тәуелсіздігін жариялаған кезде өз елінде қазақ ұлттық азшылық болған ел. Сондықтан да Кеңес заманында қабылданған Тіл туралы заңды әлі күнге дейін өзгерте алмай келе жатырмыз. Сол сияқты Конституциямыз да, басқа заңдарымыз да сол 80 жылдардағы үрейлердің елесі, салқыны бар сияқты. Қазіргі міндет сол үрейлерді, сол қатқан нәрселерді жібітіп жаңа бағытқа түсу. Осы жылы үлкен санақ болады. Бұл санақ қазақ ұлтының өз елінде абсолюттік көпшілікке жеткенін растап береді... Біз Конституция бойынша да, басқа бойынша да көп ұлтты емеспіз. Бізде бір ғана ұлт бар. Ол – қазақ ұлты. Қазақстандық деген ұлт тарихта, табиғатта жоқ нәрсе. Ол кейбір журналистердің, саясаткерлердің енгізген уақытша инструменті ғана. Мен шын мәнінде өзін қазақстандықпен деп есептейтін адамды көрген емеспін. Бірең-сараң публицист, саясаткер болмаса, оны көп ешкім айта бермейді. Осы тұста біздің елімізде екі қоғам бар екендігін айту керек. Ол азайып бара жатқан орыс тілді қоғам және күшейіп келе жатқан қазақ қоғамы. Әсіресе осы екінші қоғам «қазақстандық», «стандық» деген форматтарды мойындамайды... Қазақстан сөзсіз қазақтікі.
Біздің сыртқы саясатта ұтқандарымыз бен ұтылғандарымыздың қайсының салмағы жоғары?
Меніңше, ұтқанымыздың салмағы жоғары сияқты. Жақсы болсын, жаман болсын Қазақстандағы мемлекеттік органдардың ішінде ең ұтымды саясат жүргізіп жатқан бір министрлік бар. Ол – сыртқы істер министрлігі. Жаңа қазақ өзінің мемлекет құруының екінші сатысына өтіп жатыр дедік қой. Сол бірінші кезеңнің мақсат-мүддесі тұрғысынан алатын болсақ. Шекараны анықтауда Қытаймен, Ресеймен, Өзбекстанмен, Түркіменстанмен келіссөз жүргізу оңай болған жоқ. Шекара белгілеудің екі бағыты бар ғой. Бірі заң мен карта жүзіндегі консепциясын жасап алу. Екіншісі бағана қою. Сол бағана қоюға дейінгі жұмысымызды қазір бітірдік. Осындай ірі тұрғыдан қарайтын болсақ, бұл сөзсіз жетістік. Кезінде Қазақстанның ядролық потенциалынан бас тартып, Будапешт сияқты келісімге қол жеткізуі сол кез үшін үлкен жаңалық болды. Бірақ бүгін заман өзгеріп келе жатыр. Бүгінгі заманды байқасаңыз, кезінде қол қойылған құжаттардың, әсіресе Ресеймен қол қойылған құжаттардың құны сол қағаздың құнынан аса қымбат емес. Украинада сол Будапешт меморандумының бір тарауы болып табылады. Ол қазір Украина не болып жатыр ? Менің түсінігімде алдағы он жылымыз, арттағы отыз жылымыздан қиын болмақ. Қазір біздің сыртқы саясатта алатын екі үлкен бағытымыз бар. Бірінші: Қазақстанға біздің жер тұтастығымызбен, мемлекет тұтастығымызды одан ары күшейтетін, соған қосымша кепілдік беретін құжаттарға қол жеткізу керек. Екінші сөзсіз бұл Қытайдағы қазақ диаспорасының мәселесі. Менің ойымша, Қытайда мұсылман атаулыға ғұмыр жоқ. Тіпті исламның өзін қытайландыру деген саясатты бастап жатыр. Егер сыртқы саяси доктринаның басты принціпі Қазақстанды Тәуелсіз мемлекет ретінде сақтау дейтін болса. Осындай үлкен шараларға, үлкен бағыттарға негізделу керек сияқты. Соңғы кездері Қытаймен ұстасып, жеңген мемлекет әлемде некен-саяқ. Бірақ әйтеуір халықтың шулауы, халықаралық ұйымдардың алдына шығып әңгіме қозғау тұрғысынан алған кезде. Бір жылдың ішінде 2-3 мың қазақтың мәселесін шешкеніміздің өзі, біздің сыртқы саятымыздың дұрыс бағытта жүріп жатқанын және оның жақсы болсын, жаман болсын беделінің бар екендігін көрсетеді.
«2019 жылы мерзімінен бұрын президент сайлауы болуы мүмкін, болады, болмайды» деген талқы болып жатыр ғой. Ал сайлау болды делік, осы сайлаудан кейін не болмақ?
