АҚШ Қытай экономикасына тарифтік экономикалық шектеу қойды. АҚШ пен Еуропалық Одақ Ресейге үсті-үстіне санкциялар салып жатыр. Ресейдің кінәсі: ол Украинадан Қырымды заңсыз тартып алды – бұл іс жүзінде аннексия еді. Халықаралық тиянақтылық пен  халықаралық құқықтық  қалыптасқан шекараларды жоққа шығарумен бірдей. Ресей Украинаның Шығыс өлкелеріне әскер кіргізіп, сепаратистік ресейшілдік жалған республикалар – «Луганск пен Донецк Республикалары» ту көтерді де, олар Украинаның одан ары ыдырата түспек.  

Ресей мен Украина конфронтациясы 2014 жылдан басталып әлі  жалғасып келеді. Әрі, бұл соғыс тым ұзаққа созылып кетті. Ресейдің сыртқы саясаты Батыс елдерімен өшпенділесу жолымен келе жатыр. Ресейдің Батыс елдерімен  – ол АҚШ пен Еуропалық Одақ мемлекеттерімен жаңжалдасу-жалпы саны 30-дан астам елдермен жауласты дей бер. Батыс елдері Ресейге озық технология бермейтін болғаны, бұл жағдай  Ресейді ғылыми технологиялық мешулікке апарып соғуы мүмкін. Соңғы төрт-бес жыл аралығында Ресей экономикасы стагнацияға түсіп, тұрмыс дәрежесі төмендеп келеді. Ресей басшысы Қытай  басшысымен АҚШ-қа қарсы одақ құра алмады. Яғни, Ресей изгой, шыққыншы, «агрессор, терроризмнің спонсоры» атанып келеді. Соңғы жылдары Ресейдің абыройы төмендеп мұсылман шиит мемлекетерінің одақтасына айналды. Сүрияның алауит-шиит бастаған Асад режимін қолдап, сол сияқты Иранның шииттік сыртқы саясатын жақтағаны әлемдегі 90% мұсылман суннитердің ызасын тудыруда. Кеңес одағы КСРО келмеске кеткен тұста, «КСРО-ны қайта қалпына келтіремін» деп Ресей өзінің  империялық арам пиғылын көрсетуде. ҚР Президентінің бейбіт қатар сыртқы саясаты елімізді Ресей конфронтациясынан сақтап келеді. Сол сияқты еліміздің территориялық тұтастығы қамтамысыз етілді. Әрине бұл жағдай Қазақстан дипломатиясының нақты жемісі. Ресей мен Украина конфронтациясы, Ресей мен АҚШ қарсыластығы Ресейді «Екінші қырғи қабақ соғысына» апарды.[1]

Әрине, қазіргі жағдайы мүшкіл  Ресей бізге қарсы лаңкестік жасай алмас дейміз. Бірақ «жау жоқ деме жар астында». Айтар болсақ, Ресейдің жанама қарулы топтардың күшімен Приднестровьені Молдавиядан, Грузиямен 2008 жылы соғыс арқылы  Оңтүстік Осетияны, Абхазияны бөліп алғаны бар. [2] Қазақстан Каспий теңізінің халықаралық мәртебесін анықтап, бізге тиісті ең үлкен еншімізді нақтылап, заңдастырып алдық. Біздің тағы бір беймаза көршіміз – Иран. Ол қазір АҚШ пен Еуропалық Одақ мемлекеттерінің санкциялық қыспағында. Иран ядролық қаруды астыртын дайындауда деген де деректер бар. Сол ядролық қаруды Израильге, әлде басқа мемлекетке қолдана ма, ол жағы белгісіз. Сондықтан  АҚШ пен Еуропалық Одақ елдерінің  санкциялық қыспағы бекер емес деуге болады.

Әлемдегі ықпалды мемлекеттердің бірі – Қытай. Қытайдың экономикалық потенциалы әлемде екінші орында. Ал оның даму қарқыны АҚШ-тан да жоғары. Бірақ Қытай коммунистік идеологиядағы ел. Соңғы жылдары Қытай мемлекетінің экономикалық концепті Дэн Сяо Пиннің курсынан ауытқып кеткені анық байқалады. Сол сияқты ішкі саясатта маоизм саясатына  қайтып келу көрініс беруде. Бұған қоса, Қытайдың ұлттық азшылықтарына мұсылмандық терроризм айыбын тағып, қазақ этникалық азшылығын жаншу саясаты белең алды. Әрі оны Қытайдың ішкі ісі ретінде өзгелердің араласуына жол бермеу пиғылы да көрінді. Бірақ адам құқығы әлем мойындаған талап екенін Қытай да мойындайды. Соңғы уақытта бұл бағытта бірқатар «жылымық белгілерін» көріп тұрмыз. Қытайдың ұлттық азшылықтар саясатын жұмсартады деген үміт бар.  Үміт ақталса, қандастар ата мекенге оралса игі болар еді.

