Зальцбург, Аустрия (Reuters агенттігі) – Еуропалық Одақ көшбасшылары Brexit шешімін талқылау мақсатында бейсенбіде кездесу өткізді. Кездесу барысында Одақ мүшелерінің пікірі қарама-қайшы болды. Бір көшбасшы «темір әйел» атанған Тэреза Мэйдің шешімін құптаса, екінші тарап Ұлыбританияның премьер-министрі саяси қысымнан құтылуы үшін алдымен Ирландық шекарадағы қауіпсіздік үшін кепілдік беру керек дейді.
Саммиттің екінші күнінде Аустрияға келген Еуропалық Одақтың басшылары мамыр айында Солтүстік Ирландияның Британдық провинциясы мен Ирландиядағы ЕО-ға мүше мемлекеттер арасындағы шекараға қатысты жоспарды талқылаған. Егер Лондон мен Брюссель Ұлыбритания мен Еуропалық Одақ шекарасын сақтауға арналған сауда пактісін дайындауда бір мәмілеге келе алмаса, Brexit мәселесі күрделенуі мүмкін. Сондай-ақ ЕО Солтүстік Ирландияға экономикалық қолдау көрсететін болады.
Зальцбургтегі саммитте Франция президенті Эммануэль Макрон: «Бізде бірыңғай нарықтың тұтастығына және ирландық шекараға қатысты өте айқын мақсаттар бар. Біз ЕО-дан шығу туралы келісім шеңберінде Мэйдің механизмін қолдаймыз және қашан да Британдық ұсынысқа мұқтажбыз», – деп мәлімдеді.
Мэйдің ұстанымымен келіспейтін қарсы топ премьерге сенімсіздік білдіретін жолдауды дайындап қойған. ВВС телеарнасы сараптамалық хабарлардың бірінде Тереза Мэй шешімінің мүлде сын көтермейтіні айтылды. Сол себепті оның елу шақты әріптесі бірлесіп министрлер кабинетінің жетекшісін биліктен кетіру үшін «саяси сценарий» құрастырған. Олардың ойынша, Мэйдің «мағынасыз мәлімдемесі мемлекетті құлдыратады».
«Бір оқпен екі қоян...»
Ұлыбритания мен Еуропалық Одақ Brexit бойынша келіссөздер арқылы үлкен саяси жетістікке қол жеткізу мақсатында көшбасшылар саммиті арқылы күш біріктірмек. Саммиттегі мемлекеттер үшін болашақта шешімін табуы тиіс басты мәселелердің бірі – экономикалық әріптестіктің нығаюы. Аустриядағы ЕО көшбасшыларының бейресми саммитінде журналистерге премьер-министр Тереза Мэй: «Алдағы уақытта қосымша саммит өте қажет. Себебі, қазан айында Еуропалық Кеңес яғни көшбасшылар саммиті өтеді. Осы мүмкіндік арқылы ЕО-дан шығу туралы келісімді прогрессивті түрде аяқтауымыз керек», – деді.
Сәрсенбі күні кешке көшбасшылардың екінші басқосуы кезінде «басты оппонент» Тереза Мэй өзінің әріптестеріне Солтүстік Ирландияның мәртебесіне тікелей қатысты қосымша ұсыныстар енгізіп, Brexit шешімін де талқылап, екі істі бір мезетте жүзеге асырмақ ниетте екендігін айтқан.
ПЛЮРАЛИЗМ: «Мэй айтқанынан қайтпайды!»
Британия үшін даулы мәселеге айналған Brexit жайлы пікірлер екіге бөлінді. Осы ретте Аустриядағы бейресми саммиттегі көшбасшылардың Brexit тақырыбына қатысты пікірлерін назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.
Франция президенті Эммануэль МАКРОН: «Біріншіден, мен Ирландия үкіметіне байланысты жоспар құрған адамдардың қатарында емеспін. Бірақ, бізде бірыңғай нарықтың тұтастығына және ирландиялық шекараға қатысты өте айқын қағидаттар бар. Ол наурыз айында іске асты және 27 мүшенің қолдауымен мақұлданды. Осылайша, біз ұжымдық ортақтастық табуымыз керек деп есептеймін. Сонымен қатар, Ұлыбританияның Одақ құрамынан шығу туралы келісім шеңберінде осы байланысты сақтап қалу туралы ұсыныс тастадық. Мен ешқашан құйтырқы істер мен алыпсатарлықты қолдамаймын. Маған шындықпен жұмыс істеу жеткілікті.»
Ирландия премьер-министрі Лео ВАРАДКАР: «Бүгін таңертең Тереза Мэймен және оның командасымен қазан айында, содан кейін қарашада тағы бір саммит өткізу туралы шешімге келдік. Ирландия – еш мәмілесіз «саяси сценарийден» құтылғысы келетін ел. Яғни біз дау тудырмай шекара мәселесін ретке келтіруіміз қажет. Осы мақсатта дайындалып жатырмыз.»
Еуропалық комиссияның төрағасы Жан-Клод ЮНКЕР: «Бұл мәміле, әрине, үш элементті қамтиды. Сондықтан Ұлыбританияның өтпелі кезеңнен кететініне қатысты келісімдер Ирландия аралында қатаң шекара болмайтынына кепілдік беруі қажет. Келісім жай ғана көз жұмып қарайтын дүние емес, бұл – жаңа қарым-қатынастардың келешегін баяндайтын бірлескен саяси декларация.»
Люксембург премьер-министрі Ксавьер БЕТТЕЛЬ: «Мэйдің шешімі құптарлық. Әлі де кейбір күрделі сәттер болуы мүмкін. Бірақ, қандай да бір келісімге келе алатынымызға толық сенімдімін.»
Аустрия канцлері Себастьян КУРЦ: «Өздеріңіз білесіздер, аталған тақырыпты ретке келтіру үшін бірнеше тәсілдерді қарастыруға әбден болады. Бірақ қадам оң болуы үшін екі тарап тез қимылдап, нақты, жүйелі шешім шығаруы тиіс. Сол кезде ғана айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізетін болады. Себебі, бұл – біржақты емес, екіжақты келісім.»