Мәскеуде 17 жылдан кейін алғаш рет Ауғанстанда бейбітшілік орнату туралы сөз бола бастады. Диалог орнатуға Ауғанстан үкіметі төрт лауазымды тұлғасын Мәскеуге аттандырды. Мәскеудегі диалог үстеліне Талибан қозғалысы да алғаш рет өз өкілін аттандыруға келісім берді. Сондай-ақ, АҚШ бұл келіссөзге бақылаушы ретінде қатысса, үстел басында Үндістан, Қытай, Иран, Пәкістан өкілдері болмақ. Ауғанстан бейбітшілігін тақырып еткен бұл келіссөз «Мәскеу форматы» деп аталған.
Ауғанстан мәселесі Қазақстан үшін
Ауғанстан бізбен тікелей шекаралас болмаса да, өңірлес, жақын жатқан ел. Талибан қозғалысы елдегі билікке ұмтылғаннан кейін Ауғанстаннан тыныштық кетті. 11 қыркүйек оқиғасымен әлемге әйгі болған бұл елде, қазір Талибан топтары әлі де өз қуатын көрсетіп тұр. Оған Сүрия мен Ирак жерінде жеңіліс тапқан ДАИШ күштері де қосылуда. Тап қазіргі кезде Ауғанстан жағдайы көршілес елдерге ғана емес, тұтас Орта Азия, Орта Шығыс, Батыс Қытай үшін ең қауіпті мәселеге айналып үлгерді.
Ауғанстанда қазірге дейін болып жатқан қарулы қақтығыстар бір қарағанда сол елдің ішкі мәселесі және ол қалыпты жағдайдай көрінгенімен, шын мәнісінде бұл өңірдегі түрлі діни экстремистік топтарды құтыртып, билікті аударуға желіктіретін астыртын күш. Көршілес елдерде де тура сондай жағдай қалыптаспаған күннің өзінде, жиһадшылар, экстремистік топтарды өзіне тарту арқылы қуатты күшке айналып кетуі де ғажап емес.
Ауғанстандағы қарулы топтар ең әуелі Батыс Қытайға, яғни өзімен көршілес жатқан Шынжаңға күшті ықпал етер еді. Алайда, Қытай билігі бұның алдын алатын шараларды әсіре деңгейде орындап жатыр. Бұл мәселені айтпаса да көзқарақты жұртқа мәлім.
Қазақстандағы экстремизм жағдайы ел күн тәртібінің алдынғы кезегінде тұрмағанымен, егер ауған жерінде сұрапыл соғыс болып жатса, бұл Қазақстан және оған көршілес елдердің ең басты проблемасына айналмақ.
17 жылдан кейінгі Ауғанстанда жағдай қалай?
2001 жылы АҚШ бастаған коалиция күштері Ауғанстанға кірді. Мақсат Талибан қозғалысынан елді алып қалу. Алайда, 17 жыл өткен бүгінгі күнге дейін Талибан күштері сол баяғы қарсыласу күйінде тұр. Тіпті, соңғы бір-екі жыл көлемінде аталған террорлық топ бұрын қолдан кеткен территорияларын қайтарып алуға әрекет етуде.
Ауғанстандағы соғыс – Құрама Штат тарихындағы ең ұзаққа созылған соғыс. Уақыт алға озған сайын Ауғанстандағы жағдайы тіпті күрделілесіп бара жатыр. Тәліптердің қарулы шабуылдары барған сайын көбейіп, елдегі ықпал көлемі де арта түсуде. Тіпті, Ауғанстан үкіметімен байланыста АҚШ пен НАТО күштерінің бәсекелесі бола бастады.
Тамыздың бас шенінде тәліптер ел орталығына ең жақын орналасқан, әрі стратегиялық маңызға ие Газни қаласына шабуыл жасады. Ауғанстан үкіметіне қарасты армия оған АҚШ пен НАТО-ның әуе күштері берген қолдаудың арқасында ғана тұрыстық бере алды. Газниге шабуыл барысында тәліптер көп күшін жоғалтқан. Алайда, Талибанның бұл шабуылдарында елдің үрейін алу, елдегі ықпалын арттыру мақсаттары да бар екені айтылады. Айталық, олар Талибан ұйымының ықпалын көрсетіп, топқа жаңа мүшелердің көптен қосылуы үшін жасалған әрекеттер. Сондай-ақ, өзге ауғанстандықтарға Ауғанстан үкіметі мен қарулы күштерінің әлсіз екенін көрсетуге бағытталған қимылдары.
Соңғы уақыттарда Талибан ұйымы өзінің белсенді әрекеттері арқылы, елдің қай аймақ, қалаларында болсын шабуыл жасай алады дегенді көрсетіп жатыр. Неше жүздеген британдық, америкалық жауынгерлер оққа ұшқан Кандаһар мен Хелманд аймақтары қазір тәліптердің қарамағында.