АҚШ – әлемдегі ең қуатты мемлекет. Құрама Штаттардың президенттігіне жұмсақ интеллектуал Обаманың орнына ірі бизнесте миллиардер Трамп келді. Трамптың экономикалық саясаты АҚШ-тың экономикасына жаңа қуат беріп, даму қарқынының өскенін байқаймыз. АҚШ-тың геосаясаты алдымен Еуропалық Одақты жуасытты, одан кейін Қытайды сабасына түсірді. Сонымен экономикалық геосаясат – «әділ сауда принциптері, сол сияқты интеллектуалдық құқықтықты мойындау» қалыпқа келді.

АҚШ, сонымен бірге иммигранттар елі деуге болады, тағы да миллиондаған адам көшіп келеді. Оларға жұмыс табу, жұмыссызарға пособие-ақшалай көмек беру сынды үкімет міндетін ауырлата түспек. Енді Латын Америкадан қара құрым босқын АҚШ шекарасын бұзып кірмек. Трамп президент ретінде босқындар толқынын темір-бетон қабырға салып, иммигрант нөпірін  тәртіпке келтіруге тырысуда. Әрине, елде Трамп бұл саясаты қатты сынға ұшырап жатқаны да мәлім.

Қазақстан АҚШ-пен стратегиялық әріптестік орнатқан. Енді еліміз кеңейтілген стратегиялық әріптестікті нығайтып келеді. Партнерство. Бұл жағдай Қазақстанның егемендігінің тағы бір кепілі болған экономикалық қатынастарды ынталандырып, инвестициялардың келуіне себепкер болмақ. Қазақстанның үш ірі көрші мемлекеттері АҚШ пен ЕО санкцияларға түскен елдер. Бұл ретте Қазақстанға АҚШ пен ЕО санкцияларының ережелерін бұзбау аса маңызды. Қазірге дейін, президент Назарбаев ондай жағдайға жол берген жоқ. Егер де сол шарттарды бұзса бізге шаралар қолданылады.

Барлық көрші мемлекеттермен Қазақстан  экономикалық қатынастарын дамытып келеді. Мәселен, темір жол күре тамырына айналған  Жібек Жолы Қытай мен Еуропаны темір жол  торабымен байланыстырып берді.[3] Ресейді айналып өтетін темір жол бізге де қолайлы болғаны анық. Қазақстан-Қытай экономикалық арақатынасы тез өсті. Сол сияқты Қазақстан-Түркменстан-Иран темір жолы экономикалық қатынастарды күшейтті.[4] Бұл темір жол бағыты Қытай – Қазақстан – Түркменстан – Иран, одан ары Персы шығанағына жол ашты. Сонау Лян Юн Ганнан басталған жол – транспорттық-логистикалық жүйе енді Қазақстан, Түркменстан, Иран, Парсы шығанағының Араб мемлекеттерімен Қытайға дейінгі саудаға жол ашты. «Жібек Жолы» темір маршрутының  потенциалы тағы да өсті.

Дереккөздер:

1.Азимбай Гали Новая мировая «холодная война». altyn-orda.kz. 13 октября, 2013

2. 10 лет назад Россия вторглась в Грузию. Хроника конфликта. https://nv.ua/world/geopolitics/rossijsko-gruzinskaja-vojna-2008-goda-63112.html

3. Валентин Шмид Шёлковый путь: огромный инфраструктурный проект Китая не соответствует экономической реальности.30.07.2017. https://inosmi.ru/economic/20170730/239935624.html

4. Потенциал ж/д маршрута Китай – Казахстан – Туркменистан – Иран представлен в Пекине

Организаторами мероприятия выступили посольства Казахстана, Туркменистана в Китае и АО "НК "Қазақстан темір жолы". 27 Апреля 2016. https://www.kazpravda.kz/news/ekonomika/potentsial-zhdmarshruta-kitai--kazahstan--turkmenistan--iranpredstavlenv-pekine

Әзімбай Ғали

Саясаттанушы

“The Qazaq Times”