Соңғы жылдары әлем роботтардың неше түрін жасап, шығарып жатыр. Ал америкалық инженерлер басы мен кеудесі жоқ, тек қана аяғы бар роботтарды нарыққа ұсынды. Ол – Cassie деп аталады. Аталмыш роботтарды Орегон штатындағы (АҚШ-та) Университеттің инженерлері ұсынған.
Cassie-дің екі аяғы бар, бірақ кеудесі, басы мен қолы жоқ. Инженерлердің айтуынша, осындай болғаны тиімді. Себебі, кез келген жағдайларда, ауа-райына қарамастан да қызмет ете алады. Табиғи апаттарға ұшыраған, алыс аудандарға да дәрі-дәрмектер жеткізуге мүмкіндігі бар. Мамандар Cassie-ден робот-құтқарушы бола алатын потенциал байқаған.
Роботтың жүрісі түйеқұс жануарының жүрісіне ұқсайды. Ол тегін емес екен. Agility Robotics командасының инженерлерінің айтуынша, олар аппараттарының жақсы болып шығуы үшін, арнайы жануарлардың жүріс-тұрысын зерттеген. Мәселен түйеқұстың жылдамдығы 70 км/сағат. Cassie, әрине, оған әзірге жете қоймайды. Дегенмен, мамандар «алдағы уақытта тағы да күшімізді салып, жетілдіреміз. Сол кезде ол (Cassie) адамдармен жарыса алатындай болады» дейді.
Тағы бір ерекшелігі: егер Cassie құлап қалса, оған ешқандай «өлім» қаупі төнбейді. Сонымен қатар, өзге роботтарға қарағанда шыдамдылығы жоғары, энергия үнемдейді және бағасы арзан. Бұл – Agility Robotics тобының жасаған екінші түйеқұс жүрісті роботтары.
«The Qazaq Times»