Мен де өз басым, сайлау үшін сайлау өткізгенін қаламаймын. Сайлау деген кем дегенде 4 жылдық, 5 жылдық стратегияны анықтау емес пе? «Біз алдағы 5 жылда не істеуіміз керек? Сайлауда жеңетін партия нені айтуы керек?» дегенді көп айтуымыз керек. Керемет болып, жұрттың алдына шығып көсем болдың, шешен болдыңмен мәселе аяқталмайды. Сайлаудың өзі болсын делік. Оны өткізу оңай. Екі айдың ішінде өтеді де кетеді. Бұл сайлау қазақты өзгеріске алып келетін сайлау бола ма, жоқ одан ары тығырыққа апаратын сайлау бола ма? Егер үлкен өзгеріс, үлкен бағыт алып келетін сайлау болатын болса, онда ондай сайлауды құптауға да болатын шығар. Ал егер дәстүрлі дәрежеде өткізе салатын, екі айлық, үш күндік ғұмыр кешетін сайлау болатын болса, онда ол сайлау Қазақстан мемлекетін одан ары тығырыққа тірейді, одан ары шетелдік, әсіресе батыстық изоляцияға алып барады. Ал бізге Қытай мен Ресейдің дәл қазіргі жағдайында Батыспен құйрық үзісуге болмайды. Біз оларға барынша жақындай беруіміз керек. Ал оларға жақындаудың алғашқы шарттарының бірі сайлауды дұрыс өткізу. Сайлауды азды-көпті болса да әділ өткізу. Өзіңнің қарсыластарыңды қатыстыра білу. Оппозицияның тіркелуіне мүмкіндік, мұрсат беру деген сияқты мәселелер. Бұл сайлаудың ерекшелігі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың қиындаған тұсында өтетінінде. Әлеуметтік-экономикалық жағдайдың төмен кезінде өтетін сайлаудың бір ерекшелігі, жақсы болсын, жаман болсын биліктің рейтингі түсті дегенді көрсетуге мәжбүр боламыз. Егер халықтың қалтасы қағылып жатса, жиған-терген қорлары жоқ болып жатса, екі рет девальвация болса, ертеңгі күнім не болмақ деп көшеде жүрген халықтың көңіл-күйі басқаша болады. Егер билік осыны түсінсе, сайлау өткізген күннің өзінде дауыстарды есептеген кезде биліктің 20-30 пайызға рейтингі түскенін анықтауы керек. Билікке, Назарбаевқа да, басқасына да 98 пайыздың қажеті жоқ. 70 пайызбен де, 51,1 пайызбен де президент, премьер болып отырған елдерді көріп отырмыз. Олардың жағдайы біздікінен жақсы. Қайта сенің 60 пайыз дауыс алғаның ел үшін жақсы. Сен тыраштанып жүресің. Менің болашағым қалай болар екен? Маған осы жолы 60 пайыз ғана дауыс берді. Ертең анау 40 пайыз 60 пайызға ауысып кетпей ме екен деп. Бұл сені халыққа жақын болуға мәжбүрлейді. Ал сен 98 пайыз дауыс жинап отырсаң, ештеңе істеуге мүдделі емессің ғой. Бәрі ғажап деген сөз. Ал елде бәрі ғажап па? Ғажап емес.
Сайлау өткізу биліктің құзыретіндегі дүние ғой. Осыған әсер ететін бізде азаматтық қоғам бар ма, қалыптасты ма?
Азаматтық қоғам қалыптасып келе жатыр. Жаңа мен айттым ғой, ешбір ел Тәуелсіздік жариялаған күні Тәуелсіз бола қоймайды. Сіз де, мен де туа салып тұлға болып кеткен жоқпыз. Сол сияқты қоғамда пісетін шаруа. Қоғамның да алдыға қарай дамып кететін немесе құлдырауға түсіп жоқ болып кететін замандары болады. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, Қазақстанда шынайы тәуелсіз ойлайтын азаматтық қоғам жасақталып келе жатыр. Оған әртүрлі себептер бар. Біздің қоғамның екіге бөлінуі. Жаңа айттық қой, орыс тілді және қазақ тілді деп. Шындап келсек, екеуі екі бөлек қоғам. Құндылықтары да бөлек. Орыс тілді қоғам дейтін болсақ, бұның орта жасы 47-48, қазақстандық қоғамның орта жасы 38-39, ал таза қазақ қоғамының орта жасы 26-27 жаста. Яғни 26-дағы бала нені ойлауы керек, 37-гі адам нені ойлауы керек, 47-гі адам нені ойлауы керек? Қазақ қоғамы ең жас қоғам болғандықтан оны майда-шүйде тақырыптар көбірек қызықтырады. Бірақ қоғам өсіп келе жатыр. Ертең есейгеннен кейін ана жастар да сұрақ қоя бастайды.
Біздің Қазақстан халқына, билігіне әсер ететін сыртта біраз күштер бар. Солардың қаншалықты әсері бар бізге?
Шынын айту керек, біз өзіміздің қоғамға өзіміздің мемлекетіміздің, өзіміздің баспасөздің сөзі өтпей жатқан қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Біз өзіміздің қоғамға өзіміз тікелей әсер ету мүмкіндігіне әлі қол жеткізген жоқпыз. Еліміздің біраз аудиториясы Ресейдің телеарнасын көріп отыр. Қазақ қоғамының кейбір топтары қазақ елінің құндылығымен емес, өзге елдің, өзге өркениеттің құндылығымен, оның ішінде діни құндылығымен сусындап жатқан жағдайы бар. Жалпы, Қазақстан деген елдің сырт күштердің ойын алаңына, тәжірибе алаңына айналып жатқан жағдайы бар. Оны дұрыс түсіне білу, ажырата білу, оларға қарсы төтеп бере алатын антивирус шығара білу ол біздің қоғамның міндеті. Сыртқы қауіп-қатерлерден қорғайтын ең басты құрал ол – қазақ тілі. Орыстың бүкіл үгіт-насихатшылары қазаққа бола қазақ тілін оқымайды.Араб пен қытай да солай. Сол себепті де мемлекеттік тілдің аясын кеңейту, мемлекеттік органдарды қазақ тілінде сөйлету бұл ұлттың имунитеті мен тұтастығына әсер етуші экономикалық-геосаяси фактор деп айтуға негіз бар.