Бүгін, 11 қазан күні Алматы қаласындағы М. Әуезов театрында Алаштың ардақты ұлы, қазақтың біртуар перзенттерінің бірі, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаны ақтық сапарға шығарып салу азалы жиыны өтті.
Қоштасу рәсімін Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетов бастап ашып, алғашқы қоштасу сөзін ҚР мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына берді. Азалы жұртқа көңіл айтқан Мұхамедиұлы президенттің көңіл айту жедел хатын оқыды.
Хатта: «Халқымыздың сүйікті перзенті Шерхан Мұртаза бүкіл ғұмырын еліміздің өркендеуіне, төл мәдениетіміз бен әдебиетіміздің дамуына арнаған біртуар азамат еді. Ұлт руханиятында өзіндік қолтаңбасы бар заңғар жазушы соңына мол мұра, өшпестей еңбегін қалдырды. Ол қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған нар тұлғалы қаламгер, дарынды қоғам қайраткері болды. Шерхан Мұртаза қазақ журналистерінің бірнеше буынын тәрбиелеген, ұлттық баспасөздің биік бәйтерегі еді.... Біз мемлекеттің іргесін қалаған жылдарда да жанымда жүріп, елдіктің көптеген ісіне зор үлес қосты. Шерхан Мұртазаның қазақ руханиятындағы орны мен жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды деп сенемін. Марқұмның топырағы торқа, иманы саламат болсын», – делінген.
Азалы жиында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахмет, ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, Парламент мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманұлы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Н. Оразалин және марқұмның туыстары атынан академик Оразалы Сәбден қатарлылар қоштасу сөзін сөйлеп, қайғылы жұртқа көңіл айтты.
Қазаға қайғырған Марқұмның балаларына, туған-туысына ел жұртына ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтан, Сенат төрағасы Қасымжомарт Тоқаевтан, Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығыматулиннен, мемлекеттік хатшы Гүлшара Наушақызынан, Нұр Отан партиясының төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтан, Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетовтен, сондай-ақ, сонау түрік елінен Еуразия Жазушылар одағынан, «Түріксой» ұйымынан, Осыман Түрік Академиясынан басқа да көптеген елдермен қоғамдық ұйымдардан көңіл айту хаттары келіп жеткен.
«Намыстың найзағайы», шындықтың шырақшысы аталған нар тұлға Шерхан Мұртазамен қоштасуға келген әлеумет театр залын толтырып, күңіренген жұрт ұлттың ұлағатты тұлғасын ақтық сапарға шығарып салды.
Марқұмның сүйегі Алатау бауырына жерленді.
Орыны толмас қазаға редакциямыз атынан барша қазаққа қайғыра отырып көңіл айтамыз! Бейіште нұрың шалқысын, топырағың торқа болсын, Шераға!