Британ корольдік теңіз флотының HMS Queen Elizabeth атты авиа-тасымал кемесі шабуылшы тобымен алғашқы «жаһандық орналасу» сапарын мамыр айында бастағалы отыр. Ондаған ядролық зымыран жасырулы шағын арал іспетті тасымал кемесі өзінің шабуыл тобының қорғауымен Азияға аттанбақ. Бұл сапарында ол Жапония, Корея, Үндістан және Сингапур елдеріне барады және сол елдердің әскери теңіз күштерімен бірлескен жаттығуларды да орындамақ.
Әлем назарын аудартатыны Elizabeth әуе-тасымал кемесінің шабуыл тобына корольдік теңіз флотының 45 типті эсминецтері – HMS Defender және HMS Diamond, 23 типті HMS Kent пен HMS Richmond фрегаттары, сондай-ақ, ең озық F -35B жойғыш ұшақтары, өзге де соғыс кемелері мен жауынгерлік ұшақтары қосылған. Осының бәрін қамтыған бір Elizabeth әуе-тасымал кемесінің соғыс қуаты кейбір орташа елдердің тұтас армиясына тең.
Аталған кеме тобының теңіз сапары 28 аптаға созылады, 26000 теңіз милін жүзіп, 40-тан астам елдерден өтеді. Олардың арасыннан Аустралия, Канада, Дания, Греция, Израиль, Үндістан, Италия, Жапония, Жаңа Зеландия, Оман, Оңтүстік Корея, Түркия және Біріккен Араб Әмірліктерінің әскери-әуе күштері мен әскери-теңіз күштерімен бірлескен операцияларды орындамақ.
Британ Қорғаныс министрлігінің кешегі мәлімдемесінде, бұл «жаһандық орналасу» сапары Үнді-Тынық мұхитындағы қорғаныс серіктестігін күшейтіп, аймақтың қауіпсіздігін бекем ете түседі. Британия бұл аймақта қорғаныс пен қауіпсіздікті ұзақ мерзімге қамтамасыз етуге ниетті.
Мұхиттар арасында қазір Үнді және Тынық мұхиты державалар арасындағы шиеленістің түйіні болып тұр. Әсіресе, Қытайдың Оңтүстік қытай теңізі мен Тайуан бұғазында жасап жатқан әрекеттері АҚШ пен оның одақтастарын алаңдатып отыр. Олар болашақта экономикалық дамудың жаңа моторына айналатын Оңтүстік Шығыс Азия аймағын Қытайдың ықпал-қатерінен қорғап қалуды көздеуде. Әлемдегі су жолдары арасында Шығыс Оңтүстік Азиядағы су жолдары жаһандық экономиканың күре тамыры қатарында бағаланады. Бұл аймақтағы ашықтық пен тұрақтылыққа Британия бастаған «Бескөз» елдері аса зәру. Осы мүдделерді қорғап қалу үшін Британ аймаққа қуатты кемелер тобын аттандыратынын былтыр жария еткен еді.