Статистикалық мәліметтерді жүгінсек:
Ауғанстанда толықтай үкімет бақылауындағы аймақ 30 пайыз;
Талибан толығымен бақылауына алған аймақтар 30 пайыз;
Қақтығыс саны төмен аймақтар (үш айда бір рет шабуыл) 31 пайыз;
Қақтығыс саны орташа аймақтар (айына үш рет) 20 пайыз;
Қақтығыс ең көп туылатын аймақтар (аптасына екі рет) 15 пайыз;
Толассыз шабуылдар мен қақтығыстардан жай бұқаралар көптеп жапа шегуде. БҰҰ мәліметіне жүгінер болсақ 2017 жылдың өзінде, 10 мыңнан астам қарапайым тұрғын қарулы қақтығыста мерт болған. Ал, биылғы көрсеткіш одан да ауыр болады деп болжануда.
Трамп стратегиясы Ауғанстанға не берді?
Бір жыл бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп Ауғанстанға қаратқан жаңа стратегиясын жария еткен еді. Онда ол «АҚШ-тың соғыста жеңіске жетуі үшін» төрт бағытта соққы беретінін, осы арқылы Талибан тарабын үкіметпен келісімге келуге итермелейтінін аңғартқан.
1. Әскери әрекеттерді күшейту. Трамп Ауғанстандағы америкалық жауынгерлердің санын өсірді. Қазір ауған жерінде 14 мыңнан астам америкалық әскер тұр.
2. Талбибандардың қаржы көздерін жою. АҚШ әуе күштері бұл бағытта әуе күштері арқылы Талибанның есірткі өндіру орындарын жойды. Сонымен бірге, шетелдерден келетін қаржы бұлақтарын да кешіп тастады.
3. Тәліптерге қарсы қоғамдық пікір қалыптастыру. Тілптердің әрекеттерін талқыға салып, діни жиналыстарда оларды теріске шығару. Бұл талқылауларды түрлі діни топтарға да жүргізу.
4. Пәкістанды айыптау. Құрама Штат террорлық топтарға қолдау ісімен Пәкістанды айыптады және Талибан қозғалысының жетекшілерін ұстап көзін жоюға итермеледі.
Дегенмен, Трамптың бұл стратегиясы табысты жүзеге асып кеткен жоқ. Әуелі Құрама Штат әскери әрекеттер арқылы тәліптердің бірнеше жетекшілерінің көзін жойып, олардың ірге кеңейтуін тоқтатып тұрды. Алайда, олар өз бақылауындағы аймақтардан бәрі бірдей шегініп кеткен жоқ. Олардың қазірде жойқын шабуылдар ұйымдастыруға қуаты жетіп отыр. Оның үстіне кейбір батыс басылымдары АҚШ әуе шабуылдарынан жүздеген жай бұқаралардың да көз жұмып жатқанын алға тартуда.
Ал, тәліптердің есірткі өндіру орталықтары жойылса да, олар әлі де қаржылық қыспаққа түспей отыр. Тіпті, BBC хабарларының бірінде Талибанға қаржылық жәрдем көбейе түскен. Ал, Талибанған қарсы қоғамдық пікір қалыптастыру бірнеше елде жүрілді. Ол өз нәтижесін әлі толық көрсетіп болмады. Бірақ, үкіметпен келісімге келу бастамасына тәліптер «Америка қулығы» деп тойтарыс берді.
Осылардан кейін Уашинтгтонның өзі Трамп стратегиясының Ауғанстанда сәтсіз болғанын айта бастады.
Талибан ұйымы сірә қаншалықты қуатты?
2001 жылы АҚШ пен Ауғанстан үкіметі елде 15 мың қарулы содырдың бар екенін мәлімдеген. Содан бері неше мыңдаған қарулы содыр оққа ұшып, талайлаған содыр ұсталды. Алайда, бүгінгі күнде қаруланған тәліптердің саны 60 мыңға жуық деп болжанған.
Тәліптердің қарулы шабуылдары күшейген сайын, ауған армиясы тығырыққа тірелуде. Үкімет күштері қарсы тұруға бар күштерін салуда. Дегенмен, адам шығыны барған сайын көбейе түсуде. Әскери мамандардың тапшылығы мен армия ішіндегі жемқорлық мәселелері де қабаттаса түсті. Бұлардан тыс, елдегі ең негізгі екі саяси топтың қайшылығы да шаңырағын шайқалтып отыр.
Ауғанстан мәселесін қару шеше ме, қалам шеше ме?
Ауған жеріндегі ұзақ жылғы атыс-шабыстан кейін, толықтай демесек те, түгелге жуық тараптар Ауғанстан бейбітшілігін қарумен қолға келтірудің мүмкін емес екеніне көзі жеткендей болды. Маусымдағы айт мерекесі қарсаңында үкімет пен тәліптер арасында үш күн оқ шығармау келісімінің болғаны үміт отын жаққандай болды. Маусым да және АҚШ ресмилері мен тәліптердің жетекшілері кездесті. Екі жақ 7 жылдан кейін алғаш рет бетпе-бет кездесуге келді.
Бейбітшілік келіссөзі үшін тараптар толықтай бір-біріне сенімді болған жағдайды жаратуға тура келеді. Бұған АҚШ, Ресей, Қытай секілді ірі державалардан тартып, Үндістан, Пәкістан, Иран, Сауд Арабиясы қатарлы өңірлік ойыншылар, сондай-ақ, мүлде бейтарап елдердің де тартылғаны абзал екені анық көрінді.